Тозған жолдардың машақатынан қашан құтыламыз?
«Дидардың» редакциясында ұйымдастырылған кезекті тікелей байланысқа облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Жұмаділов келіп, газет оқырмандарының сауалдарына жауап берді.
Кәрімбек ҚАМЗИНОВ, Палатцы ауылы, Көкпекті ауданы:
– Біздің ауылдың тұрғындары былтыр осы тікелей байланысқа қоңырау шалып, Палатцы ауылына кіреберістегі жолды «ОблШығысжолдың» әрі-бері жүк тасыған ауыр техникалары әбден тоздырып кеткенін, мекеме осы 12 шақырымдық жолды жөндеп беретіндері туралы аудандық коммуналдық-шаруашылық бөліміне кепілдік хат бергеніне қарамастан жөндемей отырғандығын айтып, сіздердің тараптарыңыздан көмек сұраған едік. Ешқандай нәтиже болмады. 2010 жылы берілген кепілдік хаттың мерзімі де аяқталып қалды. Жол әлі жөнделген жоқ.
– Мен бұл мәселені өз бақылауыма аламын. Егер жолға ағымдық жөндеу жұмыстары қажет болса, шілде айынан бастап жөндеу қолға алынады. Басқадай жөндеуді қажет етсе, аудандық әкімдік тарапынан жолдың жобалық-сметалық құжаттары жасалуы қажет. 25-мамырдан кейін сіздер жаққа барамын, сонда мәселенің егжей-тегжейін анықтап, нәтижесін шығаруға уәде беремін.
Құмарбек СМАЙЛОВ, Көкжыра ауылы, Көкпекті ауданы:
– Самар мен Казнаковка аралығындағы Көкжыра ауылына бұрылатын тұсқа «мал жүреді», «жол бұрылысы» деген жол белгілерін қойсаңыздар. Жуықта ғана осы бұрылыста екі жылқыны көлік қағып кетті. Аудандық жол полициясына осы жайында үнемі айтып келе жатқанымызбен олар бұл шаруамен өздерінің айналыспайтындығын алға тартады.
– Үш күннің ішінде айтып отырған жол жиегіне орнатылуы тиіс арнайы белгілер қойылатын болады.
Тұрсынхан БАЗАРБАЕВ, Катонқарағай ауданы:
– Біздің аудандағы Жаңа үлгі – Жамбыл – Берел бағытындағы жолға күрделі жөндеу жүргізілетіні туралы көптен бері айтылып келе жатыр. Жол әйгілі Берел қорғандарына апарады. Бұл жолға жөндеу жүргізіле ме?
– Бұл жол аудандық маңыздағы жол. Жаңа үлгі – Жамбыл – Берел жолын жөндеу бойынша аудандық әкімдік аудандық бюджеттен қаржы бөліп, жобалық-сметалық құжаттарын жасаған болатын. Аталған жолды 2014 жылы күрделі жөндеуден өткізіп, асфальт төсеуге Көлік және коммуникация министрлігіне ұсыныс жіберілді. Құжаттар министрлікте қаралып жатыр. Бірақ әлі бекітілген жоқ. Сондықтан бұл жолдың жөнделуі қаржының қай уақытқа қарастырылатынына байланысты. Сондай-ақ, Берел қорғанына апаратын жолды елімізде жүзеге асырылып жатқан туризмді дамыту бағдарламасы арқылы да жөндеуге мүмкіндік бар. Сондықтан қай қаражат көзінен болмасын қаржы қарастырылып, бұл жол көп кешікпей жөнделеді.
Өнербек ҚОНЫСБАЕВ, Топтерек ауылы, Күршім ауданы:
– Өткелдегі паром жағдайының аудан тұрғындары үшін өте өзекті болып отырғаны белгілі. Екі үлкен паромның бірі жөнделеді деп естігелі біраз уақыт өтті. Сонымен бірге өткелден көпір салынады дегенге де ел елеңдеп отыр. Салынатын болса, оның құрылысы қашан басталады?
– 2012 жылдың көктемінен бастап облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ ұйтқы болуымен паромдарға иелік етіп отырған тұлғамен келісімдер жүргізіліп, нәтижесінде екіжақты ынтымақтастық меморандумы қабылданып, паром иесі паромдарды қайтарымсыз негізде облыстың коммуналдық меншігіне берген болатын. Банкте кепілдікте тұрған екі арнайы паромды Араб мемлекетінің азаматтары 80 млн. теңгеге сатып алып берді. Қазіргі күні облыстың коммуналдық меншігіне алынған «Енисей», «Иртыш» паромдары біздің басқарманың балансында тұр. «Енисей» паромына жөндеу жүргізіліп жатыр. Оған облыстық бюджеттен 167 млн. теңгедей қаржы қарастырылған болатын. Қазір 85 млн. теңгесі бөлінді, қалғаны жартыжылдық облыстық бюджетке нақтылау жүргізілген соң бөлінетін болады. Биылғы қыркүйек, қазан айына дейін «Енисей» паромы жұмысқа шығады. Одан соң екінші «Иртыш» паромына жөндеу жүргізілу басталады. Ол да келер жылға дейін шығатын болады. Одан соң кішкентай паромдардың бәрі тоқтатылады. Паромдарды қамтамасыз етумен «ОблШығысжол» мекемесі айналысады. Осы мекеменің Күршімдегі «ПДУ-5» деген мекемесі екі паромның қызметін қамтамасыз етеді. Қазір мекеме паромға қажетті қызметкерлерді жұмысқа алды, «ОблШығысжол» олардың қызметі үшін қаржы бөліп жатыр.
Ал көпірді кореялық компания салғалы отыр. Көпірдің құны өте жоғары, шамамен 25 млрд. теңге мөлшерінде. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Оған өздері қаражат бөліп отыр. Одан соң жобалау құжаттарын жасау қажет. Оның өзі шамамен 600 млн. теңге болады. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша салынады. Көпір Құйған ауылының маңындағы ең қысқа тұсынан салынбақ, оның өзінде ұзындығы бір шақырым 200 метрге дейін барады. Қазір Күршім, Көкпекті аудандары жерін бөліп берді. Әрі қарайғы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көпір жақын арадағы үш-төрт жылда салына қояды дей алмаймыз, өйткені өте күрделі құрылыс. Бірақ жұмыс басталды.
Сәрсенбай ҚАБДЕНОВ, Күршім ауылы:
– Күршім мен Қалжырдың арасындағы жол машақаты бір таусылмай қойды. Жөнделетін күні бола ма?
– Күршім мен Қалжырдың ортасы 131 шақырым, облыстық маңыздағы жол. Бұл жолға 20-25 жыл көлемінде жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Облыстық басшылық осыны назарға алып, халықтың өтініші бойынша 2010 жылы 15 шақырым жолға күрделі жөндеу басталған болатын. Бірақ қазір оның алты шақырымдайы ғана жөнделді. Биыл тағы бір үш шақырымы жөнделеді. Өйткені биылға бөлінген қаржы жеткіліксіз болып отыр. Негізі республикалық бюджеттен 241 млн. теңге бөліну керек болатын. Биыл 100 млн. теңге ғана бөлінді. Қалғаны келер жылы аяқталады. Бірақ біз оған қоса осы жол бойындағы 15 шақырым мен 40 шақырымның арасындағы 25 шақырымдық жолды орта жөндеуден өткіземіз, оған 260 млн. теңге бөлінді. Бұл жолды жөндеуді «Дороги Востока» ЖШС ұтып алған болатын. Қазір материалдарын дайындап, жөндеуді бастап жатыр. Сонымен биыл Күршім – Қалжыр бағытының 25 шақырымы жөндеуден өтеді.
Сондай-ақ, биыл Қалғұты ауылының тұсындағы өзендегі көпір де жөнделеді. Орнына жаңа көпір салынады. Ақбұлақ ауылының ар жағындағы Қалжыр өзенінен өтетін темір көпір де төмен түсіп кеткен болатын, биыл бұл көпірді де жөндеуге 235 млн. теңгедей ақша бөлінді. Оны зайсандық құрылыс компаниясы жүргізеді. Ол көпір де биыл жаңадан салынбақ.
Ж.ӨГІЗБАЕВ, Қайнар ауылы, Семей:
– Семей мен Қайнар тас жолына жөндеу жұмысы қашан жүргізіледі?
– 2013 жылы Аягөз – Қарауыл – Семей – Қайнар облыстық маңыздағы жолдарының 0-218 шақырымын күтіп ұстауға 65, 280 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі күні жолдың 146-218 шақырымының қиыршық тасты бөлігіне тегістеу жұмыстары жүргізіліп, 616 шаршы метріне шұңқырларды жамау жұмысы, 65-88 шақырымы аралығына жол кескінін түзеу бағытындағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2014 жылы Семей – Қайнар автомобиль жолының 120 шақырымына орташа жөндеу жүргізудің жобалық-сметалық құжаттары жасалып, жөндеуді Қайнар ауылынан бастап, Семей қаласы бағытында жүргізу жоспарланып отыр.
Леонид ТРОЦЕНКО, Риддер қаласы:
– Шемонайха мен Секисовка ауылдарының арасындағы жолдың кетеуі әбден кетіп тұр, неге жөнделмейді? Жол жөндеуге ескі техниканы қолданбай жаңа техниканы қолданса, жол сапасы әлдеқайда артар еді.
– Шемонайха – Секисовка автожолы әкімдік пен «Қазақмыс» корпорациясының сенімді басқаруына берілген болатын. Корпорацияның осы жолмен кен таситындығына орай. Кезінде облыстық бюджет есебінен Шемонайхадан Выдриха ауылына дейінгі жолға күрделі жөндеу жүргізілген болатын. 25 шақырымнан 54 шақырымға дейін. Иә, қазір жолдың жағдайы өте нашарлап кетті. Өткен жылдың соңында бұл жолды жалға алу мерзімі аяқталды. Бірақ біз корпорациямен жұмыс істеп жатырмыз. Корпорация басшысы Эдуард Огай келгенде бұл мәселе көтерілді. Қазір қайтадан келісімшарт жасасып жатырмыз. Олардың бізге айтып отырғанындай, корпорация жолды ағылшындық жаңа технология бойынша жөндеуден өткізбек. Биыл жолды жөндеуге қаржы қарастырылғандығын айтып, уәде беріп отыр. Дәстүрлі шұңқыр жамау жұмыстарын жүргізсе де, қалай болған күнде де жөндеу жүргіздіртеміз. Қазір келісімшарт жасау шаралары аяқталып қалды.
Жолды ескі тәсілмен жөндеу, ескі техниканы пайдалану, мұның бәрі қаржы тапшылығынан болып отырған жағдай. «Қазақавтодор» РКМ-нің облыстық филиалы биыл Ресейден жаңа технология бойынша жол төсейтін жалғыз техника сатып алды. Бір мезетте бірнеше қызметтерді қатар атқаратын жаңа техника Семей мен Өскемен аралығындағы республикалық маңыздағы жолда сынақтан өткізіліп жатыр. Егер жұмысы көңілден шықса, тағы да сатып алуға уәде беріп отыр.
Әлімжан ТҰРЛЫБЕКОВ, Үржар ауданы:
– Үржар – Семей бағытындағы жолға жөндеу жүргізіліп жатыр ма? Бұл – аймақтағы әбден тозығы жет-кен жолдың бірі.
– Бұл жол Таскескен – Бақты, Алматы – Өскемен бағыты деп бөлінеді. Таскескен – Бақты жолында осы уақытқа дейін 87 шақырым жөнделіп бітті. Биыл 40 шақырымы бітеді. 3 млрд. 89 млн. теңге биылға бөлінген. Өздеріңіз 92 шақырым дейтін, Алматы жолына шығарға дейінгі жол. Оған 27 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр. Ол біткен соң әрі қарай жұмыстар жалғаса береді. Ал Алматы – Өскемен жолына келетін болсақ, жаңағы 92 шақырымнан бастап Аягөз – Қалбатау екі ортаға қазір әр-әр жерден орта жөндеулер жүргізіліп жатыр. Шыңғожа ауылының тұсында биыл орта жөндеу жүргізілмек. Сосын Алматы – Өскемен жолының сегіз жарым шақырымына, одан кейін Аягөзден әрі қарай 24 шақырым жол орта жөндеуден өтеді. Бірақ өзіңіз айтып отырғандай, бұл жол бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген, бәрін бірден жаңарта қою қиын. Қазір Алматы – Өскемен жолына Алматы жақтан бастап қайта жаңарту жүргізіліп келеді.
Сонымен бірге қазір Қалбатау мен Өскеменнің ортасы Астана – Өскемен бағытындағы тікелей жол салу, жаңарту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаға кірді. Жоба Астана – Павлодар – Семей – Қалбатау – Өскемен бағыты болып бекітілді. Өскемен мен Қалбатаудың ортасына қазір жобалық-сметалық құжат жасауға қаржы бөлінді. Бұл жол 2016 жылға дейін бітуі керек.
Раушан АСЫЛБЕКОВА, Семей:
– Семейде көбінесе таксилер мен шағын көліктер ғана жүреді. Өскемендегі сияқты үлкен автобустар неге жүрмейді? Семейде «Сем-АЗ» автобус зауыты бар. Оларда шығарылып жатқан автобустар неге алдымен осы екі қалаға берілмейді? Сондай-ақ, Семейде автобустар түнгі сағат 22.00-ге дейін жүрмей, ерте тоқтап қалады. Осы мәселелерді шешуге көмектессеңіздер екен?
– Өткен жылы облыстағы жолаушы тасымалымен айналысатын тұлғалар осы зауыттың 26 автобусын сатып алды. Биыл тағы да он автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Зауыт шығарып жатқан автобус бағаларының өзге өндірушілермен салыстырғанда біршама қымбаттығы автобустарды көптеп сатып алуға кедергі келтіріп отыр. Бүгінгі күні облыстағы автобус парктерінің бәрі жекеменшіктің қолында. Сондықтан оларға аталған зауыттың автобустарын сатып ал деп айта алмаймыз. 2010 жылдан бастап қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Семейде қоғамдық тасымалдауды ұйымдастыру міндеті жергілікті атқарушы органға берілді. Көтеріп отырған мәселеңіз назарға алынып, алдағы уақытта жергілікті атқарушы органмен бірлесіп шешілетін болады.