Қыс қамы

Төбеден төнген қауіп

Мейрамтай Иманғали

Күн сәл жылынса, көңілге үрей ұялайды. Неге? Өйткені көпқабатты үйлердің шатырындағы сүңгі мұздардың құлау қаупі артады. Сондықтан да көшеге шыққанда абайламасаңыз, сүңгі мұз басыңызға құлап, майып етуі де  әбден мүмкін.  

Үйдің шатырындағы сүңгі мұздарға көз салсаңыз, бір жағынан өте әдемі! Нағыз өнер туындысы дерсіз! Шынында да, табиғаттан асқан ешқандай шебер жоқ. Бірақ шатырға ілініп тұрған сол сүңгі мұздардан тұрғындарға келер қауіп көп. Байқаусызда бірі басыңызға түссе, майып болуыңыз да ғажап емес. Ондай оқиғалар өзге қалаларда  ара-тұра болса да кездесіп жатады. Ендеше, күн жылынған сайын шатырдағы сүңгі мұздардың төменге құлау қаупі де арта түседі.

Өскемен қаласында әсіресе Назарбаев көшесінің бойымен жүру өте қауіпті. Жаяу жүргіншілерге арналған тротуар өте тар, ал жанындағы үйдің шатырында самсаған сүңгілер.

      – Мен осы Назарбаев көшесінің бойында тұрамын. Шынымды айтсам, жұмысқа барарда да, жұмыстан қайтарда да осы тротуармен жүруіме тура келеді. Басыма мұз құлап кете ме деп аялдамаға дұғамды оқып, әзер жетемін. Оның үстіне, дүкендер мен дәріханалардың барлығы көпқабатты үйдің астында орналасқан. Тіпті азық-түлік алу үшін де дүкенге әзер барамыз,  – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Анар Мұратова.

Иә, мұндай қауіп тұрғындардың барлығында да бар екені сөзсіз. Бір қуанарлығы, әзірге басына мұз сүңгі құлап, жарақаттанған ешкім жоқ. Тіпті соңғы бір-екі жылда бірде-бір ондай оқиға тіркелмеген екен. Әрине, оның бетін әрі қылсын. Бірақ тіркелмеді деп арқаны кеңге салуға да әсте болмайды. Дес де осы қыста Өскеменде шатырдан құлаған қардан екі көліктің зардап шеккені белгілі.

Міне, көктем жақындап келеді. Күн күрт жылынса, шатырдағы мұздан төнер қауіптің де артары сөзсіз. Білуімізше, кейбір өркениетті елдерде шатырды қатқан мұздардан тазалайтын арнайы қызмет бар көрінеді. Ал бізде ше? Мұндай шаруамен кім айналысады? Өскемендегі тұрғын үй қатынастары бөлімі қызметкерлерінің айтуынша,  «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес, меншік иелері ортақ мүлікті ұстау бойынша шараларды қабылдауға міндетті екен. Егер шығыс туралы сметада шатырды қар мен мұздан тазалау туралы бөлім жоқ болса, онда тұрғындардың өздері бұл мәселені жалпы жиналыста  қарастырып,  қаражат  жинап, шатырдағы мұзды тазалау туралы шешім қабылдауы тиіс көрінеді.

Сондай-ақ көпқабатты үйдің астында орналасқан бизнес нысандарының иелері де бұл мәселені шешуде немқұрайдылық танытпауы тиіс. Өйткені адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан да қала тұрғындарының қауіпсіздік мәселесі басты назарда болуға тиіс.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button