Қыс қамы

Қарлы аймақтағы қарқынды еңбек

Хасен Зәкәрия, Күршім

 Марқа өңіріне қардың мол жауатыны ежелден белгілі. Сөйтсе де оның биылғы қалыңдығы  көпті көрген ескікөздердің өздерін таңырқатып отырған сыңайлы. Аз уақыттың ішінде басып салған ақ ұлпа біртіндеп нығыздалып, қасат қарға айналды да, техника түгіл атты адамның жүруін қиындата бастады. Жаңа жылмен қабаттаса бораған неше күнгі бұрқасынның облыс көлеміндегі қозғалыс атаулыны тығырыққа тірегеніне бәріміз де куәміз.

Солай екен деп қол қусырып қарап отырудың жөні жоқ қой, сондықтан  қолда бар техниканы жұмылдырып, күн-түн деместен жол ашып, тынымсыз тер төккен жолшылардың еңбегін ешкім де теріске шығара алмас. Бұл бағытта негізгі шаруаларды атқарып жүрген Марқакөл ауылындағы «Теректі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысшылары нағыз жанқиярлықтың үлгісін көрсете білді. Соның нәтижесінде бұл өңірдің халқы ауа райының қиындығынан тығырыққа тіреліп, ауыртпалыққа душар болып  көрген емес. Жақында аудан әкімі А.Ақышов Марқа өңірінде қардың жылдағыдан қалың жауғанын, соған байланысты көктемде су тасқыны қатерінің мол болатынын атап айтып, оның алдын алу үшін жолдарды тазалап қана қоймай, оларды барынша кеңейтіп отыруды міндеттеп, өзінің орынбасары Қ.Әзімбаевқа нұсқау берген  болатын. Ол өз кезегінде «Теректі» коммуналдық шаруашылығының директоры Б.Иқамбаевқа нақты тапсырмалар жүктеген-ді. Бауыржан Амантайұлы өзіне артылған сенім үдесінен шыға біліп, аталған жұмысты көңілдегідей етіп орындап жатыр.

       –  Көнекөздер биылғы ауа райы сонау 1996, 2010 жылғы қаһарлы қыстардың қатаң мезеттерін қайталап тұр дегенді айтуда, –  дейді мекеме  директоры, жас та болса осынау берекелі ұжымға бас болып жүрген Бауыржан Иқамбаев. –  Бүгінге дейін бір жарым метр мөлшерінде қар түсіп қойды. Қыстың әлі екі айы бар екендігін есепке алар болсақ, қардың бұл өлшеммен шектеліп қалмайтыны түсінікті. Ендеше, қандай қиындыққа болсын әзір тұруымыз керек. Ал ол үшін бізде барлық жағдай бар.

Бауыржан Амантайұлы бұдан кейін өздерінің күнделікті атқарып жатқан шаруаларынан хабардар етіп өтті. Оның айтуынша, қар тазалау таңғы сағат 4-5-тер шамасынан басталып, ымырт үйірілгенше толассыз жүргізілетін көрінеді. Ауылдар арасындағы жолдар өз алдына, ауылдардың ішіндегі көшелердің қарын тазалау  да мұқият әрі тоқтаусыз жүзеге асырылып жатыр. Ең шеткері деген Шанағаты, Балықтыбұлақ, Қайнарлы ауылдарының жолдары тегіс тазаланып, ауыл ішіндегі қардың көбі жиналып, шығарылып тасталған екен. Жолшылардың қолында екі К-700, екі МТЗ-82 доңғалақты тракторлары, екі автогрейдер, үш тиегіш трактор, бес ДТ-75 шынжыр табанды тракторы бар. Төрт «Камаз» автокөлігі қар тасуға әркез даяр тұрады.

       –  Кейбір ауылдарда келісімшартпен ұстап отырған техникаларымыз да бар, –  дейді Б.Иқамбаев. –  Мәселен, Боран ауылында бір тиегіш трактор (погрузчик), Қалжырда осындай техниканың екеуі үнемі әзір тұрады. Олардың иелерімен екі жаққа да тиімді келісім жасалған. Сондай-ақ Шанағаты мен Балықтыбұлақта бір-бірден ДТ-75 бульдозері бар. Бұл техникалардың жанар-жағармайларын тегіс жеткізіп, әзірлеп қойғанбыз. Ауа райы күрт бұзылған жағдайда олар біздің тракторларды күтіп тұрмастан,  шамалары келгенше жолдарды, ауыл ішін тазалауға кірісе бастайды. Сөйтіп, біздің қуатты тракторлар көмекке жеткенше жолдардың мүлде жабылып қалмауы үшін барынша тырысып, өз үлестерін қосады. Бұлардың барлығы жергілікті азаматтар болғандықтан, ауылдастары алдындағы жауапкершілік жүгінің де салмақты екендігі сөзсіз. Оның үстіне тапқан еңбекақылары кешіктірілмей, уақытында беріліп отырады.

Осыдан соң мұндағы хал-ахуалды өз көзімізбен көріп қайтуды мақсат тұтқан біз жол тазалап жатқан жұмысшылармен жолығып, тілдесу үшін Қарой, Қайнарлы бағытындағы қалың қарлы учаскелерге аттандық. Бұл таулы өлкедегі қардың қалыңдығы шынында да ересен екен. Жол жақсылап ашылып, тегіс те майда қарлы даңғылға айналыпты. Енді бұл жердегі екі қуатты тиегіш трактор тағы да жел соқса күреп қойған жолды қайтадан қар алып қалмасын деген сақтықпен жол арнасын кеңейтіп күреп жатыр екен.

       –  Бұл адамдарымыз уақытпен санаспай, күн-түн деместен тынымсыз жұмыс істеп жатыр, – дейді Бауыржан Иқамбаев. –  Күнде Марқакөл ауылынан шапқылап отыратын болсақ, уақыттан да, жанар-жағармайдан да ұтылатынымыз даусыз ғой. Сондықтан УАЗ автокөлігінің бортына будка орнатып, ішіне шағын пеш қойдық. Төрт кісілік осы будкада тракторшылар кезекпен демалып, тамақтарын ішеді де, трактор тізгініне кезектесіп отырады. Нәтижесінде, жігіттер шаршамайды, жұмыс тоқтаусыз жүре береді.

Бұл айтылғандарды осы алып тракторларды тізгіндеген қажырлы азаматтар Мақсат Санбаев пен Талғат Молдабаев та қуаттады. Олардың әр сөзінен біз қыраулы қыстағы ауыр да жауапты жұмысты атқарып жүрген бейнетқор жандардың өз басшыларына риза, нәсіптерін тауып жүрген еңбектеріне ынталы екендіктерін айқын ұғынып тұрдық.

       –  Біз ежелден қатар тірлік кешіп, бірге еңбектенетін «Марқакөл жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен үнемі келісімде, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жұмыс істеп келе жатырмыз, – дейді Бауыржан Амантайұлы. –   Қысылған шақта техникамызбен, жанар-жағармаймен, немесе адамдарымызды жұмсай отырып, бір-бірімізге әркез тиянақты қолдау көрсетіп тұрамыз. Соның нәтижесінде береке-бірліктің адал жемісін татып, айтарлықтай пайдасын көріп келе жатқан жайымыз бар.

Осылай дей келе ол «Марқакөл жолдары» ЖШС басшысы Талант Амантаевқа шынайы ризашылығын білдіре кетті. Сонымен бірге шаруашылыққа барынша еңбек сіңіріп, өзгелерге әрдайым үлгі-өнеге  көрсетіп келе жатқан жоғарыда аталған Мақсат Санбаев, Талғат Молдабаевтың, сондай-ақ тракторшы Алмас Мұқаев, К-700-дің жүргізушісі Асқар Сәттібаев, автомобиль жүргізушісі Асхат Роянов, тракторшы әрі дәнекерлеуші Жанболат Мұстафин сияқты еңбекқор жандардың есімдерін бөле-жара атап өтті.

«Төртеу түгел болса  –  төбедегі келеді» дейді атам қазақ, сол айтқандай ұйымшылдықтың ұлағатты үлгісін көрсетіп, жұдырықтай жұмыла еңбектеніп келе жатқан марқакөлдік жолшылардың бүгінгі тыныс-тіршілігі талайға өнеге боларлықтай деңгейде деп батыл айта аламыз. Ендеше, бұл өңір халқының қаһарлы қыстан қысылмай, қауіп-қатерге ұрынбай шығатындарына кепілдік бар. Жұрт сенімін қапысыз ақтап келе жатқан жолшылардың ерен еңбектеріне көзімізді жеткізе отырып, біздің осындай ой түйгеніміз шындық еді.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button