ЖаңалықтарҚыс қамыТОП

Көмірді ертерек сатып алған абзал

Өскеменде әлеуметтік көмір саудасы қызып тұр.

Мамандар жеке тұрғын үй секторының халқын көмір алу шаруасын кейінге қалдырмауға шақыруда. Бүгінде Өскеменнің іргесіндегі «Сейком» ЖШС-нің қоймаларында жеткілікті мөлшердегі көмір қоры бар, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Қазір көмір қоры бар болғанымен, жағдай кез келген уақытта өзгеріп кетуі мүмкін екен. Бұл туралы көмір сатумен айналысатын «Сейком» серіктестігінің директоры Николай Кондратьев айтып отыр.

Басқасын қайдам, бүгінде облыс орталығында әлеуметтік көмір саудасы қызып тұр екен. Әлеуметтік көмір алушылар үшін қатты отын тоннасының бағасы 13 500 теңгені құрайды. Ал оны жеткізудің құны шамамен 10 мың теңгеге арзанырақ болатынын ескерсек, әлеуметтік көмір алушылар үшін бұл кәдімгідей көмек екенін түсінесіз. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, көмірдің нарықтық бағасы 14 мың теңге көлемінде болса, оны жеткізуге тағы шамамен 20 мыңдай төлеуіңіз керек.

Өскемен қаласының әкімдігінен хабарлағандай, бүгінде облыс орталығында әлеуметтік көмір алатын бес мыңнан астам отбасы бар.

– Осыдан шамамен бір ай бұрын Өскемен әкімдігі, «Қаражыра» АҚ, сондай-ақ Шығыс Қазақстан өңірінің Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің арасында әлеуметтік көмір жеткізу бойынша үшжақты меморандум жасалған болатын. Осының нәтижесінде әлеуметтік көмір алатын тұрғындар үшін қатты отынның бағасы 13 500 теңге көлемінде бекітіліп, жеткізу қызметінің құны да біршама төмендеген. Қазіргі уақытта ардагерлер қоғамдық бірлестігі қала бойынша жеткізуді ұйымдастыру үшін 25 автокөлік шығарып отыр, – дейді Шығыс Қазақстан өңірінің Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Олег Фролов.

Оның айтуынша, «Қаражыра» мекемесі әлеуметтік көмірдің коммерциялық көмірден айырма құнын өз есебінен төлейді. Осылайша, тұрғындар қатты отынның өз құны мен жеткізу бағасынан айтарлықтай мөлшердегі қаражат үнемдей алады. Жалпы, облысымызда мұндай жұмыстар осымен қатарынан 14-ші маусым жүргізіліп келе жатқанын айту керек.

– «Әлеуметтік көмір» жобасы 2009 жылдан бері жүзеге асырылуда. Бұл жоба «Қаражыра» АҚ есебінен төленетін ақыға негізделген. Міне, бүгін, өздеріңіз көріп тұрғандай, тұтынушымыздың біріне алты тонна мөлшерінде көмір жеткіздік. Сатушыға соның әр тоннасы үшін төленетін 500 теңгені «Қаражыра» компаниясы төледі. Сонымен қатар жеткізудің әлеуметтік бағасы да қарастырылған. Бүгінде қала сыртына жеткізу құны 12 500 теңге мөлшерінде. Осылайша, тұтынушы жылыту маусымында орта есеппен 10-12 мың теңге үнемдейді. Мұндай көмірді соғыс ардагерлері, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар мен өзге де  әлеуметтік осал санаттарға жататындар ала алады. Осы ретте былтырдан бері көмір бағасы бірнеше рет өскенін айтқым келеді. Сол себепті Өскемен қаласының тұрғындарына көмірді күні бұрын алып қоюға кеңес берер едім. Өйткені кейін көмір бағасы тағы көтеріліп кетуі мүмкін, – дейді Олег Фролов.

Ал «Сейком» ЖШС директоры Николай Кондратьев жыл басынан бері теміржол тұйығында көмір сатып алушылардың қарасы айтарлықтай аз болғанын айтады. Тек шілде айының ортасынан бері сұраныс біршама артқан.

– Өздеріңіз көріп тұрғандай, қоймаларымыздағы көмір қоры жеткілікті. Бүгінде 1 090 тоннадай көміріміз бар. Келісімшарт бойынша көмір «Қаражыра» АҚ-дан тұрақты түрде жеткізіліп тұрады. Әкімдікпен жасалған меморандумға сәйкес, біз тек көмір түсіретін алаңды ұсындық. Бұл жерде барлығы тұтынушыға байланысты. Ұзын-сонар кезек 15 шілдеден ғана басталды. Оған дейін көмір түсіру жұмыстары жүргізілген жоқ деуге болады. Біздің қызмет маусымдық екенін де түсіну керек. Мәселен, ақпаннан маусымға дейінгі аралықта көмір алатын жеке тұлғалар аз болады, бұл уақытта көмірді көбінесе мекемелерге жөнелтеміз. Ал соңғы екі апта көлемінде тұрғындар тарапынан да белсенділік артты. Осындайда, яғни сұраныс күрт артып кеткен жағдайларда қатты отынның жетпей қалып жататыны да бар. Халықтың ығына жығылып, сұрағанын беру әрдайым мүмкін бола бермейді. Сондықтан өткен аптадан бастап жеткізілетін көмір мөлшерін арттырдық. Қазір күніне орта есеппен тоғыз вагон келеді. Бір вагонда 70 тонна көмір бар, сонда күніне орта есеппен 630 тонна қатты отын түсіреміз, – дейді «Сейком» ЖШС директоры Николай Кондратьев.

Қысқа ерте қамданған тұрғындардың бірі Ольга Булина екен.

– Әлеуметтік көмір алып отырғанымыз алғаш рет емес. Соңғы екі жылда үйімізді электр қуаты арқылы жылыттық. Ал бұл – өте қымбат. Биыл тіптен қымбаттады. Сол себепті көмір  сатып алуды ұйғардық. Қысқа ертерек қамданып, мол көлемде көмір сатып алған түріміз ғой. Жалпы, көмірдің сапасы жақсы сияқты. Бұл мекемеден бұрын да көмір алатынбыз. Сондықтан қыстан қысылмай шығамыз деген сенім бар, – дейді Өскемен қаласындағы Согра ықшамауданының тұрғыны Ольга Булина.

Айта кетейік, әлеуметтік көмір сатып алғысы келетіндер жеткізу кестесіне тіркелу үшін Аумақтық басқару орталығының жергілікті филиалдарына өтінім беруге тиіс.

 

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button