Саясат

Тоқаев қандай студент болды?

Оның есімі Лю Шицинь. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария ұзақ жылғы оқытушылық қызметінде жүздеген шәкірт тәрбиелеп, талай жастың көкірегіне білім қондырған. Содан бері отыз жылдан артық уақыт өтсе де, алғаш көргенде-ақ қабілетімен көзге түскен қазақ студентін қарт ұстаз әлі ұмытпапты. Ұмытпады дейміз-ау, шәкіртінің биік дәрежесі мен жеткен жетістіктеріне үнемі марқайып жүретінін айтыпты.

Біз тілге тиек етіп отырған қазақ студенті – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

1983 жылдың қыркүйегінде Қасым-Жомарт Кемелұлы тіл үйрену үшін Қытайдағы Пекин тіл және мәдениет университетіне аттанады. Көрші елде өткізген бір жыл ішінде ол қытай тілі мен мәдениетін терең меңгеріп алады. Сол кездері аталған жоғары оқу орнында қызмет еткен Лю Шицинді арнайы іздеп барып, әңгімелескен Қытайдағы әріптесіміз Жанар Тоқтарбай зейнет жасындағы ұстаздың өткен шақтан сыр ақтара отырып айтқан әдемі естелігін жазып алыпты.
«Иә, әлі есімде. 1983 жылдың күзі болатын. Кеңес одағымен арадағы дипломатиялық байланыстың үзілгеніне жиырма жылға жуық уақыт өткенде тұңғыш рет кеңестік жастар Қытайға келді. Сондықтан олардың жас ерекшелігі, қытай тілінен сауаттылығы әртүрлі болды. Мен бұл студенттерге жаңалықтарды тыңдау (сараптау) пәнінен дәріс оқыдым. Сабақ аптасына екі рет өтті. Тоқаевты алғаш көргенде сұңғақ бойлы, үлкен мұрынды бозбала еді. Оның сабақты бар ықыласымен тыңдайтыны, ерекше ұқыптылығы есімде қалыпты. Дәріс кезінде ұстаздың әрбір сөзін мұқият жазып отыратын. Ол әңгімешіл, ақжарқын мінезімен де ерекшеленді. Айналасындағы адамдарды бірден баурап алып, тез тіл табысып кететін. Әсіресе, xалықаралық мәселелерді талқылағанды ұнататын. Оның ортаға салған ой-пікірлері салмақты әрі көңілге қонымды болатын.

Сабақтан кешіккен емес, сабаққа қатыспай қалған, тіпті сұранған кездері де болған жоқ. Қысқаша айтсам, мен білетін Тоқаев біріншіден, сабақты құлшыныспен, табандылықпен оқыды. Екіншіден, оқуын оқи жүріп сол кездегі қытай қоғамының дамуына ерекше назар аударды. Сондықтан сабақ үстінде алған білімін қоғамдағы мәселелермен байланыстыруға тырысатын. Үшіншіден, ол кішіпейіл, адамдарға көмек қолын созуға дайын тұратын. Мен атап өткен осы қасиеттер Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатиялық жолға түскенде, әсіресе БҰҰ-да абыройлы қызмет атқаруына негіз болды деп айта аламын.
Білімді шәкірт тәрбиелеу ұстаздың басты ұстанымы әрі мақтанышы. Мен осындай шәкірттерімнің жоғары жетістіктерге жетіп, биіктен көрініп жүргеніне қуанып отырамын» – деп ағынан жарылыпты Ли Шицинь.

Айта кетейік, Пекин тіл және мәдениет университетінде қытай тілі мен мәдениетін жан-жақты оқытады. Тарихы бай, тәжірибесі телегей оқу орнынан бүгінге дейін әлемнің 183 елінен 200 мыңның үстінде шетелдік студент түлеп ұшқан. Ең қызығы, осы түлектердің басым бөлігі қазір саясатта, академиялық, іскерлік салаларда жарқырап көрінген белгілі қайраткерлер мен тұлғаларға айналды. Атап айтсақ, олардың қатарында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Эфиопия елінің президенті болған Мулату Тешоме, Ресей Федерациясы сыртқы істер министрінің орынбасары Игорь Моргулов, америкалық физик, Нобель сыйлығының лауреаты Эрик Корнелл және басқалары бар.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button