Тоғыз бала сынақтан шеттетілген
Облыс орталығында төрт «Алтын белгі» иегері ҰБТ кезінде тыйым салынған заттарды пайдаланбақшы болғаны үшін емтиханнан қуылды. Жалпы алғанда тоғыз бала сынақтан шеттетілген. Олардың барлығы қазақ мектептерінің түлектері.
– Екінші күні тағы бір қазақ мектебінің түлектері емтиханға айтылған уақыттан кешігіңкіреп келді. Себебін сұрағанымызда балалар алдымен мешітке кіріп шыққандарын айтты. Жеке-жеке емес, мектепке жиналып, директоры бар, барлығы автобуспен барған. Бір күн бұрын тағы бір мектептің түлектері арасынан сынақтан аластатылғандар болғанын естіген ғой. Бұл – сұмдық. Балалардың санасын улау деп санаймын. Оқушы тек өз біліміне ғана сенгені дұрыс. Мешітке барып, мінәжет ету арқылы ҰБТ тапсыруды алғаш көріп тұрмын. Бұл келеңсіздіктің түбіне балта шабу керек, – дейді ШҚМТУ 1-проректоры Сәуле Рахметуллина.
Өкініштісі, жастарымыздың жүректегі имандылық пен дінге көзсіз бас ұрудың аражігін ажырата алмауы. Оған мектеп басшылығының қолдау көрсетіп отырғаны, меніңше, тіпті өрескел.
Кәмал Естай