Денсаулық сақтау

Тоқтап қалған жүректі қайта соқтырған

Семей қаласынан 150 шақырым жерде орналасқан Шошқалы тұзды көліне емделуге келген алматылық тұрғын бір ажалдан аман қалды.  Суға батып бара жатқан әйелді сол сәтте көл жағасында болған Семей қаласындағы  жедел медициналық жәрдем ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі,  хирург-дәрігер Базар Масғұтұлы құтқарып қалды. Жай құтқарып қалмай, зардап шегушінің  ауруханаға жеткенше екі рет тоқтап қалған жүрегінің қызметін қайта қалпына келтірген. Дәрігердің ерлігі жайында әлеуметтік желі қолданушылары жарыса жазды. 

«Осындай адамдарды үлгі ету керек! Марапаттау керек! Базар Масғұтұлы, сізге аман алып қалған өмір мен кәсібилігіңіз үшін алғыс айтамын! Сіз – нағыз батырсыз!» деген бағасын беді халық. Біз дәрігермен хабарласып, оқиғаның қалай болғанын өз аузынан естуді жөн көрдік.

Пандемия басталғалы  Базар Төлеуов отбасымен (Базар Масғұтұлының зайыбы да, ұлы мен келіні де дәрігер) коронавируспен күресте алғы шепте жүріп, демалудың да реті келмейді. Өзі провизорлық стационарда жүргенде коронавируспен ауырып тұрыпты. Уақыт тауып, табиғат аясына бір рет шыққанда, көл жағасында тұрып, бір әйелдің суда қарманып жатқанын байқап қалады. Аяқ астынан бұлшық еті тартылып қалған болу керек,  әйел суға шашалып, тұншыға бастайды.  Ойлануға мұрша жоқ,  дәрігер киімімен суға қойып кетеді. Жағаға алып шыққанда зардап шегуші ес-түссіз еді. Құтқарушы дереу жүрек-өкпе реанимациясын жасай бастайды, өйткені әйелдің  қан айналымы мен тыныс алуы тоқтап қалған болатын.

– Көкпеңбек түрін көргендегі алғашқы ойым «айырылып қалдық-ау» болғанымен, реанимациялық шараларды тоқтамастан жасай бердім. Отыз-қырық минуттай өткенде есін жия бастады.   Жүрек қызметі қалпына келген соң, әйелді енді тезірек ауруханаға жеткізудің амалын қарастырдық. Содан жедел жәрдем келгенше, өзіміз көлік тауып, жолға шықтық. Орман арасымен келе жатқанда жүрегі тоқтап қалды.   Дереу «ауыздан ауызға» жасанды желдету шарасын жүргізуге, жүрек массажын жасауға тура келді. Есін жиғанда, трассамен жүрдік. Уақыт жоғалтуға болмайды. Алайда біраздан кейін жүрегі екінші рет тоқтап қалды. Жолдың жиегіне тоқтай қалып, бұл жолы да берілмей, жүрегінің қызметін қайта қалпына келтіруге жанталастым, – деп есіне алады құтқарушы дәрігер.

Осы кезде алдарынан жедел жәрдем көлігі де көрінеді. Бригадада жап-жас фельдшер мамандар. Базар Масғұтұлы дереу өзінің  ауруханасына хабарласып, реаниматолог мамандардың дайын болуын сұрайды. Содан Семейге жеткенше өзі бас-көз болып барады.

Реаниматологтардың науқасты аурухананың босағасынан қарсы алғандары оңды болған. Зардап шегушіні бірден өкпені жасанды желдету аппаратына қосады. Екі күндей аппаратта жатып, есін жинайды. Науқас өзіне не болғанын түсінбепті де. «Мен қайдамын? Не болды?»  деген сұрағына Базар Масғұтұлы «сізге аздап суық тиіп қалды » депті. Осылайша, сауатты әрі дер кезінде жасалған реанимациялық шаралардың нәтижесінде біреуге ана, біреуге әже, біреудің жары, алматылық 57 жастағы әйел аман-есен қалады.  Бір ажалдың тырнағынан қалған науқастың бала-шағасы, туған-туыстары жан-жақтан жиналыпты, тіпті шетелден  ұшып келгендері де бар. Қазір ол кісі жазылып шығып, отбасымен қауышқан.

Базар Масғұтұлы мұндай жағдай өмірінде бірінші рет болғанымен, өзінің іс-әрекетін ерлік деп  санамайды.

-Шынымды айтсам, тіпті ыңғайсыз екен. Жан-жақтан әріптестерім, таныстарым хабарласып, ерлік жасағанымды айтып, жақсы тілектерін білдіріп жатыр. Пациенттің жүрегі бірнеше рет тоқтап қалып, қайта іске қосылуы өте сирек кездеседі. Мыңнан бір жағдай болуы мүмкін. Бірақ бұл менің ғана  еңбегім емес. Алдымен, көретін жарығы таусылмаған болып тұр ғой. Екіншіден, аман-есен жазылып шығуы әріптестерімнің кәсіби шеберліктерінің жемісі дер едім, – дейді Базар Төлеуов.

Біз қиын сәтте абдырап қалмай, мамандығына адалдығын көрсете білген дәрігердің де, әріптестерінің де біліктілігіне бас иеміз. Әйтпегенде бір отбасы аңырап қалар ма еді?!

Базар Масғұтұлы Семей медициналық университетінің 1994 жылғы түлегі. Хирург болып істегеніне ширек ғасырдан асыпты. Төлеуовтардың отбасын дәрігерлер династиясы деп айтуға әбден болады. Зайыбы да, ұлы мен келіні де дәрігер. Екінші ұлы да Семей мемлекеттік медициналық университетінің студенті екен. Кенже қызы он бірінші сынып оқушысы, әзірге мамандығын таңдамаған көрінеді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button