Түлектеріміз көрші елдің жоғары оқу орнын таңдауға неге құштар?
Соңғы кездері аймағымызда мектеп бітірушілердің өз білімдерін ары қарай жетілдіру мақсатында шетелдерге кетуі үрдіске айналып барады. Әсіресе, облысымызбен көршілес Ресейдің Новосібір, Барнаул, Томск сияқты ірі қалаларының жоғары және арнаулы оқу орындарына түсіп, білімін сол жақта арттыруға құштарлық жастардың қатары азаймай тұр. Нақтырақ айтар болсақ, Өскемен қаласының, Бородулиха, Шемонайха, Глубокое аудандарының мектептерін бітірген түлектердің жоғарыда аталған қалаларға оқуға түсу фактісі тіркеліп отыр.
Соңғы 5 жылда 300 мектеп бітіруші өзге мемлекетке кеткен
Облыстық білім басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, соңғы бес жыл көлемінде, яғни, 2009-2014 жылдар аралығында облыс бойынша 1940 түлек мектепті бітірген соң республикадан тыс өңірлерге кеткен. Оның 1600-і жоғары оқу орындарына түскен, қалған 340-ы жұмысқа орналасқан. Ал Өскемен қалалық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, соңғы бес жылда жыл сайын 200-300 түлек шетелдің оқу орындарына түсіп отырады екен. Бұл жағдай, әсіресе, орыс тілінде оқытатын Өскемендегі №10, №12, №38 мектептер мен Қазақстан-Ресей гимназиясы түлектері арасында көптеп кездеседі.
– Жоғарыдағы мәліметтер көрсеткендей, біздің облыстан жылына 380 түлек шетел асады екен. Ал облыс бойынша жылына 12-13 мың оқушы мектеп бітірсе, бұл өте төмен пайыздық көрсеткішті құрайды. Олай болса, облыс әкімдігі, жоғары оқу орындары, бұқаралық ақпарат құралдары неге алаңдаушылық білдіріп отыр? Біздің ойымызша, бұл – нақты мәлімет емес, – дейді Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Людмила Гейцман. Л.Гейцман өз сөзінде елімізден кетіп жатқан түлектердің ол жақта қандай мамандықтарда оқып жатқандарымен ешкім айналыспайтынын да жеткізді.
Түлектердің Ресейдің жоғары оқу орындарына жаппай түсіп жатқандарының бір себебі – ол жақта Қазақстаннан барған мектеп бітірушілердің ұлттық бірыңғай тестілеуден жинаған балдары назарға алынбайтын көрінеді. Соның нәтижесінде еліміздегі білім беру жүйесіне енгеніне 10 жылдан астам уақыт болған ұлттық бірыңғай тестілеуге үрке қарап, дәстүрлі емтихан тапсырып, шет мемлекеттердің жеңілдігінің жетегінде кетіп жатқан жастар баршылық. Сонымен қатар ол жақта елімізден барған түлектерге жақсы материалдық жағдай жасалған. Жоғары шәкіртақы және жатақханамен, сондай-ақ, оқу бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмыспен қамтамасыз ету көзделген.
Шәкіртақы жоғары, жұмысқа тұру жеңіл дейді. Ал бізде ше?
Сөзіміз дәлелді болу үшін біз Ресейде оқып жүрген бірнеше қазақстандық студенттермен тілдескен едік. Солардың бірі – Анастасия Ковширина. Ол 2013 жылы Зырян қаласындағы №12 мектеп-лицейді тәмамдаған екен. Ресейдің жоғары оқу орнын таңдаған Анастасия ұлттық бірыңғай тестілеудің орнына дәстүрлі емтихан тапсырғанын айтады. Бүгінде ол Новосібір мемлекеттік техникалық университетінде техникалық мамандық бойынша білім алуда.
– Қазақстан азаматтарына Ресейде жақсы мүмкіндіктер қарастырылған. Жоғарғы мөлшердегі шәкіртақы және келешекте сол елде жұмысқа тұруға мүмкіндіктер бар. Оқып жатқан оқу орнымның білім беруіне көңілім толады, – дейді Анастасия.
«Оқуыңды тәмамдаған соң Қазақстанға ораласың ба?» деген сауалымызға: – Дәл қазір дөп басып айта алмаймын. Бұл Қазақстанды жамандағаным емес, Қазақстан – менің туған жерім, Отаным, тек әлі де оқуым керек, – деп өз ойын ашық айтты.
Ал Руслан есімді студенттің айтуынша, Ресейдің оқу орнын таңдау себебі, ол жақта Қазақстанға қарағанда оқуға түсу жеңіл.
– Оның үстіне менің оқу үлгерімім жақсы болды деп айта алмаймын. Сондықтан ҰБТ-дан жоғары бал алып, еліміздегі оқу орындарының біріне түсуім екіталай болды, – дейді ол.
Қазіргі кезде Руслан Новосібір мемлекеттік техникалық университетінің энергетика факультетінде білім алуда. Болашаққа әлі жоспар құрмаған студент елімізге оралатыны немесе оралмайтыны жайында жақ ашпады.
Жоғарыдағы студенттердің пікірлерінен байқағанымыз, олардың оқуын бітірген соң елімізге қайтып оралатын-оралмайтыны белгісіз. Осы ретте «біз Ресейдің оқу орындарына донор болып отырған жоқпыз ба?» деген ой туындайды.
Білім іздеп, шетел асып жатқан отандастарымыз еліміздің баға жетпес байлығы емес пе?
Бүгінгі таңда елімізде жас ұрпақтың білім алып, салауатты өмір сүруіне барлық жағдайлар жасалуда. Заман талабына сай жаңа балабақшалар, мектептер, спорт кешендері салынып, ана мен бала орталықтары жұмыс істеуде.
Облыстық білім басқармасының жоспарлау бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, әр жеткіншекке жылына орташа есеппен:
балабақша тәрбиеленушілеріне -264 000 теңге;
жалпы білім беретін мектеп оқушыларына – 310 000 теңге;
колледж студенттеріне – 410 000 теңге қаржы жұмсалады екен. Бұған бала ана құрсағына түскеннен бастап көрсетілетін медициналық тегін көмек пен жөргекпұлды, тағы басқаларын қосыңыз. Осыншама қаражат, білім, тәрбие бере отырып, олардың басқа мемлекетте оқуына мүмкіндіктер жасап, шетел асқан, әсіресе, Ресейге оқуға кеткен түлектердің оқуларын бітіргеннен кейін елімізге оралмай сол жақта қалып қоюларына неге енжарлықпен қараймыз?
Бұл жөнінде биылғы мұғалімдердің тамыз кеңесінде облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ айтып өткен болатын.
Он бір жыл білім беріп, оқытып-тоқытқан жастың шетел асып, білімін толықтырған соң туған еліне оралмауы – қала, облыс деңгейінде ғана емес, ел болып ойланатын түйінді мәселе. Сондықтан тиісті орындар бұл мәселеге дер кезінде назар аударып, дер кезінде тиісті шараларды қолға алар деп сенеміз.
Назерке Ахметова