Президент тапсырмасы

Түгенделген алқаптар текке жатпауы тиіс

        Түгенделген алқаптар текке жатпауы тиіс

Елбасы пайдаланылмай жатқан жерлерді түгендеп, айналымға енгізуді, әлдеқашан жекеменшікке берілсе де әлі күнге дейін бір қада қағылмай бос тұрған үлескілерді мемлекетке қайтадан қайтарып, алқаптарды күтіп ұстауды Үкіметтің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, жергілікті биліктің алдына басты міндет етіп қойды.

Өткен жылы облыстық жер қатынастары басқармасы Глубокое, Үржар, Бородулиха, Ұлан, Шемонайха, Күршім аудандары мен Семей қаласы аумағындағы жерлерге түгендеу жүргізген болатын. Бір ғана Семей қаласы бойынша түгендеу нәтижесінде 95 мың гектар жердің игерілмей жатқаны анықталған. Басым бөлігі жайылымдық, егістік, тың жер болып отырған осы алқаптарды ауылшаруашылық мақсаттарына беру шаралары жүргізіліп жатыр.
Биыл республикалық бюджеттен бөлінген 38671,5 мың теңге есебінен Аягөз, Катонқарағай, Тарбағатай, Бесқарағай аудандарының жерлеріне түгендеу жүргізіліп бітті.

– Түгендеу жұмыстарын аудандардағы жер қатынастары, ауыл шаруашылығы бөлімдері, ауыл әкімдерінен құрылған жұмыс комиссиясы жүргізді. Өңірде облыс Әкімі орынбасарының төрағалығымен құрылған жұмыс тобы түгендеудің шынайы әрі нақтылы жүргізілуін қадағалап отырды. Шара барысында жұмыс істеп жатқан шаруашылық субъектілерінің нақты саны, олардың пайдаланып отырған жерлерінің аумағы анықталып, есептік құжаттарда көрсетілген деректермен сәйкес келмеуінің себептері зерттеліп, бекітілді, – дейді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков.

Төрт ауданның жерін түгендеудің қорытындысында 3215,8 мың гектар ауыл шаруашылығына пайдалануға жарамды жер тіркелінген.

Соның 521,3 мың гектар алқабы пайдаланылмай отыр. 480,6 мың гектары жайылымдық жер, 30 мың гектары жыртылған және тыңайған, 10 мың гектары шабындық жер.

Аудандардың арасында әсіресе, Аягөз, Тарбағатай өңірлерінде ешкімге қажетсіз болып, иесіз, текке жатқан алқаптар көп екені анықталған. Аягөз ауданында пайдаланылмай келе жатқан 247,4 мың гектардың 232,3 мың гектары мал тұяғы тимеген жайылымдық жер екен. Мал шаруашылығы бағытындағы Тарбағатай ауданында да 177,9 мың гектар жайылым иен жатыр.

Жер қатынастары басқармасының мамандары жердің пайдаланылмай жатуының басты себептерін тізбелеп айтып берді. Оның ең бастылары – жайылымдық жерлерде судың болмауы, алқаптардың жұтаңдығы мен құнарсыздығы, мал басының жоқтығы, қаражаттың болмауы. Ауыл жұртының өзге жаққа қоныс аударып жатуы да жердің пайдаланылмай қалуына әкеліп соғып отырған жәйі бар.

Түгендеу барысында Аягөз, Бесқарағай, Тарбағатай аудандарында жалпы аумағы 24 мың гектардан асатын тыңайған жерлер есепке алынған. Ол жерлердің қазіргі жағдайы, сапасы анықталып, жайылымдық, суармалы, шабындық жер мақсаттарына пайдалануға ұсынылыпты.

Биылғы түгендеу аталған аудандарда тозығы жетіп, күтімсіз қалған егістік алқаптарының да аз емес екенін көрсетіп отыр. Құнарлылығынан айырылған 20,4 мың гектар да шабындық, жайылымдық жер үшін пайдалануға жатқызылыпты.
– Жерді тоздырмас үшін ұтымды пайдаланып, күтіп ұстау керек. Бұдан былай әрбір алқапқа не егіліп жатқаны бақылауға алынып, жер иесіне жерді тиімді пайдалану міндеттеледі. Жерге залал келтіргендерден алқаптарды қайтарып алу жағы да қарастырылып отыр. «Ішкі шаруашылықтағы жерді күтіп ұстау» деп аталатын осы саладағы жаңа жоба жерді тоздырмай, күтіп, баптауға бағытталған. Осы уақытқа дейін облыста бірнеше жүздеген жер пайдаланушылармен аталған жоба аясында келісімшарт жасалынды. Бұрынғыдай бірнеше жыл қатарынан күнбағыс егіп, жердің құтын қашыратындар жауапқа тартылады, ережеге сай пайдаланбағандарға айыппұл салынады. Күнбағысты бір рет еккен соң ол жерге алты-жеті жылдан соң барып қана екінші қайтара өнім егілуі тиіс. Қазір мұны екінің бірі сақтап отырған жоқ, соның салдарынан жер бүлінуге ұшырап жатыр, – дейді жер қатынастары басқармасының басшысы.

Бүгінгі күні Бесқарағай, Аягөз, Катонқарағай, Тарбағатай аудандарында 20 мың гектарға жуық суармалы жер болса, соның 1,5 мың алқабы ғана жақсы жағдайдағы суландыру желсімен қамтылған. 13 мың гектарды суландырып тұрған құрылғылар қайта жаңалауды қажет етсе, бес мың гектарға жуық суармалы жердің суландыру техникалары түгел бұзылған екен. Жерді күтіп пайдаланып, өнімділігін арттыруда суармалы алқаптардың жеткілікті мөлшерде суару жабдықтармен қамтылмай отыруы көлденең тұрған мәселенің бірі болып отыр.

Бір кездері мыңғырған малға толған өрістердің тарылып кетуі де дәл осы судың салдары деуге болады. Су жоқ жерде мал-жан болмайды. Қазір өңірлердегі мал жайылымдарында бастау, өзендерді қоса есептегенде 1213 сумен қамту көздері бар көрінеді.

Келер жылдан бастап құдық қазып, орнатқан шаруа қожалықтары мен ауыл кәсіпкерлеріне мемлекет оған кеткен шығынның 80 пайызын қайтарып бермек. Бұл – «Агробизнес-2020» бағдарламасындағы ауыл шаруашылығын дамытуда алдымен қолға алынған шаруаның бірі. Пайдаланылмай жатқан жайылымдарды тиімді пайдалануға бұл қолдаудың үлкен ықпал ететіні сөзсіз екендігін айтады сала мамандары. Қазір аудандардан құдық орнатуға орай ұсынылған өтінімдер жиналып , министрлікке жолданған.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button