Технология

Темір күшік Loona

Ынтымақ Толқын

 Тұрмыстық электрониканың жазғы көрмесінде KEYi Technology компаниясы үй жануарының озық үлгісін ұсынды. Loona деп аталатын робот күшік көрмеге келушілердің назарын бірден баурап алды.

2022 жылдың жазында өткен көрмеде тұрмыстық техниканың соңғы үлгілері таныстырылды. Солардың арасынан жұрттың көзіне бірден шалынғаны – Loona. Бұл роботтың басты ерекшелігі – үй жануарын алмастыра алуында. Темір күшікті жасаушылардың айтуынша, робот кәдімгі күшік жасайтын барлық қылықтарды қайталай алады. Оның үстіне робот – ойынқұмар. Роботпен ойнағыңыз келсе болғаны, иесіне еркелей жөнеледі. Аталмыш техника 700-ден астам эмоциялық әрекетке жауап бере алады. Оны иттің құлақтарынан немесе жасаған іс-қимылынан аңғара аласыз.

Loona өз иесін көптің арасынан қиналмай табады. Ол бір мезетте 20 адамның бейнесін ажырата алады. Соңғы үлгідегі жоғары технологиялы камераларының арқасында иесінің көңіл-күйін жылдам түсініп, соған сай жауап қайтарады.  IOS және Android платформаларына арналған бағдарламаның көмегімен күшікті еркін басқарып, тың ойындарды да енгізуіңізге болады.

Ықшам көлемінің арқасында үй ішінде Loona жылдам әрі еркін қозғалады. Оның аяғына кезек-кезек қосылатын төрт дөңгелек орнатылған. Соның арқасында ол тегіс емес жерлерде еш кедергісіз жүруге қабілетті. Ал темір итке соңғы үлгідегі Cortex A53 процессоры орнатылған.

Жұмысбастылық салдарынан көп адам үй жануарын ұстай алмай жатады. Тіпті, итті қатты жақсы көріп, ойнағысы келсе де, көңіл бөліп, қарай алмайды. Темір күшікті жасауға да осы жағдай шабыт сыйлаған.

Loona тек ойынға арналған робот емес. Оған орнатылған жасанды интеллек балаңыздың дамуына және сабақ үлгерімін жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар әлемнің кез келген бұрышында жүріп үйіңізде не болып жатқанынан Loona арқылы хабардар болып отырасыз.

Темір күшік ән салып, би де билей алады. Бағасы – 200-250 мың доллар шамасында.

 

 

Осы айдарда

Back to top button