Саяхатқа арналған экзоқаңқа
Ынтымақ Толқын
Экстремалды туризмді ұнататындар үшін қытай өнертапқыштары арнайы экзоқаңқа жасады. Жүгіңізді жеңілдетіп, жүрісіңізді жылдамдататын құрылғы таулы аймақтарда таптырмас серігіңізге айналмақ.
Табиғат аясында саяхаттап, тау-тасты кезіп жүрудің өзі адамға ерекше әсер сыйлайды. Әсіресе, көрсең көзің тоймайтын біздің елдің сай-саласын аралағанға не жетсін. Алайда, елсіз жерге шыққан соң алып жүрер жүгің де ауырлап, қолайсыздық тудыратыны тағы бар. Осы мәселенің шешімін шанхайлық өнерпатқыштар ұсынған стартап шешкен. Hypershell Omega деп аталатын экзоқаңқа экстремалды саяхатшылар үшін ең ыңғайлы құрылғыға айналған. Салмағы 2 килограмдық қаңқа саяхатшының арқасына 30 килограмға дейінгі жүкті оңай алып жүруіне мүмкіндік туғызады. Қытайлық компания ұсынған осы жаңалық таулы аймақтарға жиі саяхаттайтындардың қызығушылығын тудырған.
Hypershell Omega бір белсенді және сегіз пассивті буындардан, сондай-ақ жасанды интеллекті мультисенсорлық жүйемен жабдықталған. Жасанды интеллект адамның қозғалысын бақылау арқылы жүрістің алгоритмін жасап, арқадағы жүктің салмағын сездірмейді.
Экзоқаңқада жүгіру, серуендеу, тауға шығу, велосипедпен жүру сынды әр түрлі 9 режим бар. Сонымен қатар аталмыш құрылғы адам жүрісін де айтарлықтай жылдамдатып, аяққа түсетін ауыртпалықты да азайтады. Экзоқаңқа пайдаланушының бойына қарай реттелгендіктен барлығына бірдей қызмет ете алады. Оның толық бір заряды 25 километрлік жолды еңсеруге жеткілікті. Сондай-ақ Hypershell Omega-ның бүктемелі болуы оны сөмкеге салып алуға да ыңғайлы.
Экстремалды саяхатқа арналған қаңқаның құны 180 мың теңге шамасында. Hypershell Omegaға тапсырыс қабылдау қыркүйек айынан басталмақ.