Ел жаңалықтары

Темірден түйін түйеді

Аягөз қаласының іргесіне орналасқан Мамырсу  ауылында қолынан іс келетін жігіттер аз емес. Солардың бірі – Серік Әлжекеев. Серік өзінің үшінші топтағы мүгедектер санатына жататындығын ойлап еш мұңайған емес. Керісінше, аяқ-қолдары бүтін, тепсе, темір үзетін атпал азаматтардан кем жұмыс істемейді.

Он саусағынан өнер тамған Секеңді «темірден түйін түйеді» деуге болады. Ол жасаған темір қақпа, пеш, қоршаулар сапалылығымен ерекшеленеді. Үйлерге жылу құбырын тартады. Сондықтан да оның еңбегі еш болып көрмепті.Тіпті Мамырсуды қойып, көршілес ауылдардан, Аягөз қаласынан іздеп келіп, Серікке тапсырыс беріп жататындарды көрдік. Онкологиялық сырқатқа шалдыққан жас жігіттің аяғын қара санынан кескенде, сырттай еш қынжылыс білдірмегенімен, оңашада алдағы болашағының қай қиырға бастайтынын ойлап іштей қамығатын-ды. Алайда туабітті қайсар жігіт мұнысын ешкімге де байқатпайтын. Алматыға барып, бір аяқты сонда қалдырып кеткен ол келер жылы жұмысқа да шығып кетті. Осы ауылдағы жиһаз жасайтын Төлеген деген жігітпен бірігіп диван, кресло, төсек, үстел секілді тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасады. Кейін «Балжан» шеберханасында Кәкен ағасымен бірге темір дәнекерлеуді үйренді.

-Шеберханада Кәкен ағадан үйренгенім көп болды десем, қателеспеймін. Аға өзінің барлық білетінін маған үйретті. Бір күні Аягөз аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан Гүлмира Саттарқызы «Бастау» бағдарламасы арқылы 505 мың теңге алып, өзімнің жеке ісімді бастауыма мүмкіндік бар екендігін айтты. Бастабында бұл не деген батпан құйрық дегендей сенбегенім рас. Кейін бір ай оқуын оқып, оны облыс орталығына барып сәтті қорғап келгесін, тиісті қаржы қолыма тие салысымен, арнайы дәнекерлегіш құрылғы сатып алдым. Қазір өзіңіз көріп тұрғандай, ауламда жұртқа қызмет ете беремін,-деп жымияды мамырсулық Серік Әлжекеев. Ауылдастарының алғысын арқалап жүрген Серік өзінің жан жары Баян екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр. Алды Семейдің медициналық университетінде екінші курс студенті көрінеді. Нұрыш ақсақал мен Бақытқан ана да перзенттері Серіктің бұлтарысы мен бұралаңы көп өмір атты айдында өз жолын тапқанына қуанышты.

-Өйткені мемлекет тарапынан беріліп отырған осындай жәрдемнің арқасында қаншама отбасы өз шаңырақтарын шайқалтпай отыр,-дейді олар ризашылықпен.

Берікхан Тайжігіт                                                                                                                         

Осы айдарда

Back to top button