Тегін дұрыс жаза алмау тексіздіктің белгісі емес пе?..

Біз осы неге әлі күнге дейін аты-жөнімізді дұрыстап жаза алмай жүрміз? Тегін дұрыстап жазу тектіліктің, атын ана тілінің грамматикасына сай жазу азаматтықтың айғағы емес пе? Әлемде көптеген ұлтты аты-жөніне қарап-ақ айыруға болады. Ал бізде ше?
18 жылда екі миллион қазақ қана тегін ауыстырыпты
Біздің елде есіміне ажырғыдай жабысқан «ов» пен «евті» әкесіндей ардақтап, «ова» мен «еваны» «мәңгілік құлай сүйетіндердің» қатары қаншама. Олар бір елдің ұлттық болмысына кір келтіргендерімен қоймай, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына да бойұсынбай жүргендерін біле ме екен, осы?
Білмесеңіз, есіңізге салайық. Осыдан 18 жыл бұрын, яғни, 1996 жылғы 2 ақпанда Елбасының қолы қойылған Жарлықта «Қазақстан Республикасы азаматтарының тегi мен әкесiнiң атын қазақша жазу тәжiрибесiн қазақ халқының қалыптасқан тарихи дәстүрлерiне сәйкес келтiру жөнiндегi көптеген өтiнiш-тiлектерiн ескере келiп, қаулы етемiн:
1. Ұлты қазақ азаматтар өздерiнiң тегi мен әкесiнiң атының жазылуын қазақ тiлiне тән емес аффикстi алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда, тегi мен әкесiнiң атының түбiрлiк негiзi сақталуы тиiс. Бұл ретте әкесiнiң атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздерi қосылып, бiрге жазылады.
2. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын және жеке басының куәлігін берген кезде құжаттандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган осы Жарлықтың 1-тармағында көзделгендей, тегі мен әкесінің атының жазылуын оңайлатылған тәртіппен, азаматтық хал-ахуалын жазу актілеріне өзгерістер енгізусіз жүргізеді деп белгіленсін» делінген.
Өкінішке қарай, қазірге дейін бұл Жарлықтың мәнін ұғып, есіміне егемендік әпергендердің қатары сирек. Сол 18 жылдан бері 10 миллионға жуық қазақтың екі-ақ миллионы тегінен қазақылықтың иісін аңқыта алған. Ал қалғандары ше? Қалғандарында сылтау көп. Олардың көбі: «тегімізді қазақ тілінің грамматикасына сай ауыстырайық десек, қағаз жұмыстары көп, уақыт жоқ» десе, енді бірқыдыруы: «Менің туу туралы куәлігімнен бастап, дипломыма дейінгі барлық құжаттар осы тегіме сай жазылған, олардың бәрін ауыстырғанша, жүре берейін» дейді. «Бізді қойшы, зейнет жасына таяп қалдық, жастардың өзгерткені дұрыс деп» ертең-ақ өмірден өтіп кетердей сезініп, ақыл айтатындардың қатары да жоқ емес. Тіпті, «тегіңізді неге дұрыстап жазғызып алмайсыз?» десең, ыңыршағын бауырына алып тулап: «овта» тұрған не бар, қазақтың басқа кемшіліктерін жөндеп алсаңдаршы» дейтіндер де кездесетіні жасырын емес. Ал бойынан ұлттық рухы өшпеген қандастарға аз да болса көмегіміз тиіп, ұлттық болмысымызды ұлықтау үшін тегін түзеп қалар деген дәмемен, біздер жоғарыдағы бірнеше мәселе төңірегінде арнайы мамандардың кеңесін тыңдап, әлімізше ой таразысынан өткізген едік.
Роза Төлемісова, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастика және талдау бөлімінің басшысы:
– Біздің елде азаматтардың тегін жазу біркелкі емес. Содан барып, әркім әрқалай жазып кете берген. Негізі азаматтардың ең әуелі тегі, реті бойынша өз есімі, әкесінің аты жазылуы керек. Мысалға, өз атымды алар болсам, Төлеміс Роза Әшімханқызы болып жазылуы керек. Егер адамның ұлты қазақ болса, қазақ тілінің грамматикасына сай жазылады. Біз жыл сайын осы мәселеге байланысты көптеген шара өткіземіз. Тегімді ана тіліміздің грамматикасына сай дұрыстап жазам деушілерге ешқандай кедергі жоқ, олар біздің тарапымыздан өтетін акцияларға қатысатын болса, тіптен жеңіл болады.
Ал Өскемен қалалық әділет басқармасы азаматтардың хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөлімінің басшысы Дәмеш Мейірманова болса, жоғарыдағы мәселелердің барлығы тек сылтау ғана екенін айтады. Оның айтуынша, егер азаматтар аты-жөнінде жүрген кінараттарды жөндеткісі келсе, тек жеке куәлігін ғана өзгертеді екен. Ал туу туралы куәлік, мектеп бітіру куәлігі, диплом сынды құжаттарды өзгертудің еш қажеті жоқ. Осы орайда Дәмеш Әукәрімқызы кейбір мекемелерде отырған қызметкерлер өз жұмысын толық білмейтіндіктен, жеке куәлігін өзгерткен кісілерден басы артық анықтамалар сұрап, әуре-сарсаңға салып қоятынын да жасырмады. Сондықтан, ондай әуреге түсуден қорыққан азаматтар «аш құлақтан, тиыш құлақ артық» деп жүре беретін көрінеді.
Ел болам десең, есіміңді түзе

Кейбір қазақ азаматтары өзінің тегінен «ов», «евтерді» алып тастау былай тұрсын, олардың аты-жөнінің жазылуы орыс тілінің грамматикасына сай бұрмаланғандарын да кездестіруге болады. Өкініштісі сол, мұндай келеңсіздіктер еліміз егемендікке ие болғаннан кейінгі жылдары жеке куәліктерін алған жастарда да көптеп кездеседі. Бұл дегеніңіз ұлттық болмысымызға сын емес пе?!
«Ақсағын қойып, сауын бақ» дейді көреген қазақ. Бір кездері билеуші ұлттың ықпалымен жазылып кеткен орта буыннан жоғары азаматтардың тегін тектей алмасақ та, бүгінгі буынның кемшілігін шектеуге болатын еді ғой. Біз осы ойдың жетегінде тағы да мамандарға жүгіндік.
Нәресте өмірге келген соң оның алғашқы куәлігін беретін орын – АХАТ бөлімі. Олар сәбидің есімін дұрыстап жазуға ықпал ете алса, ұлттық еңсеміздің де тіктеле түсері шындық. Дәмеш Мейірманованың сөзіне сенсек, соңғы жылдары олар да мұндай мүмкіндіктерінен айырылған. Себебі, туу туралы куәлікті АХАТ бөлімі бергенімен, азаматтардың құжаттарын халыққа қызмет көрсету орталығы (ЦОН) қабылдайды екен.
– Өскеменде биыл 3780 қазақ бала дүниеге келсе, оның 3495-сі қазақи дәстүрге сай туу куәлігін алған. Бұрын біз мүмкіндігімізше, өтініш берген қазақ азаматына балаларының атын қазақ тілінің грамматикасына сай жазуға ықпал ететінбіз. Тіпті, түсіндіру жұмыстарын да жүргізетінбіз. Әйтпесе, қарапайым халықтың барлығы бірдей 1996 жылы шыққан Президент Жарлығын біле бермейді ғой. Қазір олардың құжаттарын халыққа қызмет көрсету орталығы қабылдайтындықтан, өтініш иесімен бетпе-бет жүздесе алмаймыз, – дейді Дәмеш Мейірманова.
Биыл облыс көлемінде 14787 қаракөздеріміз дүниеге келсе, оның 10553-і қазақи дәстүрге сай туу туралы куәлік алған. Айта кетейік, туылған нәрестелердің тегін ұлттық дәстүрге сай жазғандардың ішінде 100 пайыздық көрсеткішпен Ұлан, Тарбағатай аудандары көш бастап тұр. Ал Абай ауданы мен Семей қаласы бұл көштің алдыңғы легінде көрінбейді.
Көш соңында Риддер қаласы, Шемонайха, Зырян аудандары.
Азаматтың есімін дұрыс жазуға ықпал ете алатын тағы бір орын ішкі істер басқармасы көрінеді. Өйткені, әр азамат жеке куәлігін сол орыннан алады. Өскемен қалалық ішкі істер басқармасы көші-қон полициясы бөлімінің қызметкері Лилия Жұмәділованың да айтары сол: «құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталығы қабылдайды, біз тек сол құжаттар негізінде ғана жұмыс жасаймыз» дегенге сайды. Ал халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері болса: «біз де шамамыз келгенше түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, бірақ, кейбір адамдар өз дегенін істетеді» дейді шарасыз күйде.
PS. Қарап отырсаңыз, аты-жөні бұрмаланғанына қарамай, «дегенін істететін» сол адамдардың көбінің тілі де шұбарланып кеткен. Тіпті, олардың қайсыбірі ел алдында жүр. Бұл да үлкен мәселені аңғартса керек. Сонда деймін-ау, тегін дұрыс жаза алмай жүрген сол азаматтар кімге тұтқа болмақ?!
Бұл бәлкім, бәз біреулерге шамына тиер сөз сияқты болып көрінуі де мүмкін. Мейлі, тегіңді түзе дегенге от алып, қопаға түсетіндер түсінбей-ақ қойсын, дегенмен, санасы түзік қалың ел үдере қарсылық етпесі хақ.
Мұратхан Кенжеханұлы