Тазылардың тегеуірінін байқады
Үржар аудандық жастар ресурстық орталығы мен өңір аңшылары бірлесіп, «Салбуырын-2020» турнирін өткізді. Осындағы 27 ауылдық округтен 35 тазы қатысқан іс-шара барысында қазақтың таза қанды тазыларының жылдамдығы мен алғырлығын анықтау мақсатында олар әртүрлі сынақтан өтті.
Ұйымдастырушылар бірінші тур бойынша бір жарым, екі жасар күшік тазыларды борсыққа салды. Екінші тур «Шырға салу» деп аталып, олардың жылдамдығын анықтау үшін тазылар көлік соңына байланған түлкі терісін қуып жетуі тиіс болды. Сонымен, тазы жылдамдығын анықтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара барысында бірінші орынды үржарлық Серік Құсайыновтың, екінші орынды таскескендік Ерлан Дінисламовтың, үшінші орынды Лайбұлақ ауылынан Дәурен Құлыбаевтың ұшқыр тазылары жеңіп алды. Сондай-ақ борсыққа түсу амалы барысында мақаншылық Аманбек Дүкеновтің тазысы өзінің айлакерлігі мен жылдамдығын дәлелдеп, бірінші орынды иеленсе, екінші орынды Үржар ауылынан Серік Құсайыновтың, үшінші орынды Жоғарғы Егінсу ауылынан Сұлтан Қазыкеновтің тазылары жеңіп алды.
– Жоғарғы Егінсу ауылының жазығында өткен іс-шара барысында халқымыздың таза қанды қазақи тазыларының әуселесін бір байқадық, – дейді оны ұйымдастырушылардың бірі Мадияр Дидарұлы. – Ұшқыр тазының мәртебесін халқымыз ежелден жоғары қойып, баптаған. Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы қазақ халқының қол бостағы ермегі ғой. Турнирге Жоғарғы Егінсу, Егінсу, Үржар, Алтыншоқы ауылдарынан қызығушылар көп келді. Алда осындай салт-дәстүрімізді насихаттайтын іс-шараларды жиірек өткізуді жоспарлап отырмыз.
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.