Тағы да тың бастамаларды алға тарттық
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бастаған Шығыс Қазақстанның ресми делегациясы «Алтай – біздің ортақ үйіміз» атты халықаралық үйлестіру кеңесі жұмысының 10 жылдық қорытындыларына арналған іс-шараларға қатысты. Бұл шара Ресей Федерациясы, Алтай өлкесінің Белокуриха (суретте) қаласында өтті.
Халықаралық үйлестіру кеңесінің 12-ші мәжілісіне осынау бірегей халықаралық ұйымға қатысушы төрт елдің алты өңірінен делегаттар жиналды. Атап айтар болсақ, ұйымның құрамына Шығыс Қазақстан облысының (Қазақстан Республикасы), Алтай өлкесі мен Алтай Республикасының (Ресей Федерациясы), Синьцзянь-Ұйғыр автономды районының (Қытай Халық Республикасы), Баян-Өлгей және Қобда аймақтарының (Моңғолия) мемлекеттік билік органдары өкілдері енеді.
Мәжіліске қатысушыларды Ресей Федерациясы Президентінің Сібір федералды округіндегі өкілетті өкілі Виктор Толоконский, сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы іскерлік кеңесінің басқарма төрағасы Марат Шаршекеев құттықтады. Ресей Федерациясы Алтай өлкесінің губернаторы Александр Карлин кіріспе баяндама жасады. Ол, әсіресе, кеңес жұмыс істеген он жыл ішінде өлке мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы үш есеге ұлғайғанын атап өтті. Алтай өлкесі үшін экономикалық өзара тиімді ынтымақтастық саласында Шығыс Қазақстанның алар орны ерекше. Екі өңір барынша тығыз әрі жан-жақты байланыстар орнатқан.
Халықаралық форумның барлық қатысушыларының Шығыс Қазақстан облысының Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ баяндамасын қызыға әрі тағатсыздана күткені рас. Өңіріміздің басшысы атап өткендей, біздегі жылдық аймақтық жалпы өнім екі триллион теңгеге жақындап қалды. Серпінді индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру да айтарлықтай нәтиже беріп отыр, аталмыш бағдарлама қазақстандық өсіп-өркендеудің негізі болып табылады. Тірек елді мекендерді, шағын шаһарларды дамыту, бүлдіршіндері балабақшамен қамту, баспаналарды терможаңғырту және өзге де тек қазақстандық «ноу-хау» болып табылатын бағдарламалар Үлкен Алтай өкілдерінің қызығушылығын туғызып отыр. Осы жерде атап өтерлік тағы бір жайт, аталмыш бағдарламаларды іске асыруда Шығыс Қазақстан көш басынан көрініп келеді.
Бердібек САПАРБАЕВ басқосу барысында бірқатар тың бастамаларды да алға тартты. Айталық, ол Үлкен Алтайдың әрбір аймағында халықаралық үйлестіру кеңесіне мүше өлкелердің сауда үйлерін ашуды, «Үлкен Алтайдың алтын дауысы» атты халықаралық фестивальды жыл сайын өткізіп тұруды ұсынды. Сонымен қатар, әрбір аймақта балалар демалысына арналған халықаралық лагерьлер жұмысын ұйымдастыру идеясы да бар. Студенттердің құрылыс жасақтарымен алмасу ісін қолға алу да артық етпейді, мұндай алмасулар Шығыс Қазақстан мен Беларусь Республикасы арасында іске асырылып тұрады.
Мәжілісте Алтай аймағындағы барлық субъектілердің өкілдері сөз сөйледі. Мұнымен қоса, осы күндері «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесінің аясында «Үлкен Алтай – өркениеттердің тоғысқан жері» халықаралық конференциясы, сондай-ақ, «Алтай. Дамудың жаңа межелері» халықаралық жастар форумы өтті. Бұл шараларға да Шығыс Қазақстан облысының өкілдері қатысты.