Облыс әкімі: іссапар

Тарбағатайды түлетудің кешенді жоспары

Тарбағатай ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметов Ақжар ауылындағы Мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесіп, шекаралық аудандардың біріне жататын «Тарбағатай ауданын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» елге таныстырып, жұртпен бірге талқылады.

Бес ауданға бес жылда 207 млрд. теңге бөлінеді

Кездесуге аймақ басшысымен бірге орынбасарлары және облыстық басқармалар басшылары арнайы келіп, өз салалары бойынша ауданда алдағы бес жылда қолға алынатын шаруаларды баяндап, жеке мәселелерімен жүгінген ауыл тұрғындарын қабылдады.

– Менің тапсырмам бойынша құрылған жұмыс тобы шекарада орналасқан Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Зайсан және Үржар аудандарының соңғы бес жылдағы жағдайын зерттеді. Бүгінгі таңда Қытаймен шекаралас аудандарда 194 мың адам немесе облыс тұрғындарының 14%-ы тұрады және бұл аудандардың барлығында да халық санының азаюы байқалады, – деген облыс әкімі өңірлерге барып қайтқан облыстық жұмыс тобы сапарларының нәтижесінде шекарадағы бес ауданды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленгенін атады.

– Біздің мақсат – әлеуметтік міндеттерді шешу, жұмыспен қамту, өмір сүруге қолайлы жағдай жасау. Жоспарда шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіп кешенін дамыту, инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік сала нысандарын жаңғырту бойынша нақты іс-шаралар көзделген. Бес ауданға құйылатын жалпы инвестиция сомасы 207 млрд. теңгені құрайды. Соның ішінде осы Тарбағатай ауданына 34,5 млрд. теңге бюджет және жеке инвестициялар қаржысын тарту қарастырылып отыр. Қаржының қайда, қалай жұмсалатынын біз арнайы газетке жариялап, бірге талқылау үшін сіздерге алып келдік, қазір басқарма басшылары кезекпен баян етеді, – деген Даниал Ахметов алғашқы сөзді облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділоваға берді.

Басқарма басшысының айтуынша, ауданның білім беру жүйесін дамыту үшін 5 жылда облыс бюджетінен 1 475 млн. теңге қарастырылған. 2020-2021 жылдары 8 білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 747,6 млн. теңге бөлінген. Оның ішінде 2020 жылы Ш.Уалиханов атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарына 261,5 млн. теңге, 2021 жылы 5 мектеп, екі балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстарына 486,1 млн. теңге қарастырылған.

2020-2024 жылдары 34 білім беру мекемелеріне жалпы құны 676,7 млн. теңге сомасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

– Аудандағы 61 білім беру ұйымының жеке меншік балабақшаларды қоспағанда 42-сіне (68,9 %) жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал қалған 19 білім беру мекемесінің 9 мектеп пен бір балабақшасы 2010-2017 жылдар аралығында салынған жаңа ғимараттар. Осыған орай, 2020-2024 жылдар аралығында аудандағы барлық мектептерде оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдайлар жасалады, – деді Сайрангүл Жұмәділова.

2019-2021 жылдарға арналған көптілді білім беруді дамытудың кешенді жоспары аясында 70 тіл мұғалімін оқыту жоспарланса, сондай-ақ инклюзивті білім берудің кешенді бағдарламасы аясында биыл 67 мұғалім курстан өтпек, оған 2,2 млн. теңге қарастырылған. Осылайша, екі жыл ішінде курстық оқуды аяқтаған мұғалімдердің үлесі 100%-ға жетпек.

 

Босанатын әйелдер енді облысқа бармайды

Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда денсаулық сақтау саласының алатын орны бөлек. Ауданда бұл саланы дамыту жайын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан баяндады.

Аймақтың бас дәрігерінің айтқандарына сүйенсек, кешенді жоспар жүзеге асырылатын бес жыл ішінде денсаулық сақтау саласын дамытуға 1,8 млрд. теңге қаржы бөлінбек. 2020 жылы Ақжар ауылындағы ауданаралық аурухана және Ақсуат ауылындағы аудандық орталық аурухананың қазандығы күрделі жөндеуден өткізіледі.

– Тарбағатай ауданының ауданаралық ауруханасында перзентхана бөлімшесінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қосымша 38 бірлік құрал-жабдық сатып алу үшін 211,0 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар аудандық аурухана мамандарының біліктілігін арттыру арқылы жүкті, босанатын, босанған әйелдерге, бір жасқа дейінгі балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету мен перинаталдық көмекті аймақтандыруды I-ден II деңгейге көшіру жұмыстары да жүзеге асырылады, – деді Ілияс Мұхамеджан.

Оның айтуынша, аталмыш перзентхана бөлімшесінде I деңгейлі медициналық қызмет көрсетіледі. Ал II деңгейге көшу арқылы босануы қиынырақ немесе уақытынан бұрын босанатын, дәрігердің шұғыл араласуын қажет ететін аналарды босандыруға мүмкіндік туады. Бұған дейін мұндай жағдайда  аналар облыс орталығына немесе басқа қалаларға баруға мәжбүр болатын. Енді жүкті әйелдер ондай қызметті ауданның өзінде де ала алады. Соған сәйкес жергілікті дәрігер мамандардың біліктілігін арттыруға, мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлініп отыр.

Бұған қоса, Тарбағатай аудандық орталық ауруханасының анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің материалдық-техникалық базасы 64,9 млн. теңгеге қосымша 19 бірлік техникамен жаңартылатын болады.  Сонымен бірге аудандағы бірқатар ауылдарда жаңа дәрігерлік амбулаториялар салынып, біршамасына күрделі жөндеу жүргізіледі.

Келесі ретте тарбағатайлықтардың алдында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының, денешынықтыру және спорт басқармасының, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылары сөз алып, ауданда атқарылар жұмыстарды баян етті. Олардың бәрі арнаулы шығарылымда айтылғандықтан, қайталамадық.

 

Аудан құру мәселесі Үкімет арқылы шешіледі

Аймақ басшысының Ақжардағы тарбағатайлықтармен кездесуі төрт жарым сағатқа созылды. Қордаланған әлеуметтік мәселелерді көтерген жұрттың сауалдарына аймақ басшысы ретімен жауап берді. Мұндағы тұрғындардың негізгі тілегі – Ақжарды қайтадан аудан орталығы етіп, шекара маңындағы үдере көшкен халықтың көшін тоқтатуға, шалғайда жатқан ауылдарды дамытуға қатысты болды.

Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл мәселеден бұрыннан хабардар екенін айта келе, оны шешу үшін Үкіметпен кеңесетінін мәлім етті. Мұның өзі ақжарлықтарға үлкен үміт сыйлап, олар ризашылықтарын ұзақ қол соғумен білдірді.

– Аудан құру мәселесі өте күрделі. Сіздердің өтініштеріңізді, талап-тілектеріңізді толық естіп шықтым. Нақты шешім қабылдау үшін біраз уақыт керек, өйткені ол менің ғана шешімім болмайды. Сіздер оны жақсы білесіздер. Мен Үкіметтің алдына бұл мәселені қоятын боламын, – деді облыс басшысы Даниал Ахметов.

Жиылған жұрт жиында жол жөндеу, денсаулық сақтау, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, спорт саласына қатысты шешімін таппаған мәселелерді ашып айтты. Әсіресе, үнемі кешігетін жедел-жәрдемге, тәжірибесіз жас дәрігерлерге ақжарлықтар қатты наразы. Сонымен қатар тарбағатайлықтар ауданға газ тарту, коронавируске байланысты ауданда жол салып жатқан  қытай компаниясының №7 учаскесіне қытай азаматтарын кіргізбеу, шекара торын жылжыту, аңызда айтылатын Толағай тауының тасын жол салушыларға бұздырмау, мал дәрігерлерінің жалақысын тұрақтандыру, Ақжарды Ақсуат секілді гүлдендіру мәселелерін де көтерді. Бұл сауалдардың бәріне де жауап берілді.

– Егер сұраған нысандарыңыздың дайын жобасы болса, онда қаржы бөлуге әзірміз. Тағы да айтамын, ең бірінші кезекте жоба болу керек, – деді аймақ басшысы.

Жиында аймақ басшысынан баспана сұрай келген тұрғындардың тілегі де дәл сол арада орындалды. Жергілікті кәсіпкерлер Қайрат Қожахметов, Қайнар Дүйсенов  баспана сұрап келген, көп жыл үйсіз-күйсіз жүрген үш анаға ауылдан таңдаған үйлерін алып беруге уәде беріп, аналарды қуантты.

Ал аудандағы республикаға есімі белгілі бапкер Сержан Омарбеков ауыл балаларын спортқа тарту мәселесін көтеріп, спорт ғимараттарының жетіспейтінін айтты. Даниал Ахметов бұл мәселені бірден шешіп, қажетінше қаржы бөлетінін жеткізді. Соның бір жарқын мысалы ретінде биыл Тұғыл ауылына да спорт модулі салынатын болды.

Жиыннан соң жұрт жеке мәселелері бойынша да облыс әкімімен және басқарма басшыларымен кездесу өткізді. Аймақ басшысы берілген тапсырмаларды өзі бақылауға алатынын, алдағы уақытта Ақжарға тағы да жұмыс бабымен келетінін айтты.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button