Саясат

Тапсырмаларды дер кезінде орындау міндеттелді

Тапсырмаларды дер кезінде орындау міндеттелді

Кеше аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тапсырмасына сәйкес облыс әкімі аппаратының басшысы Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен тоғыз айдағы облыс әкімдігі қызметінің тиімділігін бағалау мәселелері бойынша жиын өтті. Оған облыстық басқармалардың басшылары мен орынбасарлары, сонымен қатар селекторлық режимде аудандар мен қалалар әкімдерінің экономикаға жауапты орынбасарлары, аппарат жетекшілері және осы салаға жауап беретін мамандары қатысты.
Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Баян Закирьянованың келтірген деректеріне сүйенсек, жалпы алғанда негізгі 7 көрсеткіш бойынша өткен тоғыз айдағы нәтиже жаман емес. Кейінгі үш жылда жергілікті атқарушы билік қызметінде дұрыс жолға қойылып, жүйелі жүргізіліп келе жатқан жұмыстардың арқасында былтыр біздің облыс республикада көш басынан көрінген болатын. Биылғы мақсат-міндет те сол межеден төмендемеу. Алайда, алдын ала анықталған мәліметтерге жүгінсек, Президент тапсырмаларын уақытымен орындауда алты бірдей облыстық басқарма кемшіліктерге жол беріп алған. Атап айтсақ, олар: құрылыс, сәулет және қалақұрылысы, білім, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, туризм және сыртқы байланыстар, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармалары. Егер аталған басқармалар қысқа мерзім ішінде тиісті көрсеткіштер бойынша жіберілген олқылықтардың орнын толтырмаса, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне кері әсерін тигізетіні анық.
– Сондықтан аз да болса уақыт бар. Аталған алты басқарма жұмысты ширатыңыздар. Керек болса, Астанадағы тиісті министрліктерге шығыңыздар. Биылғы көрсеткіштер өткен жылғыдан және орташа республикалық деңгейден төмен болмауы тиіс. Біздің бір кемшілігіміз қанша жерден айтылып, шара қолданылып жатса да, тапсырмаларды дер шағында орындай алмаймыз. Сол сияқты орталық мемлекеттік органдарға сапалы жауап беру жағы да кемшін соғуда. Бұл жерде қандай да бір орынды себеп-салдар жоқ, бәрі адами факторға байланысты. Яғни, сіздердің кемшіліктеріңіз. Қызметкерлер өздеріне артылған міндеттерді дұрыс атқара алмайды. Қайталап айтамын, егер белгіленген уақытта аталған кемшіліктер жойылмаса, аталған басқармалардың басшыларына қатаң шара қолдану жөнінде, керек болса қызметінен алуға дейін мәселе қоямын, – деп әріптестерін қатаң сынға алған Ержан Жылқыбаев Президент тапсырмаларын уақытында орындай алмаған облыстық басқармалар басшылары мен орынбасарларынан жұмыс жайын жеке-жеке сұрады.
Сонымен қатар Баян Закирьянова мемлекеттік қызмет көрсету, оның ішінде халыққа қызмет көрсету орталықтары мен электрондық үкімет порталы арқылы атқарылған жұмыстардың нәтижелерін, ақпараттық технологияларды қолдану, мемлекеттік органдар қызметін автоматтандыру, қызметкерлерді басқару, құқықтық қамтамасыз етудің тиімділігі бойынша жүргізілген жұмыстар барысында анықталған кемшіліктерге тоқталып өтті. Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша облыстың өткен тоғыз айдағы алдын ала болжанған көрсеткіші – 74,52 балл, бұл төмен емес әрине. Дегенмен, жыл соңына дейін кемшіліктерді жойып, бұдан да жоғары көрсеткіштерге жетуге мүмкіндік бар. Мәселен, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы белгіленген 21 мемлекеттік қызмет көрсету регламентінің 19-ын дер кезінде дайындамаған. Сол сияқты денсаулық сақтау басқармасы 11-дің 8-ін, ауыл шаруашылығы басқармасы 18-дің 3-еуін, білім басқармасы 22-нің 2-еуін әзірлемеген. Облыс әкімі аппаратының басшысы өз кезегінде бұл кемшіліктерді тезірек қалпына келтіруге тапсырма берді.
Жиында сонымен бірге облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Елена Ясинская өңірді дамыту бағдарламасында көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жөнінде ақпарат берді.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, 9 айдың қорытындылары бойынша қала және аудан әкімдіктерінің қызмет тиімділігін бағалау көрсеткіштері жаман емес. Кейбір бағыттар бойынша көрсеткіштері төмен аудан-қалалар бар. Жалпы, жұмыс тиімділігі жеті негізгі бағыт бойынша қарастырылады. Жартыжылдық көрсеткіштер талқыға салынған жиын барысында жекелеген өңірлерге ескертулер жасалған болатын. Алайда, одан тиісті нәтиже шығарылмаған сыңайлы.
Аппарат басшысының орынбасары Баян Закирьянованың айтуынша, аудан-қалалар әкімдіктері қызметінің тиімділігін бағалау жұмыстары 2012 және 2013 жылдармен салыстыру арқылы жүргізілген. Егер 2012 жылы қызмет тиімділігі төмен аудандар көп болса, осы жылғы мәліметтер көптеген өңірлердің қызмет тиімділігі орташа деңгейге өскендігін аңғартады.
Бюджет қаржысын басқару, персоналды басқару, ақпараттық технологияларды енгізу, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағыттары бойынша біраз аудан-қалалар төмен нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен, персоналды басқару бойынша Глубокое, Бородулиха, Шемонайха аудандары мен Курчатов қаласы төмен нәтиже көрсетуде. Бұларда қызметкерлердің ауысуы және жұмыстан кетуі жиі орын алады екен. Ақпараттық технологияларды қолдану жөнінен Өскемен мен Семей, Курчатов, Риддер қалалары, сонымен қатар, Аягөз, Бородулиха аудандары сылбыр жұмыс істеуде. Ең негізгі бағыттардың бірі – мемлекеттік қызметтерді көрсету. Егер 2013 жылы тұрғындарға 78 қызмет түрі көрсетілсе, биыл олардың саны 127-ге дейін ұлғайған. Алдағы уақытта да өспек. Жұмыс көлемінің ұлғаюы оған деген жауапкершілікті де арттыруы тиіс. Өкінішке қарай, көптеген қызмет түрлері әлі тұрғындарға қызмет көрсету орталықтарына берілмеген, сонымен бірге қызметтердің заңмен белгіленген мерзім ішінде орындалмауы да кездеседі.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Елена Ясинскаяның аталмыш жиында берген мәліметтеріне сүйенсек, аумақтарды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру жөнінен де өңірлер қызметіне ай сайын мониторинг жүргізіліп отырады.
Басқосуда белгілі болғандай, сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларының, қоғамдық орындардағы қылмыстардың, жолаушылар көлігі қатынасымен қамтылған елді мекендердің, атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың саны сынды көрсеткіштердің бірқатар аудан-қалаларда орындалмауы байқалады. Осы көрсеткіштерді жыл соңына дейін тиісті деңгейге жеткізу қажет.
– Аумақтарды дамыту бағдарламасының іске асырылуы бойынша алдағы айда әкімдік отырысы өтіп, сонда бұл мәселе егжей-тегжей қарастырылатын болады. Сондықтан, аудан-қала басшылары осы жиынға дайын болулары тиіс, – деп ескертті осы ретте аппарат басшысы.
Бюджет қаржысын басқару бойынша да біраз сын айтылды жиында. Әсіресе, Аягөз, Зырян, Үржар аудандары мен Семей қаласында қазына қаржысын толық игермеу фактілері орын алуда. Осыған орай Аягөз ауданының әкіміне сөгіс те жарияланған.
Басты көрсеткіштердің тағы бірі – облыс әкімінің және облыс әкімдігінің берген тапсырмаларын орындау. Осы кезең ішінде 936 тапсырма жүктелген, оның 588-і облыс әкімінің, 348-і облыстық әкімдіктің тарапынан берілген. Бұл көрсеткіш жөнінен Бородулиха, Үржар, Жарма аудандары мен Курчатов қаласының нәтижелері төмен болып отыр.
– Персоналды басқарудың тиімділігі бағыты бойынша төмен нәтиже көрсеткен өңірлерден бос орындарды қайтарып алуға тура келеді. 9 айдың қорытындысы бойынша ең соңғы, яғни, 19-шы орында Үржар ауданы тұр. Бұл бақылаудың әлсіздігін байқатады, – деді Ержан Жылқыбаев.
Жалпы, аталмыш аудан ешқашан мұндай нәтиже көрсетпеген-ді. Аудан әкімі аппаратының жетекшісі жағдайды түзейтіндерін, тіпті кеңсе меңгерушісі осы үшін жұмыстан босатылғанын айтып, ақталуға тырысты.
Жиын барысында Ержан Жылқыбаев соңғы орындарда тұрған Аягөз, Бородулиха, Жарма аудандары мен Курчатов, Семей қалалары әкімдерінің аппарат жетекшілеріне жыл соңына дейін нәтижелерді жақсартуды талап етті.
– Мен Бородулиха, Үржар, Аягөз аудандары мен Курчатов қалалары әкімдеріне өз аппарат жетекшілерін және осы салаға жауап беретін орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде мәселе қоямын, тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны жөніндегі бұйрықты облыс әкімінің аппаратына енгізуді тапсырамын. Ал жыл қорытындысы бойынша аталған аудан-қалалардың көрсеткіштері жөнделіп, оң нәтижесі болмаса, мен облыс әкіміне сол аудан әкімдерінің жауапкершілігі жөнінде ұсыныс енгіземін. Бізге керегі – нақты нәтиже, жұмыстың қаншалықты атқарылғанын нақ сол нәтиже аңғартады. Жыл соңында облысымыз республика өңірлері арасында осы қызмет тиімділігі жөнінен лайықты орнын алуы тиіс. Сонымен қатар, көрсеткіштеріміз өткен жылғыдан кем болмауын да қаперде ұстаған жөн, – деді жиынды қорытындылаған аппарат басшысы.

Серік Әбілхан,
Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button