Журналистік зерттеу

Тапа-тал түсте пәтер тонау тыйылмай тұр

Тапа-тал түсте пәтер тонау тыйылмай тұр

Әлдебір бағалы дүниесі қолды болған жұрт «Ұрлығың өшкір» деп жатады. Өкінішке қарай, сол ұрлығыңыз өшудің орнына, күннен-күнге өршіп барады. Өршігенде де заман өзгерген сайын түлеп, түрленіп келе жатқандай.

Бір үйді бір-ақ үптеп кетіпті

Облыстық ішкі істер департаменті «Өскемен полиция қызметкерлері жуықта жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында пәтер тонаумен айналысқан екі қылмыстық топты құрықтады» деген мәлімдеме берді.
Олардың құрамында облысымыздың 23-29 жас аралығындағы төрт тұрғыны бар. Барлығы да осыған дейін сотталған. Олар Өскемен қаласы тұрғындарының пәтерлеріне есік құлыптарын бұзу арқылы кіріп, алтын бұйымдарын, ақша мен қымбат сырт киімдерін, ноутбук және басқа да кәдеге жарайды-ау деген құнды дүниелерін қолды еткен. Қысқасы, бір үйді бірақ үптеп кетіпті. Полицейлер ұрыларды жалға алып, тұрып жатқан пәтерлерінде құрықтап, сол жердегі тексеру барысында ұрланған заттардың біраз бөлігін, сондай-ақ, пәтерлерді бұзып ашу үшін қолданылған құрылғыларын тәркілеген.
Бұл топтың 2013 жылдың қараша, желтоқсан айларында жасалған бірқатар пәтер ұрлықтарына қатысы болуы мүмкін деген жорамал да бар. Ұрланған ақшаны қажеттеріне жаратқан ұрылар алтын бұйымдарды қаладағы ломбардтарға өткізіп отырған. Қазіргі уақытта ұрланған заттардың біраз бөлігі – алтын бұйымдар, бірнеше қымбат сырт киім тәркіленіп, иелеріне қайтарылса, пәтер тонағыш күдіктілердің төртеуі де сот қаулысы бойынша қамауға алынып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.
Ертеректе ұрлықтың негізгі түрі көбінесе мал ұрлаумен немесе қоғамдық көліктерде әмиян жымқырумен шектелетін. Қазіргі ұрылардың өресі жоғары, біреудің әмиянындағы азын-аулақ тиын-тебенге бола қолдарын былғамайтын көрінеді. Олар қоғамды әбден зерттеген. Біріншіден, қазір ауқатты адамдар қоғамдық көлікпен жүрмейді. Ол жанұядағылардың бас-басында көлігі бар. Екіншіден, олардың көпшілігі жеке үйлерде тұрады. Жеке үй болғанда да, құймасынан немесе қақпасынан оп-оңай қарғып түсе салатын мыжырайған жер үй емес. Дуалының биіктігі атты адамның бойындай. Ал ауласында бөтен адамды жарып тастаудан тайынбайтын тайыншадай итті айтпағанда, күні бойы сол үйге бас-көз болып жүретін жалдамалы жұмысшысы және бар. Мұны аз десеңіз, сол үйге кіріп-шыққандарды немесе сол маңда күні-түні не болып, не қойғанын түгелдей таспаға түсіріп алатын бейнебақылау орнатылған. Демек, мұндай үйді тонау қауіпті. Тіпті, мүмкін емес деуге де болады. Сондықтан, әлгі «мал тапқыштар» олжаларын басқа жақтан іздейді.

Әккілігі соншалық, терезеңнен таниды

Ұрылардың құрық бойламас құйтырқы әрекеттері жайында Өскемен қалалық ішкі істер басқармасы, криминалдық полиция бөлімінің мүліктік қылмыстарды ашу бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Руслан Өмірбекұлының айтуынша, жанын қинамай мал табатындар мұндай маңызды шаруаларға бір емес, бірнеше жыл тыңғылықты дайындықтан өткесін ғана тәуекел ететін көрінеді. Айталық, үш-төрт адамнан тұратын топ әуелі үлкен шаһардағы көпқабатты үйлердің бір подъезін нысана етіп алады да, біршама уақыт әлгі подъезге кірген-шыққан адамдардың киім киісі мен жүріс-тұрысын, мінген көліктері мен жұмысқа баратын, жұмыстан қайтатын мезгілін минут-секундына дейін жазып, жіті бақылауға алады екен.
– Пәтер иелерінің әлеуметтік жағдайын анықтаудың тағы бір түрі – үйдің сыртқы қабырғасына орнатылатын кондиционер құрылғылары мен көздің жауын аларлық қымбат есіктер, пластикалық терезелер мен қымбат бағалы перделер. Өйткені, кондиционердің де, әдемі есік-терезелер мен қымбат перделердің де жеке-жеке бағасы – кемі бір ірі қара малдың құны. Оны кез келгеннің қалтасы көтере бермесі белгілі. Кәнігі ұрылар мұндай бақылауларды асықпай, апталап, әйтпесе, айлап жүргізеді. Себебі, маңайда көрші-қолаң бар, үйге кіріп-шығатын адамдар болады, тағысын тағы дегендей.
Міне, осы айтылғандардың барлығы өте мұқият бақылаудан өткізілгеннен кейін есік ашатын түрлі құрал-саймандармен мұздай құрсанған баукеспелер де өз істеріне кіріседі. Олардың келесі әрекеттері де қағазға сызылып, алдын ала жүйеленіп, жоспарланған.
Операция көбінесе ел жапа-тармағай жұмысқа жөнелетін таңертеңгі сағат 10-11-дің немесе түс ауа үш пен төрттің арасында жүргізілуі тиіс. Ұрылардың бірі сыртта қалады. Өйткені, ойламаған жерден пәтер иелерінің бірі үйіне келіп қалуы мүмкін. Ондай бола қалғанда, дереу іштегілерге белгі беріп үлгеруі керек. Ал іштегілердің өзі екіге бөлініп, бірі жоғары жақтан түсіп келе жатқандарды аңдыса, енді бірі төменнен үстіңгі қабатқа көтерілгендерді ескертіп тұруы керек. Мұндай ұрлықтар көбіне-көп лифт қызметін пайдаланатын тоғыз, он қабатты үйлерде жасалады. Неге десеңіз, бес қабатты ескі үйлерде көбінесе тұрмысы орта, көнекөз кәрі-құртаңдар тұрады және олар сол подъездің тұрғындарын, яғни, бір-бірін жатқа біледі. Ал мұны ұрылар бес саусақтай зерттеп, біліп алған. Ұрылардың әккілігі сондай, олар тонаған пәтерлерінің есігін шамалары келгенше қиратпауға, соңдарынан іліп алар із қалдырмауға тырысады, – дейді тәжірибелі полиция қызметкері.

Қатаң жаза қолданбаса, ұрыларды тоқтату қиын

Жеңіл жолмен мал тауып, дәндеп алған ұрылар іздерін қанша жасырмақ болғанымен, тәртіп сақшыларының да қол қусырып отырмасы белгілі. Жоғарыда келтірілген мәлімдемеге ұқсас, 23-28 жас аралығындағы, бұрын сотталған үш қарақшы Өскеменнің жекеменшік секторларындағы тұрғын үйлерді тонаумен айналысып келіпті. Олар нысанаға алған үйлерге терезелерді сындыру жолымен кіріп отырған. Тәртіп сақшыларының жіті қимылының арқасында бұл топ та қамауға алынып, жан-жақты тергеліп жатқан көрінеді.
Сондай-ақ, полицейлер аталған топ мүшелерінің Семей қаласында да жоғарыдағы әдіс бойынша жер үйлерде ұрлық жасағандарын анықтапты. Қазіргі уақытта олардың кем дегенде 9 ұрлық фактісіне қатыстылығы әшкереленген. Сақшылар аталған қылмыстық топтың Өскемен және Семей қалаларындағы пәтерлер мен тұрғын үйлерге жасалған 42 ұрлық фактісіне қатыстылығын да анықтап отыр.
– Осыдан үш-төрт жыл бұрын бір танысымның пәтеріне ұры түсіп, құқық қорғаушыларға арызданбай ма?! – Обалы не керек, телефон шалғанымыз сол, араға жарты сағат салып, жетектерінде иісшіл иті бар үш-төрт сақшы сау ете қалды – дейді әлгі танысым. – Содан әлгілердің үйдің ішін әрі-бері тіміскілеп шыққан иісшіл иті подъезден шыққан бойда қайда барарын білмей, аңырып тұрды да қалды. Өйтпегенде қайтсін бейшара. Ол ұрылар ізін суытқалы дәл сол жерден жоқ дегенде 30-40, әйтпесе одан да көп адам жүріп өткен жоқ па. Сосын, ол ұры ұрлаған дүниесін арқалап, аулада жаяу-жалпылап жүреді деп кім айтты? Подъезден шыққан бойда өзін күтіп отырған сыбайласының көлігіне мінеді де, табанын жалтыратпай ма. Мұны үлкен кісіні қойып, бес жасар бала да біледі.
Ал содан құжат толтыру дейтін бітіп бермес бір шаруа басталды да кетті. «Ұрлық жасалған кезде қайда болдыңыз? дей ме, үйге ұры түскенін бірінші байқаған кім, қанша ақша немесе бағалы заттарыңыз жоғалды, соңғы болып үйден кім шықты, есікті кім бекітті?» дей ме, әйтеуір таусылып бермейтін бір түсініктемелер толтырудан шаршадық. Оны да қоя беріңіз, ең қызығы бөлімшелеріне шақыртып ап, үйімізде қанша жан бар, солардың барлығының саусақ іздерін алып, жеке-жеке түсінік жазғызып, ақыры «Өткенде бір отбасы дәл осылай үйіміз тоналды деп арыз-шағым түсіріп, шықпаған шығынның орнын толтырып алмақ болған. Тексере келе үйді өз кілтімен ашып, ақша мен бағалы заттарды ұрлаған өздерінің ұлдары екендігі анықталған» деп, айналып кеп өзімізге күдік туғызған сыңайдағы әңгіме айта бастады.
«Өзімізге қорған болар, жоғалғанымызды тауып берер» деп сенім артқан адамдарымыздың мына сөзінен түңілгеніміз сонша, «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын» дедік те, қолды бірақ сілтеп, кеттік те қалдық. Содан бері қаншама уақыт өтсе де, ол жақтағылардан тырс еткен хабар алған жоқпыз. Әлгіндей кісі күлерлік тірліктеріне қарағанда сүйінші хабар алмайтын да шығармыз, – дейді жаны күйген танысым.
Бұл – бір ғана мысал. Ал менің танысыма ұқсап үйі тоналып, ішпей-жемей тірнектеп жиған-тергенінен бір-ақ сәтте айырылып, сорлап қалғандар қаншама? Ол қылмыстардың ашылғаны тоғыз болса, ашылмай қалғандары құдай біледі, 99 болар.
Пәтер тонауды кәсіпке айналдырып, жұрттың табан ақы, маңдай терімен жинаған мүлкіне қол сұғып дәндегендер осы бағыттағы көп қылмыстың ашылмай, қалып қоя беретіндігін, ашылған күннің өзінде қатаң жаза қолданбайтындығын әбден біліп алса керек, әйтеуір, тапа-тал түсте пәтер тонау дейтін пәле тыйылар емес.
Сондықтан, пәтер тонау қылмысы сәл болса да айылын жиюы үшін қылмысты ашу, оны тергеу өз алдына, құрықталған ұрыларды қатаң жазалау керек. Жаза барынша қатаң болса, жұртты қан қақсатып жүрген ұрылар да ойланар еді.

Керек дерек

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша 2013 жылдың 10 айында елімізде 174 мың ұрлық фактісі тіркелсе, соның 38 мыңы пәтер тонау қылмысы деп танылған.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button