Білім

Тәлімгерлік институтының берері мол

Мектепке жаңадан мұғалім болып келген жас маман қандай қиындықтарға тап болады? Мектеп ұжымы жас маманды жатсынбай қарсы ала ма? Оған қандай педагогикалық, психологиялық, әдістемелік қолдау көрсетіледі? Бұл мәселе биылғы тамыз конференциясы аясында   «Өрлеу» БАҰО АҚ Шығыс Қазақстан облыстық  филиалы алаңында өткен «Кәсіби мансаптың басында педагогтарды қолдау» атты панельдік секцияда кеңінен талқыланды. Секция жұмысына өңірдің 100-ден астам педагогы, аудандық және қалалық білім бөлімдері мен әдістемелік кабинеттерінің басшылары, меңгерушілері, педагогикалық кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындары мен колледждердің өкілдері қатысты.

Жиынға қатысушыларды Оқу-ағарту министрлігінің педагогикалық кадрлармен жұмыс басқармасының басшысы Айман Дүйсембаева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрайымы Әсел Мұхаметжанова  құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Бүгінгі таңда біліктілікті арттыру саласында көптеген өзгеріс болып жатыр. Енді педагогтар  біліктілікті арттыру курстарынан бес жылда бір емес, үш жылда бір рет өтетін болады.  Ең бастысы,  мұғалім кәсіби шебер болмай, өзінің кәсіби біліктілігін жетілдірмей ешқандай жетістікке жете алмайды. Осы жолда сіздердің  атқарып жүрген еңбектеріңіз өте зор. Әсіресе жас мамандарға қолдау көрсететін тәлімгерлер мектебін қалыптастыруда үлкен жұмыстар атқарып жатырсыздар, – деді А.Дүйсембаева.

Сондай-ақ «Шығыс» өңірлік орталығының директоры Гүлмира Жақыпова да сөз алып, «Шығыс» өңірлік орталығы жас педагогтардың біліктілігін нығайтып, әдістемелік көмек көрсетуге ерекше мән беріп келе жатқанын, жыл сайын облыстың жас педагогтары үшін ашық есік күні, тәжірибе алу мақсатында жас ұстаздарға әдістемелік көмек ретінде түрлі семинар-кеңестер өткізіліп отыратынын айтты.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының ғылым, инновация және талдау жөніндегі департаментінің директоры Ксения Тұрсынбаева мен бас маман Андрей Щербаков «Мамандықтағы алғашқы қадамдар: жас педагогтардың дауысы» атты зерттеу нәтижесін ұсынды. Айтуларынша, бұл зерттеуге республика бойынша 10 мыңнан астам  жас педагог қатысыпты. Олардың 39 пайызы қала мектебінің,  61 пайызы ауыл мектебінің мұғалімдері.

– Бұл зерттеудің мақсаты – еңбек жолын енді ғана бастаған жас педагогтардың үніне құлақ түру, жас маманның мектепке бейімделу үрдісін, алғашқы жылдары жұмыс барысында қандай қиындықтарға тап болатынын зерттеу болды, – дейді Ксения Тұрсынбаева.

Жалпы, елімізде жұмыс өтілі бес жылға дейінгі жас мамандар 32 пайыз, яғни әрбір үшінші педагог жас маман болып саналады.

– Мектепке келген жас педагог мектеп басшылығы, әріптестері және ата-аналар  тарапынан ерекше қамқорлықты сезінуі керек, – дейді К.Тұрсынбаева.

Шынында да, мектепке жаңа келген жас маман түрлі қиындықтармен бетпе-бет келеді. Оқушылармен, ата-аналармен, әріптестерімен тіл табыса білудің қиындығы өз алдына, мектеп басшылығының жас маманға көптеген қоғамдық жұмысты үйіп-төгіп беретіні де бар.

– Алматы және Нұр-Сұлтан секілді үлкен қалалардың мектептерінде жұмыс істейтін жас педагогтар күйзелісті жағдайды жиі бастан өткереді. Өйткені олардың жүктемесі аптасына 20 сағаттан жоғары. Оның үстіне, мектепке жаңа келген жас мұғалімдерге сынып жетекшілігі міндеті қоса жүктеледі. Жоғары жүктеме мен қоғамдық жұмыстың көп болуы  жас педагогтың психолгиялық күйзеліске  түсуіне әсер етеді, – дейді Андрей Щербаков. Керісінше аймақтарда, әсіресе оңтүстік пен батыс өңірлерінде мұғалімдердің жүктемесі аз көрінеді.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Гаухар Жұманова мектепте жас мамандардың тұрақтамауы тек Еуропа одағы елдерінде ғана емес, Қазақстанда да өте өзекті мәселе екенін айтады. Оның негізгі себептерінің бірі – жас маманның білім беру ұйымына алғаш келгенде кездесетін қиындықтарға шыдай алмауы.  Сондықтан соңғы екі жылда «Өрлеу» БАҰО АҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы жас мұғалімдерді қолдауға, олардың мамандықты жеңіл меңгеріп кетуіне үлкен мән беріп отырған көрінеді.

– Жас мамандар кейде тіпті қиындыққа шыдамай мектептен кетіп жатады. Сондықтан да жас маманға психологиялық, педагогикалық, әдістемелік қолдау көрсету өте маңызды. Біздің өңірде Тәлімгерлік институты жақсы дамыған. Біз өзге өңірлермен жиі  тәжірибе алмасамыз, – дейді Г.Жұманова.

Шараға Өскемендегі №37 мектептің бастауыш сынып мұғалімі, жас маман Аружан Әуелбекова қатысты.

– Жас мамандар  көбіне  оқушылардың ата-аналарымен тіл табыса алмай жатады. Ата-аналар көбіне мектепке енді келіп, еңбек жолын бастап жатқан жас мұғалімдерге сенбейді. Олар жас маманның өз пәнін жоғары деңгейде өткізетініне күмәнданады. Баласын бізге сеніп тапсырғысы келмейді, – дейді Аружан.

Аружанға бұл жолда өзінің тәлімгері Инна Зуева көп көмек қолын созыпты. Жас маман мен педагогтың бірлескен жұмыс жоспары бар, арнайы күнделік те жүргізеді. Тәлімгер жас маманға оқу үрдісін дұрыс ұйымдастыру, оқушылармен, ата-аналармен тиімді қарым-қатынас құру туралы кеңестерін үнемі айтып, жол көрсетіп отыратын көрінеді.

– Тәлімгерлік керек. Ол жас маманның өсуіне, тәжірибе жинауына көп ықпал етеді, – дейді Инна Зуева.

Іс-шара соңында филиал директоры Гаухар Жұманова бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта жалғасатынын айтып, қатысушыларға алғысын білдірді.

– С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті 70 жылдан бері еліміз бен облысымыз үшін педагог кадрларды даярлап келеді. Осы жылдар ішінде университет «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен және облыстық филиалымен белсенді қызмет істеп келеді. «Өрлеумен» белсенді серіктестік қарым-қатынас, курстық даярлықты бірлесіп өткізу біздің облыс педагогтарын даярлау сапасын арттырады. Жинақталған жұмыс тәжірибесі педагогтарға облыс бойынша көптілділік, инклюзивті білім беру, қашықтан және дуальді оқыту, STEM-білім беру, жұмыс техникасы бағдарламалары бойынша пилоттық жобалардың авангардына айналуына мүмкіндік береді, – дейді университет ректоры Мұхтар Төлеген.

   Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button