Білім

Тағы да 11 ауылда  интернет болады

 Әлемді құрсаулаған коронавирус індетінен құтылмай, қашықтан оқығанымыз оқыған. Әрине, қашықтан оқығаннан кейін оқушылардың түрлі қиындыққа тап болып жатқаны  да шындық. Ең үлкен мәселе, интернеттің қолжетімді болмауы. Әсіресе, бұл  Ұлан ауданына қарасты мектептер үшін өте өзекті болып тұр.

  Осыдан тура бір ай бұрын ғана Ұлан ауданы, Бестерек ауылындағы жағдай туралы жазған болатынбыз. Республикалық телеарналардың бірінен «Өскеменнен 40 шақырым жерде орналасқан    Бестерек ауылы мектебінің оқушылары  кітап-дәптерін құшақтап, тау-тасқа өрмелеп, сабақ оқып жүр» деген хабардың шыққаны сол, мәселенің ақ-қарасын анықтауға біз де асыққан болатынбыз.  Сөйтсек, білім алу үшін биікке «өрмелегендердің» ешқайсысы да ауылдағы мектептің оқушысы емес болып шықты.  Бестерек ауылындағы Ғадас Салықов атындағы негізгі мектептің директоры Роза  Мугулиеваның айтуынша, ауылда қала мектептерінде оқитын оқушылар да бар. Мысалы, Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназияда, физика-математика бағытындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта, «Білім -инновация» лицейінде оқитын оқушылар бар. Бұған қаладағы колледждерде, жоғары оқу орындарында оқитын  студенттерді қосыңыз.   Қашықтан оқудың азабын тартып жүрген солар көрінеді. Ал Бестерек ауылының негізгі мектебінде оқитын   38 оқушының   бәрі дәстүрлі түрде оқуын жалғастырып жатыр. Десе де Бестерек, І.Айтықов ауылдарының тұрғындары үшін интернет мәселесі өз шешімін тапқан сыңайлы. Ұлан ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов жақында І.Айтықов және Бестерек ауылдарының тұрғындарын интернет желісімен қамтамасыз ету үшін   І.Айтықов ауылындағы таудың  биіктігі   550 метр болатын  төбесіне Ұлан ауданының әкімінің тапсырмасымен және «Қазақтелеком» АҚ-ның қолдауымен арнайы қондырғы қойылғанын айтты. Бұл істе «Қазақтелеком» АҚ-ның Шығыс Қазақстан жергілікті желілер  техникалық торабының  директоры Газинур Раимханов үлкен қолдау көрсетіпті.

-Таудың басына өзім шығып көрдім. Мына жақта Бестерек ауылы көрініп тұр. Қондырғы І.Айтықов ауылы мен Бестерек ауылының  екеуін де интернетпен қамтуға жеткілікті. Бүгінгі күні Бестерек ауылының 24 үйі интернетке қосылды. Қондырғыда әлі де кішкене бір ақаулар бар екенін жасырмаймыз. Неге десеңіз, қондырғыны әлі күйге келтіру жұмыстары  жүріп жатыр. Сондай-ақ  І.Айтықовтың  қашықтан оқитын сегіз студенті де интернетке қосылды. Негізінде І.Айтықов ауылының интернетке қосылу мүмкіндігі көбірек. Неге десеңіздер, үйінде телефоны бар адамдар телефонның  арқылы интернетке қосыла алады. Ешқандай мәселе жоқ, тек  ақшасын төлесе болды, – дейді Нұрхат Садықов.

Бұдан бөлек   Үкімет қаулысына сәйкес, жыл соңына дейін  Ұлан ауданы бойынша тағы да  11 ауыл интернетке қосылмақ. «Қазақтелеком» АҚ қолдауымен Жанұзақ ауылына да дәл сондай қондырғы қойылатын болады.

  • Әрине, ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету мәселесін жергілікті атқарушы органдар үнемі бақылап отырмыз, бірақ оны жүргізетін біз емес, «Қазақтелекем» АҚ. Мүмкін кейбір жобалардың келер жылға ауысуы да әбден мүмкін. Өйткені қазір ауа райы өте қолайсыз, күнде жаңбыр. Ал қондырғы орнату – үлкен жұмыс, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Жалпы, бүгінгі таңда Ұлан ауданындағы  31 мектептің 22-сі штатты режимде, қалғаны  қашықтан оқуда.  Штатты режимде оқытып жатқан 22 білім ордасының мектептің барлығы да шағын жинақты мектеп болса, тоғыз мектеп толық кешенді. Қалай десек те, қашықтан оқыту форматының білім саласына дендеп енгені ақиқат.  Олай болса, инернеттің елдің игілігіне айналатын уақыты жетті.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button