Ынтымақтастық

Сыйластығымызға өзге жұрт қызыққандай…

 Бір кездерде алуан ұлттар өкілдері тұрып, тату-тәтті тірлік кешкен Күршім ауылында бүгінгі күні өзге ұлт өкілдері саусақпен санарлықтай ғана. Олардың кейбірі өздерінің тарихи отандарына қоныс аударды, енді біреулері тіршілікке ыңғайлы қоныс, жақсы жұмыс іздеп,  ішкергі аймақтарды бетке алды, ал көпшілігінің тағдырдың жазуымен өмірден өтіп кеткені де есімізде.

Қалай десек те мұндағы қауымның қашанда тату өмір сүріп, бірлік пен берекеде еңбектеніп келгені шындық. Ұлтаралық жанжал, себепті-себепсіз жаға жыртысу дегендердің орын алып, ел көңілін бұзғаны есімізде жоқ. Сол татулықтың әлі күнге қаймағы бұзылмай, іргесі сөгілмей келе жатқаны кім-кімді болса да қуантары сөзсіз.

Күршімнің байырғы тұрғындары Сергей мен Лидия Долгопятовтардың осы жайды баса айтып отырғандары сірә да тегін емес. Олар бізбен іргелес, қатар салынған екі қабатты үйде тұрғалы табаны күректей 33 жыл болған        екен. Бүгінде бірыңғай қазақтар мекендеген осы 16 пәтерлі үйде тұрып жатқан жалғыз орыс отбасының қобалжып, алаңдауына ешқандай себеп жоқ. «Өзі жақсы кісіге – бір кісілік орын бар» дейді халық нақылы. Сол айтқандай, көпшіл, ашық-жарқын, еңбекқор жандар көршілерімен шынайы сыйласып, үлкен-кішіге әрдайым құрмет көрсетіп жатады. Соған орай, оларды да жұрт қадірлеп, ілтипатпен араласып келеді.

– Мен Көкпекті ауданының Иваново деген ауылында туғанмын, – дейді Лидия Павловна. – 1963 жылы ата-анам осы Күршімге қызмет бабымен ауысып, содан бері күршімдік болып кеттім. Өзім өмір бойы «№2404 жылжымалы-механикаландырылған  колонна  (ПМК)» деп аталған кәсіпорында жұмыс істедім. Бұл пәтерді 1989 жылы алдым да, осында біржола тұрып қалдық. «Құдайға тәуба» деп айтамын, көршілеріміздің барлығы жақсы, сыйластығымыз өзге жұрт шынымен қызыққандай дәрежеде, оны өзіңіз де көріп жүрсіз. Біздің бұл арадан ешқайда да кетпек ойымыз жоқ.

Жұбайының сөзін Сергей де қостап, өз тірліктеріне разы екендігін білдірді. Бүгінде зейнеткер атанып отырған олар екі сиыр, жиырмадай тауық ұстайды. Шағын бақшалықта қажетті көкөністерін өсіріп, азық-түліктерін қамдап алады. Таң атқаннан күн батқанға дейін тыным таппайтын еңбекқор жандар өздерінің тоқ тірліктері мен тыныш өмірлеріне дән риза. Сонымен бірге олардың осы өмірге, кіршіксіз көңілге көлеңке түсірмей, өздеріне әркез құрметпен қарап келе жатқан көршілес қазақ отбасыларына айтар алғыстары шексіз.

–  Жалғыз ұлымыз бар, ол көршілес Барақ батыр ауылында тұрады, – дейді көп сөзге жоқ Сергей  Алексеевич. – Оның өз отбасы, өз тірлігі бар. Ұлымыз да бірыңғай қазақтардың арасында тұрады. Бірақ  оның да көршілеріне айтар өкпесі, тағар кінәсі жоқ.

Біздің халқымыздың өзге жұрттан ерекшелігі де сол – қонақжайлығы, кең пейілдігі мен жанашырлығы емес пе. Мұны ниеті түзу адамның барлығы бірдей мойындап, ризалық білдіріп жатады. Кеңқолтық қазекең кімге пана болмады, кімді қамқорлығына алмады?  Сол пейіліне орай өзге жұрт та еліміздің осы қасиетін бағалай біліп, тиісінше құрмет көрсетіп жатса, құба-құп! Бірер ауыз әңгімеге тарта отырып, біз ерлі-зайыпты Долгопятовтардың пікірлерінің де осы ойымызбен астасып, бір жерден шығып жатқанын  ұғындық. Ұғындық та, «береке-бірлігіміз кетпесін, достығымыз одан әрі нығая берсін» деген байыпты ойға бекідік.

Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button