ШҚО-ға Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің елшілері келді
Өскеменге онға жуық мемлекеттің елшілері мен ірі өндіріс орындарының өкілдері ат басын тіреді.
Шығысқа жұмыс сапарымен Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің бір топ елшісі, сондай-ақ металлургия мен логистика салаларында қызмет көрсететін компанияларының өкілдері келіп, бірқатар ірі кәсіпорында болып, әлеуетімен танысып қайтты. Шетелдік қонақтармен бірге еліміздің сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко де келді, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Екі күнге созылған сапар барысында Еуроодақ елдерінің өкілдері «Казцинк» пен «ҮМЗ» сияқты алпауыт өндіріс орындарында болып, жұмысымен жақынырақ танысты. Шетелдік меймандар облысымызды қойып, елімізде алдыңғы қатарлы компаниялар саналатын кәсіпорындармен бірнеше бағыт бойынша әріптестік орнатуға мүдделі екенін жасырмады.
Бұл жолы Өскеменге онға жуық мемлекеттің елшілері мен ірі өндіріс орындарының өкілдері ат басын тірегенін айту керек. Арасында Хорватия, Румыния, Нидерланд пен Финляндияның Қазақстандағы елшілері, сондай-ақ Германия, Франция, Швеция, Литва сияқты мемлекеттер елшіліктерінің қызметкерлері және компанияларының мамандары болды.
– Шетелдік әріптестерді әсіресе, сирек металдар мен «жасыл» сутегі өндірісі, логистика сияқты бағыттардағы байланыс қызықтыруда. Осы ретте, металлургия саласында ұзақ жылдар бойы қызмет көрсетіп келе жатқан шығысқазақстандық кәсіпорындардың айтары көп екені анық. Бұған Өскеменге келген Еуроодақ делегациясының мүшелері де көз жеткізді. Негізі, «ҮМЗ» мен «Казцинк» бұл бағыттағы жұмыстарды әлдеқашан бастап кеткен. Бүгінде аталмыш кәсіпорындар шетелдік компаниялармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп жатыр десек те болады. Сонымен қатар сапар барысында меймандарымыз Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-ға барып, республикадағы ғылым мен техника саласында білім беретін үздік жоғары оқу орындарының бірі саналатын университеттің жұмысымен танысты. Аталмыш жоғары оқу орнының да бірнеше еуропалық университетпен әріптестік байланыста екенін білеміз. Мәселен, осыдан біраз бұрын Неміс университеттерінің консорциумымен ынтымақтастық орнатқан. Елшілерді осы жайт та бейжай қалдырмады, – деген вице-министр осыншама мемлекеттің елшісі мен компания өкілдерінің басын қосқан мұндай сапарлар республиканың басқа ешбір өңіріне ұйымдастырылмағанын ерекше атап өтті.
Ал шетелдік делегацияны бастап әкелген Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің елшісі Кестутис Янкаускас мырза Еуроодақ пен еліміз арасындағы әріптестікті нығайтуға бірқатар фактор себеп болғанын алға тартты.
– Соңғы бір жыл ішінде әлемде орасан зор өзгерістер болғанын өздеріңіз де білерсіздер. Осыған байланысты, бүгінде Еуропалық Одақ шикізат импорттаудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруда. Бұл ретте, Қазақстанмен әріптестігіміздің көкжиегін кеңейте түсуге мүдделі екенімізді айтқым келеді. Өз экономикасын диверсификациялауға, оны модернизациялауға ұмтылған сіздердің ел үшін де бұл байланыстың тартымды, ұтымды тұстары көп. Сондай-ақ біздің елдер Қазақстанмен логистика саласын да дамытуды көздейді. Осы орайда, Каспий мен Оңтүстік Кавказ арқылы тауар тасымалдаудың әлеуеті жоғары екенін білеміз. Сондықтан дәл осындай сапарлар екі тарап үшін де тиімді болады деп есептейміз, – дейді Еуроодақ өкілдігінің елшісі.
Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ