Ынтымақтастық

«Лу Бань шеберханасы» ашылады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия-Қытай» саммиті аясында Қытай Халық Республикасына сапары барысында мемлекеттік деңгейде Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен ҚХР Тяньцзинь қаласының халық үкіметі арасында «Лу Бань шеберханасын» құру туралы келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Тяньцзинь кәсіби институты да аталмыш шеберхананы құру туралы өзара келісімшартқа қол қойды.

Жоба  Қазақстан мен ҚХР арасындағы қолданбалы технологиялар және жоғары техникалық білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, «Бір белдеу – бір жол» бастамасын қолдауды көздейді.

Қазақстан арқылы бес теміржол және алты автомобиль жолы, жалпы 11 халықаралық дәліз өтеді. Бұл – Шығыс пен Батыс арасындағы ең ірі транзиттік байланыс.

Автокөлік нарығындағы барлық көлік түрлеріне, оның ішінде гибридті және электромобильдерге қызмет көрсете алатын мамандар қажет. Осы орайда «Лу Бань атындағы шеберхана» жүргізетін «Автокөліктік құралдар» оқу бағдарламаларының тобы еліміздегі кадрлық сұранысты толықтырады.

Жоба Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында автомобиль көлігі саласындағы заманауи оқу зертханасын құруды, заманауи Қытай технологияларын пайдалана отырып, автомобиль көлігі саласындағы мамандар даярлайтын білім беру бағдарламаларын жетілдіру мүмкіндігін, Қытайдың жоғары және кәсіптік оқу орындарымен академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуді (қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу, бірлескен ғылыми жобалар және т.б.) көздейді.

Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button