Ынтымақтастық

Мәдени көпір орнатпақ

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан Өскемен шәріне бір топ қонақ келді. Жай қонақ емес, руханиятқа қызмет етіп жүрген кітапханашылар.

Көрші елден ат шалдырған меймандарды сол өлкенің Ақтан Бабиұлы атындағы кітапхана директоры Алтынкүл Дәлелқызы бастап келіпті. Айта кетейік, Ақын-драматург, өлкенің жаңа низам әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Ақтан Бабиұлы атындағы аталмыш кітапхананың 70 жылдан астам тарихы бар.

Алтынкүл Дәлелқызы бастаған делегация Өскеменде Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхананың жұмысымен жақын танысып, әріптестерімен пікір алмасты. Оқырманға көрсетілетін көмек түрлерін көрді. Кітапханадағы кітап қорының молдығына таңданыс білдірген қонақтар заманауи жабдықталған жаңа технологияға да ерекше қызығушылық танытты. Рухани орданың әр бөлімінің жұмысымен жіті танысқан кітапханашыларды мұндағы Bokey.kz сайты мен VR-киіз үй жобасы ерекше қызықтырды. Сондай-ақ олар Оралхан Бөкей атындағы әдеби залға қойылған жазушылардың шығармаларын, қолжазбалары мен естелік бұйымдарын тамашалап, екі ел кітапханаларының артық-кем тұстары туралы ой бөлісті.

Кездесу барысында баян-өлгейліктер О.Бөкей атындағы кітапхана директорына аймақ басшысының төсбелгісін табыс етті. Өскемен қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин моңғолиялық кітапханашылармен келісім жасасып, мәдени көпір орнататындығын айтты.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button