Саясат

Ұсыныстың барлығы салалық ведомстволарға жеткізілетін болды

Ұсыныстың барлығы салалық ведомстволарға жеткізілетін болды

Кеше Өскеменде облысымыздың аудандары мен қалаларының түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілері бас қосқан үш күндік сараптамалық фокус-зерттеу тобының қорытынды отырысы өтті.

Облыс орталығында осындай іс-шараның ұйымдастырылуына еліміздің Экономика және бюджеттік жоспарлау, сондай-ақ,

Өңірлік даму министрліктерінің біріккен арнайы жұмыс тобы мұрындық болғанын айта кету керек.

Облыстық, аудандық деңгейдегі мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, басқармалар мен департаменттер өкілдерінің пікір алмасу алаңына айналған жиында қаралған негізгі мәселелер сәулет және қала құрылысы, сонымен қатар, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу салаларын қамтыды. Фокус-зерттеу тобы мүшелерінің айтуынша, қазірде дәл осы екі бағыттағы мемлекеттік қызметтің жұмысына едәуір тежеу болып тұрған факторлар жетерлік. Мысалы, қоршаған орта эмиссияларына берілетін рұқсаттамалардың тапсырылу уақыты бір айдан кешіктірілмей жүзеге асуы тиіс. Мамандардың айтуынша, осыған қатысты құжаттарды тапсыру уақыты нақты белгіленетін болса, құзырлы орган қызметкерлері арасындағы «бармақ басты, көз қысты» жайлардың орын алуына жол берілмес еді. Сонымен қатар, жұмыс тобының мүшелері «4-дәрежедегі нысандарға экологиялық рұқсаттамаларды беру жағы аса міндетті емес, сондықтан оны алып тастаса да артықтық етпейді» деген пікірлерін айтып қалды.

Ал сәулет және қала құрылысы саласына келер болсақ, жиынға қатысушылар мұндағы негізгі проблемалардың бірі деп бірауыздан электрондық мәліметтер базасына кіру мәселесін айтуда. Яғни, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің автоматтандырылған жер кадастры ақпараттық жүйесінің қызметіне жүгіну жағы жеңілдетілуі керек екен. Қарапайым тілмен айтқанда, құзырлы мекемелер қызметкерлері жер мәселесіне қатысты барлық мәліметке еш қиындықсыз қол жеткізе алуы тиіс.

– Үш күн бойы екі сала бойынша халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартудың түрлі амал-шараларын қарастырдық. Осы уақыт ішінде шығысқазақстандық мемлекеттік қызметшілер өздерінің жоғары кәсіби мамандар екенін көрсете білді. Олардың жұмыс үдерісін жақсарту жөніндегі ұсыныстары, расымен де, өзекті болды. Енді осы ұсыныстардың барлығын жоғарғы сатыдағы құзырлы органдарға жеткізетін боламыз, – дейді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаментінің бас сарапшысы Әмина Ақылбекова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шара бірінші кезекте биліктің жергілікті органдарына аса қажет. Себебі, мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын орталық органдар жазады, ал олармен тікелей жұмысты жергілікті жерлердегі мекемелер жүргізеді. Кей жағдайларда аталмыш стандарттар қызмет көрсетуге толықтай сәйкес келмей жататыны сондықтан.

Сонымен қатар, жиын барысында биыл қазан айында Астанада электрондық үкіметке қатысты әлемдік форум өтетіні туралы белгілі болды. Министрлік өкілдері жиынға жиналған мемлекеттік қызметшілерді бұл басқосуға да қатысып, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуға шақырды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button