Суармалы алқаптардың ауқымы арта түспек
Қазір аймағымыздағы суармалы алқаптардың аумағы 200 мың гектардың үстінде. Алайда өткен жылы оның тек 75 мың гектары ғана игерілді. Биыл ол тағы біршама артып, 80 мың гектардың үстіне шығады деп жоспарланып отыр.
Топыраққа дән сіңіріп, аспаннан жаңбыр күтіп, табиғаттың рақымшылығына үміт артып отыратын, құнарлы қара топырақты алқаптарға егілетін егін, бау-бақшалардан алынатын өнімге қарағанда суармалы жерлерден әлдеқайда мол пайда табатынымыз белгілі. «Жеті күн жауған жаңбырдан желіп өткен су артық» деген нақыл сондықтан айтылған болар. Кеңестік кезеңде суармалы егістікке аса мән берілетін. Соның нәтижесінде облысымызда сандаған су қоймалары салынып, бөгендер жасалып, арық-тоғандар тартылып, қыруар қаржы жұмсалған. Алайда тоқсаныншы жылдары соның көбі адыра қалып, ақыры алқаптар ауқымы тым азайып кеткені шындық.
Енді, міне, осы олқылықтың орнын толтырып, кеткен кемшілікті қайта түзеу, сөйтіп сулы да нулы облысымыздың табиғат берген ен байлығын барынша пайдалану мақсатты түрде қолға алынып, алғашқы нәтижелерге де қол жетіп отыр. Оған соңғы жылдардағы осы бағытта атқарылып жатқан қыруар жұмыстар дәлел. Осы орайда облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен су қоймаларын жөндеу мен жаңадан салу жөніндегі 2012-2014 жылдарға арналған жоспарда аса ауқымды жобалар қарастырылған. Мәселен, онда тозығы жетіп тұрған алты су қоймасы мен 13 су тоспасына жөндеу жүргізумен бірге жаңадан су қоймаларын салу да қарастырылған. Ал өткен жылы су шаруашылығы нысандарын қайта жөндеу үшін қажетті жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге ғана 469200 мың теңге қаржы бөлініпті. Қазіргі уақытта облыста 15 нысанның құжаты әзірленуде. Суармалы жерлерді игеруге облыстық бюджеттен де қаржы қарастырылған.
– Осы жобалар іске асқанда қазіргі пайдаланылып жүрген алқаптарға қосымша тағы 80 мың гектар алқапты игеруге мүмкіндік тумақ, – дейді облысымыздағы «ШығысСушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бастығы Ділдәбек Оразбаев.
Суармалы жерлерді игеруге мемлекет тарапынан да қолдау-көмек артып келеді. Мәселен, осы мақсатта республикалық бюджеттен ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізіп берушілер қызметі үшін қыруар қаржы субсидия ретінде беріледі. 2008 жылы оның көлемі 30 миллионға жуықтаса, 2009 жылы 36 миллионның үстіне шығып, ал 2010 жылы 37 миллионға жуықтады. Биыл да егістікке арналған су үшін 39 миллион теңге субсидия берілмек.
Ауылшаруашылығының алға жылжуы үшін ең алдымен осы заманғы техника мен технологияны кеңінен енгізбей, күткен нәтижеге қол жеткізе алмасымыз анық. Ол суармалы алқаптарды игеріп, пайдалануға да тікелей қатысты. Яғни, диқандар бұрынғыдай арық жағалап, кетпен арқалап жүретін уақыт келмеске кеткен. Енді тек осы заманғы озық технология арқылы ғана алға баса аламыз.
– Сондықтан да облысымызда соңғы жылдары тамшылатып және жаңбырлатып суару сияқты әдістер кеңінен енгізіле бастады, – дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасы мелиорация бөлімінің бастығы Дулат Наққажин. – Мәселен, жүз гектар жерге егін салып, әр гектарынан шамамен он-он екі центнер өнім алғаннан гөрі жиырма гектар жерден тамшылатып суару арқылы соншалықты пайда табуға болады.
Дулат Ғазезұлының айтуынша, жалпы алғанда облыста тамшылатып суару алқабы 2015 жылы 1242 гектарға жетпек. Ал ол 2011 жылы 335 гектар болса, биыл 385 гектар болады. Одан басқа тағы да 900 гектар алқапты осы технология бойынша игеру үшін қажетті жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Тамшылатып суаруға аса мән беріп отырған аудандар арасында Семей қаласы мен Көкпекті, Глубокое, Бесқарағай аудандарын бөліп айтуға болады. Сол сияқты Тарбағатайда да құлшыныс бар.
Суармалы алқаптарды игеруде «Жаңбыр» деп аталатын технологияның алатын орны да ерекше болмақ. Негізі ол облысымызда кезінде кеңінен қолданылған болатын. Соның арқасында Зайсан көлінің жағалауы мен Ертіс бойындағы талай шаруашылықтар дәуірлеп тұрған еді. Енді сол әдісті қайта жаңғыртып, жаңбырлатып суару арқылы мал азығы мен егістік көлемін едәуір арттыру көзделініп отыр. Ол үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы қаражат та бөлінеді. Осы жұмысты Бесқарағай мен Тарбағатай аудандары қолға алып жатыр. Мәселен, Тарбағатайда Зайсан көлінің жағалауындағы бір кездегі алқаптарды қайта игеру үшін аудандық әкімдіктің тапсырысы бойынша арнайы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Ол биылғы жартыжылдықта дайын болмақ. Одан соң құрылыс жұмыстары басталады. Жоба бойынша орнатылған қондырғылар арқылы су шаруа қожалықтарына жеткізіледі. Жарық тартылып, электр қуатын пайдалану мүмкіндігі туады. Жүйенің қызметін шаруалар келісімшарт бойынша пайдаланатын болады. Сол сияқты Бесқарағай ауданында да Ертістен су алатын осындай жүйені іске қосу жоспарлануда. Сонда осы екі ауданда ғана жиыны алты мың гектар алқапты игеруге мүмкіндік тумақ.
– Облысымызда жаңбырлатып суару технологиясына арналған жүзге жуық техника, оның ішінде тракторлар бар. Бұрын осы әдіс Семейде, Зайсанда, Ұлан ауданында көп қолданылатын. Бірақ ендігі жабдықтар бұрынғы бір кездегіден өзгеше, біршама жетілген түрі, – дейді Дулат Наққажин. – Соңғы үлгідегі әдіс болғандықтан оның берері көп болады деп отырмыз.
Талай жылдар сұраусыз жатқан суармалы алқаптарымызды игеріп, халық кәдесіне жаратуды қолға алып отырған тұста оны пайдаланушы шаруашылық құрылымдарының да белсенділіктері мен жауапкершіліктері арта түспек. Әсіресе, су пайдалану мәселесіне биылдан бастап жаңаша көзқараспен қарауымыз керек дейді мамандар. Яғни, суға есеп жүргізу, оны бөліп беру, арық-тоғандарды тазалап, күтіп ұстау сияқты шаруашылық жұмыстарына ерекше мән берілмек. Себебі, судың да сұрауы бар. Тіршілік нәрін тиімді пайдалана білсек, табиғат-ананың да берері молая түспек.