Басты

Су арнасынан шыққан жоқ

Бүгінде Өскемен мен Риддер қалалары, сондай-ақ Абай, Бесқарағай, Зайсан, Тарбағатай, Үржар және Шемонайха аудандары аумағындағы қар толықтай еріп кеткен. Бұл туралы «Казгидромет» хабарлады.

Алайда облыстың бірқатар ауданында әлі де су басу қаупі сейілмей тұр. Атап айтсақ, Күршім ауданындағы Марқакөл табиғи қорығы аумағында жатқан қардың қалыңдығы 95 сантиметрге дейін жетеді екен. Сол сияқты Алтай (88 сантиметр) мен Глубокое (54 сантиметр) аудандарында да қар айтарлықтай көп. Өзге аудандар мен қалалардағы қардың қалыңдығы жылдың осы мезгілі үшін қалыпты 25 сантиметрден аспайды.

Мамандар облыс аумағындағы өзендерде мұз қабаты біршама жұқарғанын, кейбір жерде сең жүру үдерісі басталып кеткенін хабарлайды. Дегенмен әзірге ешбір өңірде мұз кептеліп, су арнасынан шықпаған.

Сәуір айы басталысымен облыста су тасқынына дайындық іс-шаралары күшейтілді. Соңғы мәлімет бойынша өңірде 655 тонна жанар-жағармай, бес мың тоннаға жуық инертті материалдар мен 111 465 қап дайындалып қойыпты. Сонымен қатар 340 мотопомпа да көмекке келуге сақадай сай.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, облыстағы су басу қаупі бар барлық елді мекенде апаттың алдын алу амалдары жасалған.

Бүгінде облыс көлеміндегі автокөлік жолдары мен теміржол бойында орналасқан барлық су өткізетін құрылыстың арнасы қар мен қоқыстан тазартылыпты.

Апатқа жол бермеу мақсатында Бұқтырма, Ертіс және Үбі сияқты ірі өзендерде жарылыс жұмыстары жүргізілген. Семей қаласы мен Алтай, Бесқарағай, Бородулиха, Катонқарағай және Шемонайха аудандарында атқарылған осындай іс-шаралар нәтижесінде жалпы ауданы 126 775 шаршы метрді құрайтын мұз жойылған.

Облыстық ТЖД-дан хабарлағандай, бүгінде әсіресе Алтай мен Катонқарағай аудандарының Бұқтырма және Ақсу өзендеріндегі жағдай жіті бақылауда. Қазір аталған екі өзенде қажетті жарылыс жұмыстары жүргізіліп, су арнасын мұздан тазарту іс-шаралары қолға алынған.

Ал Ертістегі су арнасын бір қалыпта ұстап тұру үшін қосымша резервуар дайындалыпты. Бұл резервуардың көмегімен өзен бойында орналасқан Бесқарағай ауданы мен Семей қаласына қарасты он елді мекенді қызыл судан құтқаруға болады.

Бүгінде барлық аудан мен қалада арнайы жұмыс комиссиялары құрылып, тасқынға – тосқын боларлық іс-қимылдары пысықталуда.

Тағы бір айта кетер жайт, апат орын алған жағдайда тұрғындар эвакуацияланатын пунктердегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталатын болады. «Бұл адамдар арасында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында жасалмақ», – дейді Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button