Денсаулық сақтау

Стационарлар үш деңгейге бөлінген

      «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бахыт облыстық ана мен бала орталығы мен облыстық ауруханаға барып, емдеу ұйымдарының пандемияның болжамды екінші толқынына дайындығын тексерді. Мониторинг жұмыстарының қорытындысы бойынша денсаулық сақтау басқармасы төмендегідей ақпаратпен бөлісті.

– Өңірде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты бірінші кезектегі міндет инфекцияның  таралуын баяулату, сырқаттанғандар санының күрт өсуіне жол бермеу болып табылады. Емдеуге жатқызу уақытын қысқарту және инфекциялық стационарларға жүктемені азайту үшін пациенттерді жай-күйінің ауырлығы бойынша эшелондау алгоритмі әзірленді, бұл төсек қорын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Осылайша, ауыр пациенттер өкпе тінінің зақымдану дәрежесіне және сатурация деңгейіне байланысты қандай да бір инфекциялық стационарға емдеуге жатқызылады. I, II, III деңгейлердегі сабақтастық пен өңірлендірудің бірыңғай жүйесінде 6 010 төсек-орынға (I деңгей – 2 466 (24,4%), II деңгей – 570 (9,5%), III деңгей – 2 974 (66,1%)) жұмыс істейтін инфекциялық стационарлар дайындалды. Барлық деңгейдегі инфекциялық стационарларда ПТР зерттеуі оң нәтиже көрсеткен пациенттер үшін бөлімшелер көзделген,  бұл төсек қорының 70%-ын құрайды. Ауруханаішілік инфекцияға жол бермеу үшін стационардағы төсек қорының қалған 30 пайызы ПТР нәтижесі теріс науқастарға бөлінген, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ли.

Салалық басқарма басшысының орынбасары әр деңгейге қандай стационарлар жататынын саралап берді. III деңгейге – жоғары технологиялық жабдығы (КТ, ПТР-зертхана, оперблок, ОАРиТ,  босанатын залы және т.б.) және өкпесі 50-ден астам зақымданған пациенттер үшін кадр әлеуеті бар инфекциялық стационарлар жатады. II деңгейге – жоғары технологиялық жабдығы бар ауданаралық инфекциялық стационарлар жатады. I деңгейге – өкпесі 50%-дан кем зақымданған пациенттерге арналған қалалық және аудандық деңгейдегі жұқпалы аурулар стационарлары жатады. II және I деңгейдегі инфекциялық стационарларға жеткізілуге тиіс ауыр науқас тасымалдауға келмейтін жағдайларда «қызыл аймақта» жұмыс істеу үшін шұғыл әрекет ететін көшпелі бригадалардың (анестезиолог-реаниматолог, инфекционист, пульмонолог және басқалар) жұмысы ұйымдастырылды.

Пневмонияға күдікті, бірақ ПТР, КТ нәтижелері теріс   пациенттер үшін фтизиопульмонология орталықтарында төмендегідей төсек-орын қоры әзірленген. Облыстық фтизиопульмонология орталығында 50 төсек, Өскемен қаласының №4 қалалық ауруханасында 225 төсек,  «Өңірлік фтизиопульмонология және оңалту орталығында 74 төсек, «Семей қаласының №2 қалалық ауруханасында 140 төсек және жүкті әйелдер үшін Өскемен қаласының №4 қалалық ауруханасында, облыстық ауруханада (тыныс алуы қиындаған науқастарға), Семей қаласының жедел медициналық жәрдем ауруханасында орындар дайындалған.

Владимир Лидің айтуынша, жедел медициналық жәрдем бригадалары пациентті алдымен компьютерлік томографияға жеткізеді. Іс-қимыл жоспарына сәйкес, пандемия жағдайында әрбір компьютерлік томограф 24/7 жұмыс режимімен белгілі бір қала мен ауданға бекітілген. Облыс көлемінде КТ аппараттары облыстық ана мен бала орталығы, облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығы, Өскемен қаласы бойынша «NOVA-диагностика» ЖШС, Семей қаласының жедел медициналық жәрдем ауруханасы, Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығы, Семей қаласы бойынша «NOVA-диагностика» ЖШС, Семей қаласының №7 емханасы, Алтай ауданының ауданаралық ауруханасы, Аягөз ауданының ауданаралық ауруханасында бар.

Облыста 377 мобильді бригада құрылған, оның 71-і Семей қаласы бойынша, 43-і Өскеменде. Олардың көмегімен амбулаториялық пациенттерді емдеу және «үйде өзін-өзі бақылау» чек-парақтарын қолдана отырып, инфекциялық стационардан шығарылған пациенттерді бақылау ұйымдастырылады.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда мониторингтік топтардың қоғамдық бақылауы күшейтілуде. Осы бағытта «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері облыс аумағындағы барлық мониторингтік топтардың құрамына кіре отырып, қоғамдық бақылауды жандандыратын болады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button