Облыс әкімі: бағыт-бағдар

Спорт шағын ауданында құрылыс қарқынды

Келесі жылы Өскеменнің Спорт шағын ауданында мектеп құрылысы басталады. Бұл туралы облыс орталығының жаңа шағын аудандарындағы тұрғын үй құрылысының барысымен және бірқатар жобалармен танысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді.

Театр ауданында сәулеті ерекше әрі заманауи тұрғын үйлер салынуда, қолданысқа берілгендері де бар. Биыл мұнда 600 орындық мектеп ашылады. Жалпы, үйлер сапалы салынуда, ауладағы жолдар алты метрге дейін кеңейтіліп, әр пәтер үшін бір жарым тұрақ орны қарастырылған.

– Биыл тағы 349 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары бар. Сондай-ақ облыс бойынша алты мектептің құрылысы көзделген, оның үшеуі Өскеменде салынады, – деді облыс әкімі.

Жібек маталар комбинаты шағын ауданындағы тұралап қалған колледжде құрылыс жұмыстары қайта басталды, бұл жерде математикалық дарыны бар балаларға арналған 910 орындық мектеп-интернат бой көтереді.

Келер жылы Спорт шағын ауданында мектеп құрылысы басталады. Ауқымды спорттық-мәдени кешен салу жобасы да бар.

– Жалпы, құрылыс жұмыстары кесте бойынша жүруде, кейбір ескертулер бар, бірақ олар тез арада жойылмақ. Жаңа шағын аудандар өмір сапасының барлық стандарттарына сәйкес келетініне сенімдімін, – деді аймақ басшысы.

 Ержан Кеңесұлы

 

Осы айдарда

Back to top button