Соғыс ардагерлеріне арналған госпитальда тегін емделуге бола ма?
-Мен Алматыдағы Отан соғысының ардагерлеріне арналған шипажайда соғысқа қатысушылардың отбасы мүшелері тегін емделеді деп естідім. Осының анық-қанығын біліп берсеңіздер.
Сайлаубек Жүнісбеков
Өскемен
Жауап госпитальғатікелей хабарласу арқылы дайындалды:
-Бұл шипажай емес, республикалық Отан соғысы мүгедектеріне арналған клиникалық госпиталь. Бірақ көрсетілетін қызмет түрлері шипажайдан кем емес.
Госпиталь Алматы қаласының орталығында орналасқан. Заманауи құрал-жабдықтар және аспаптармен қамтылған емдеу-диагностикалық корпусы емделушілерге кең ауқымды қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Табиғи минералды суы құрамы жағынан азоты аз минералды сілтілік гипертермия (42-44гр.), кремний қышқылы және фтормен байытылған, хлорлы-сульфатты-натрий бар. Ауа райы мен табиғи минералды судың қосындысы емдеуде керемет нәтижелер береді. Тұтынушыларға физиоемдеу кабинеттерініңқызметі ұсынылады, бассейні бар.
Екінші дүниежүзілік соғысы (Ұлы Отан соғысы) ардагерлерінің отбасылары, балалары, соларға теңестірілген тұлғалар: Семей полигонынан зардап шеккендер (қолдарында экологиялық куәлігі бар), ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыль апатын жоюға қатысқандар республикалық Отан соғысының мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталінде тегін емделе алады. Ол үшін жергілікті терапевтке барып, порталға кезекке тұру керек. Байланыс телефоны: 8(727) 395 16 95, бас дәрігер Дамир Абайділдаұлы Дәулетбаев.
Әзірлеген –Айна Ескенқызы