Жауап береміз

Сіз сұраған едіңіз…

Азамат Темірбеков

 Зейнетақы жинақтарымды ала аламын ба?

 – Екінші топтағы мүгедекпін. Қазіргі уақытта мүгедектігім бойынша жәрдемақы аламын. Сұрайын дегенім, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы өз жинақтарымнан тағы да төлемдер алғым келеді. Оны алу үшін маған не істеу қажет?

 Берікқали Шортамбаев                            Ұлан ауданы.

 Сіздің сұрағыңызға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері  жауап берді:

– Мерзімсіз белгіленген бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары болған кезде белгіленген кесте бойынша міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқылы. Бұдан басқа мүгедектігі бар адамдар тобына және мүгедектік белгіленген мерзіміне қарамастан, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған жинақтардан зейнетақы төлемдерін ала алады.

Зейнетақы жинақтарын төлеуге өтінішті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры кеңсесіне жеке өзі немесе сенімді тұлға, сондай-ақ пошта арқылы да беруге болады. Зейнетақы жинақтарын алуға өтінішті enpf.kz сайты арқылы онлайн режимде берген өте ыңғайлы. Ол үшін  электронды цифрлық қолтаңба болуы қажет. Оны да Egov.kz сайтынан алуға болады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тапсырыс берушіде мүгедектіктің бар-жоғын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалған келісім шеңберінде веб-сервис арқылы мүгедектерді есепке алу жүйесінің орталықтандырылған деректер банкінен Мемлекеттік корпорация арқылы мәліметтер алу жолымен дербес тексеріледі.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында мерзімсіз уақытқа бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар тұлғалар үшін үйіне барып қызмет көрсету сервисі ұйымдастырылған. Бұл ретте алдын ала кеңес беру, оның ішінде қызметтерді қашықтан  алу мүмкіндігіне тексеру жүргізіледі.

Жеңілдікпен несие алуға бола ма?

Мүгедек бала асырап отырған отбасы едік. Жақында біз сияқты  отбасыларға төмен пайызбен несие алып, баспана сатып алуға мүмкіндік жасалатыны жайында жаңалықты көзім шалған еді. Бұл қаншалықты шындыққа сай? Егер шынымен де осындай жеңілдікпен берілетін несиелер болса, оларды алуға біз сияқты отбасылардың мүмкіндігі бар ма?

 Нұржәмилә Бердіқожақызы                  Өскемен қаласы.

Жақында еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі Бауыржан Қабдолдың қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты барысында мүгедек балалары бар отбасылар тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың басым санаттарына кіргені жайында айтылған болатын. Брифинг барысында Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы таныстырылды. Жаңа құжатта тұрғын үй мәселелерін шешуге аса мұқтаж азаматтардың ең осал төрт санаты айқындалып, оған көпбалалы отбасылар, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедек балалары бар отбасылар мен жетім балалар енгізілді.

Тұрғын үй мәселелері «Отбасы банкі» арқылы жеңілдетілген несие беру арқылы шешілмек. Азаматтардың кірісі мен есепке қою күніне байланысты Үкімет жергілікті атқарушы орган салған несиелік баспананы сатып алуға арналған 2 және 5 пайызбен жеңілдетілген ипотекалық несие беруді көздейді. Ол жерде бастапқы жарна – 10 пайыз, ал несие  мерзімі 20 жыл болады.

2 пайыздық ипотека көпбалалы отбасыларына, сондай-ақ 1-ші және 2-ші топтағы мүгедек адамдарға, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларына, сондай-ақ жетім балаларға тиесілі. Әкімдікте кезекте тұрған басқа да азаматтарға жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй қарызы беріледі. Бұдан басқа, биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықтың неғұрлым осал топтарының мәселелерін жедел шешу мақсатында жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алу үшін тұрғын үй төлемдері енгізілді.

Жәрдемақыны қалай ресімдеуге болады?

– Бала тапқаны және оның күтімі үшін берілетін жәрдемақыларды ресімдеудің қандай тәсілдері бар? Оны ресімдеуге қандай құжаттар керек? Жалпы, аталмыш төлемдердің мөлшері қандай?

 Самал Жармахан                             Глубокое ауданы.

Сіздің сауалыңызға «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Азамат Есембулов  жауап берді.

Бала табуға және оның күтіміне байланысты төлемақыны алудың бірнеше тәсілі бар. Атап айтсақ, төлемақының аталмыш түрлерін Халыққа қызмет көрсету орталықтары, eGov.kz порталы, Kaspi және Halyk Homebank мобильді қосымшалары арқылы және SMS арқылы проактивті түрде ресімдеуге болады. Ал аталған жәрдемақыларды алу үшін баланың туған күнінен бастап 12 ай ішінде жүгінуге болады. Бала күтіміне байланысты төлемақы бала бір жасқа толғанға дейін ай сайын төленеді.

Осындай жәрдемақыларды тағайындау бойынша композитті қызмет көрсететін Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде азаматтар жеке куәліктерін, баланың туу туралы куәлігін және банктегі шот нөмірін көрсетуі қажет.

Өткен жылдың бірінші сәуірінен бастап, бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы бірінші, екінші және үшінші балаға 38 айлық есептік көрсеткіш, ал төртінші және одан көп балаға 63 айлық есептік көрсеткіш көлемінде  болатын. Тағы бір айта кетерлік мәселе, аталған жәрдемақы отбасының табысына қарамастан тағайындалады.

Грант беру қашан басталады?

– Халықты жұмыспен қамтуға байланысты бағдарламалар бойынша берілетін гранттар қашан беріле бастайды? Осындай гранттардың беріле бастағаны жайлы ақпаратты қайдан білуге болады?

 Еркебұлан Омарғазыұлы               Самар ауданы.

Сіздің гранттарға қатысты өтінішіңізге жауап Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында былай деп берілген:

«Гранттар беру тәртібі Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 7 ақпандағы № 47 бұйрығымен бекітілген Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларымен реттеледі.

Бірінші лекке үміткерлерден өтініштер қабылдау 2023 жылғы 20 ақпанда басталады. Жоғарыда айтылған қағидаларға сәйкес грант алуға өтініштерді қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыру өтініштер қабылданғанға дейін күнтізбелік 10 күн бұрын, яғни 2023 жылғы 8 ақпаннан бастап халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жарияланатын болады».

Еңбекке жарамсыздық парағын алуға бола ма? 

– Балабақшаға баратын үш жастағы балама психикалық даму бөгелісі деген диагноз қойылған. Бала қатаң диетаға отырғызылғандықтан балабақшаға тұрақты бара алмайды. Осыған орай оны үйде сауықтыру және оңалту мақсатында ата-анасының бірі бала күтімі бойынша еңбекке жарамсыздық парағын аштыра ала ма?  

Нұрболхан Зекібаев                       Алтай ауданы

 Сіздің сұрағыңызға еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің өкілдері  жауап берді:

«Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 қарашадағы № ҚР ДСМ-198/2020 бұйрығының 4-параграфына сәйкес, науқас балаға күтім жасау бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын медицина қызметкері тікелей күтім жасауды жүзеге асыратын баланың заңды өкілдерінің немесе жақын туыстарының біреуіне береді. Науқас балаға күтім жасау бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағы немесе анықтамасы ол күтім жасауды қажет еткен кезеңнің ішінде, бірақ күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімге (медициналық ұйым басшысының қолы қойылып) беріледі және ұзартылады.

Медициналық көмек көрсетуге қатысты қосымша сұрақтар туындаған жағдайда сіз балаңыздың тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүгіне аласыз».

Осы айдарда

Back to top button