Жауап береміз

Кәуап. Коньки. Дрифт

Қысы-жазы адам қарасы үзілмейтін Сібе көлдері талайға таңдай қақтырған тамаша жер. Бұрын жұрт бұл өлкенің сұлулығына тамсанып таңдай қағушы еді, енді көрікті көлдің төңірегіндегі көңілсіз жағдайды көріп бас шайқайтын болған. Неге? Мына бейнероликті тамашалаңыз.

(ашық дереккөздерден)

Иә, жазда суға шомылуға баратын халық қыс түсе салысымен шанасын сүйреп тағы сол Сібеге барады. Өкініштісі демалған халықтың артынан қалатыны сол баяғы шашылған қоқыс. Көктемде мұз ерігенде оның бәрі қайда кетеді? Көп ойланудың қажеті жоқ. Біліп тұрсыз. Ол аз десеңіз мұз бетінде дрифт жасайтын көліктерді де көруге болады. Мұздың бетінде коньки тепкен демалушылармен бірге айналасын көк түтінге көмген көліктер де жүр. Әлеуметтік желіде жарыса жазып жатса да, әзірше оған құлақ түретін ешкім табылмай тұр.

– Қожайыны жоқ! Әйтеуір ала жаздай әр көлікке ақша алатындар бар. Аз ақша алмайды. Бірақ жасалып жатқан түк те жоқ. Тазалық жоқ. Оны халық айтпаса да біледі, – дейді тұрғын Тамара Налковская.

– Бұл жерде неге тәртіп сақшылары жоқ? Бәріне айыппұл салуы керек қой, – дейді Светлана Романова.

Халықты алаңдатқан мәселеге қатысты жауапты тұлғалар не дейді?

– Сібе көлдері қазір Бозанбай ауылының теңгерімінде. Сол себепті қазір тапсырма береміз. Қоқыстар жиналады, – дейді Ұлан аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Санат Буштакбаев.

Біз Бозанбай ауылдық округінің әкіміне хабарласып, «дрифт жасап жүрген көліктерге неге ешкім тыйым салмайды», – деген сауал қойдық.

– Үшінші көлге апаратын қақпалар жабық жатыр. Ол көліктердің қайдан және қалай кіріп кеткенін білмейміз. Мүмкін жекеменшік аумақтан кіріп кеткен болар. Сібе көлдерін бақылауға барып тұрамыз, алайда көліктердің «дрифт» жасағанын байқамаппын, – деген Жасулан Мұхтаров қоқыстарды көктемге қарай жинап тастаймыз, деп уәде берді.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бір тобы бұл жағдайға әкімдіктегілерді айыптаса, енді бір тобы демалушылардың мәдениетін сыңға алды. Не десек те, табиғатты аялайық.

Балауса Мэлсқызы

Осы айдарда

Back to top button