Жауап беремізТОП

Зейнетақы жинағының бір бөлігін кімдер ала алады?

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, қазақстандықтар жас шамасына қарай зейнетақы жинағының белгіленген шектік мөлшерден асқан бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ипотекалық қарызды жабуға, денсаулығын түзетуге және өзі таңдаған қаржы компанияларының басқаруына беруге мүмкіндік алғаны белгілі. Соған орай, оқырмандарды толғандырған сауалдар да көп. Біз оларды  облыс орталығына іссапармен келіп, арнайы брифинг өткізген “Отбасы банкі” тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшановқа қойған едік.

– Нұрлан Сағындықұлы, зейнетақы қорындағы ақшаны белгілі бір мақсатқа аударған кезде екінші деңгейлі банктер комиссия ұстай ма? Ұстаса, пайызға шаққанда қанша мөлшерде болмақ?

– Бірден айтайын, үлкен әлеуметтік жауапкершілікті, халықтың үміті мен  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасының маңыздылығын ескере отырып, «Отбасы банкі» уәкілетті оператор ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-нан зейнетақы жинақтарының төлемдерін қабылдау және есепке алу, қордан зейнетақы жинақтары аударылатын арнайы ағымдағы шоттарды ашу және жүргізуге қатысты агенттік қызметтер көрсеткені үшін комиссия алмайды. Ал басқа екінші деңгейлі банктер үшін жауап беру менің құзырыма кірмейді.

– Зейнетақы қорынан қаражат шешкен кезде неліктен қосымша құн салығы ұсталынады, бұл қаншалықты заңды? Өйткені біз жалақы алған кезде салықты төлеп қоямыз ғой. Қарап тұрсақ, екі рет салық алынатын сияқты.

– Бірінші кезекте Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы” заңының 25-бабы негізінде азаматтардың ай сайынғы тапқан жалақысынан 10% мөлшерінде зейнетақы жинақтары алынады. Зейнетақы жинағы ұсталғаннан кейін қалған сомадан 10% жеке табыс салығы ұсталынады (ҚР Салық кодексінің 320-бабына сәйкес).

Газет оқырмандарына түсінікті болуы үшін айта кетейін, зейнетақы жинағынан салық заңға сәйкес бұрын да ұсталынып келген. Бірақ оған ол кезде адамдар онша мән бермеген сияқты. Енді жаппай бір бөлігін шешіп алуға рұқсат берілген кезде, мұндай сұрақтың туындауы бір жағынан заңды да.

– Зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға арналған шектік мөлшер тым көп сияқты, көп адамдар ала алмай қалды. Мәселен, әйел адамдар көбінде үш жыл декреттік демалыста болғандықтан, зейнетақы жинақтары аз жиналады. Алдағы уақытта осы шектік мөлшерді төмендету жоспарда бар ма, неге 50/50 етпеске? Оның шектік мөлшерін кімдер белгілейді?

– Зейнетақы жинақтарын алу үшін жеткіліктілік шегін БЖЗҚ өзі реттейді. Жалпы біздің банк бұл сұрақты қарастырмайды. Толық ақпарат алу үшін «БЖЗҚ» АҚ-на немесе ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласу қажет.

– Шешілген соманың салығын қай уақытта төлеу керек? Қазір екі жолы барын айтып жатыр. Қайсысы тиімді халық үшін? Сол туралы нақтырақ тарқатып айтсаңыз.

– Зейнетақы жинақтарының төлемдерінен  Салық заңнамасына сәйкес жеке табыс салығы ұсталады. Салықты жинақтың тиісті бөлігін шешкен кезде бірден төлеп кетуге болады. Сонымен қатар алушыларға ЖТС төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі де берілді. Оны салымшылар зейнетке шыққан кезде ғана төлейді. Кейінге қалдыруды таңдаған жағдайда, зейнетақы төлемдерін алушылар жеткіліктілік шегінен асатын барлық соманы ала алады. Меніңше, халық үшін соңғысы тиімді, себебі тұрғындарға қазіргі уақытта үй алу үшін неғұрлым көбірек ақша алу керек қой.

 

– Зейнетақы жинағының қанша мөлшерін шешіп алу керектігін қалай білуге болады? ЖСН енгізу арқылы білуге бола ма? Бұл сұрақтың интернет байланысы жоқ шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін маңызы зор. Себебі, олар қажетті ақпаратты газет пен теледидардан ғана алып отыр.

– БЖЗҚ ресми сайтында қор салымшысының жеке кабинетінде бұл сауалға жауап ретінде толық ақпарат орналастырылған. Сонымен бірге, үзінді-көшірме де баршаға қолжетімді. Ал аудан орталықтарына, алыс ауылдарға келетін болсақ, біздің банктің консультант-кеңесшілері аудандарға түсіндіру жұмыстарымен жиі шығып тұрады.

– Мысалы, мен ары қарай сатып алу шартымен арендалық үйде тұрамын. Сол үйді сатып алу үшін атауы өзгерген «Отбасы банкінде» депозит ашып, ай сайын қаражат салып отырмын. Менің жағдайымда зейнетақы жинағының маған берілетін бөлігін депозитке аудара аламын ба? 

– Сіз өз зейнетақы жинағыңызды несиені рәсімдеу үшін бастапқы жарна ретінде пайдалана аласыз. Ал қазір шешіп алып, депозитке салып қою қарастырылмаған. Тек үйіңізді алар кезде ғана, шектік мөлшерден асқан сомаңызды жетпей тұрған несиеңіз үшін іске жарата аласыз. Кейін сатып алатын арендалық үйлерде де солай. Үй бағасының 50 пайызын толтырып, өз атыңызға ипотека рәсімдеу үшін зейнетақы жинағыңыздың тиесілі бөлігін қолдануға болады.

– Жинақты шешу, аудару жұмыстарына әзірге екінші деңгейлі екі банк қана оператор болып отыр. Алдағы уақытта олардың саны артуы мүмкін бе?

– Бүгінгі күнде зейнетақы жинақтарын пайдалану жөніндегі уәкілетті операторлар “Отбасы банкі” АҚ, “Halyk Bank” АҚ және «Altyn Bank» АҚ болып отыр, жақында олардың қатарына «БанкЦентрКредит» АҚ қосылды. Болашақта одан әрі операторлар басқа банктер де болуы мүмкін.

– Уәкілетті оператордың рөлі неде?

– Еліміз бойынша Қордағы қаражаты жеткіліктілік шегінен асатын 700 мың қазақстандық бар. Бұл – қомақты сан. БЖЗҚ сайтында немесе электрондық үкімет порталында алуға рұқсат етілген сома көлемін білуге ​​болады. Бізге өтініш жолдайды. Мақсатын анықтағаннан кейін пайдаланушы қолданғысы келетін соманы көрсетіп, бірқатар құжаттарды порталға жүктеуі қажет. Бұл тізім әр мақсатқа бейімделетін болады. Пайдаланушы БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотынан қаражат шығаруға өтініш жібергеннен кейін, “Отбасы банкі” АҚ құжаттардың дұрыстығын және олардың белгіленген мақсатқа сәйкестігін тексереді. Өтінім қаралып, мақұлданған жағдайда БЖЗҚ-нан зейнетақы төлемдері аударылатын ағымдағы шот онлайн ашылады. Шотқа түскен қаражат өтінімде көрсетілген деректемелерге сәйкес аударылады. Біз бұл процесті онлайн режимде, клиенттеріміз үшін барынша ыңғайлы әрі түсінікті етіп жасадық.

– Неліктен бұл жұмыстың онлайн іске асқаны маңызды?

– Бұл – заман талабы. Сонымен қатар мұндай үлкен ағынды – 700 мың адамды оффлайн режимде өткізу шындыққа жанаспайды, бұл кезде барлық басқа операцияларды екі айға жаба тұруға тура келеді. Адамдар бұл мәселені саналы түрде түсінеді деп сенемін.

– “Отбасы Банкі” АҚ-ның цифрлық қызметтер енгізуінің тиімділігін қалай білуге болады? Қайтарымы бар ма?

– Қайтарымы  бар. Біз өткен жылдың сәуір айында да пандемия жағдайында жұмыс істеу қажеттілігіне тап болдық. Кеңселердегі қызметкерлер санына шектеулер қойдық және көптеген функциялар бірінші күннен бастап қашықтан жұмыс істеуге кеткен және әлі де оралмаған байланыс орталығына берілді. Консультациялық қызметтер осы форматта жүзеге асырылады. Біздің банкте, өздеріңіз білетіндей, жеңілдетілген несие алуға жол – қаражат жинақтаудан басталады және бұл алғашқы қадамды енді бейнебанкинг көмегімен жасауға болады. Барлығы өте қарапайым: біздің сайттың клиенті біздің бейнеоператорға қоңырау шалады және биометрия арқылы сәйкестендіруден өтеді. Содан кейін ол сертификатын көрсетеді, осылайша депозит аша алады.

Карантин кезінде бұл қызмет өте танымал болды. Осы уақыт аралығында 77 мың депозит ашылды және бұл біздің былтыр ашқан депозиттердің жалпы санының 20 пайызын құрайды.Қыркүйек айында біз клиенттің өз бетінше байланыс орталығының қызметіне жүгінбей-ақ, мобильді қосымша арқылы депозит ашуына болатын қызметті іске қостық. Бұл қызмет үлкен танымалдыққа ие болып, қосылған уақыттан бері біз жарнамасыз 8 мың депозит аштық. Енді біз келесі қадам – ​​онлайн режимде несие алу бойынша жұмыс істеудеміз. Келешектегі міндет – бүкіл процесті осындай жұмыс режиміне ауыстыру.

 

– Зейнетақы қаражатына тұрғын үй сатып алушылар үшін банктен қандай да бір жеңілдіктер бола ма? Сондай-ақ осы кезеңде елімізде баспана бағасы шарықтап кетуі де мүмкін ғой.

– Азаматтардың белгілі бір топтары үшін жеке табыс салығын төлеу кезінде жеңілдіктер бар. Ал үйдің бағасына келсек, бұл мәселені Президенттің өзі бақылауда ұстап отыр және жақында үй бағасын қымбаттатпау туралы тапсырма да берді. Біздің жоспар бойынша зейнетақы жинағын шешіп алу процесі кезінде баспана бағасы қымбаттамау керек, өйткені салымшылардың басым көпшілігі қаражатты жаңа баспана алу үшін емес, бұрын алған үйінің ипотекалық қарызын жабуға жұмсайтын болады.

– Жалпы, осы зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алу жұмыстары қанша уақытқа дейін жалғасады? Қандай да бір нақтыланған мерзімі бар ма, әлде елдің бәрі алып біткенше созыла бере ме?

– Зейнетақы жинақтарын пайдаланудың нақты мерзімі көрсетілмеген. Сондықтан тоқтап қалады деп алаңдауға негіз жоқ. Салымшылар зейнетақы жинағын шешкен жағдайда 45 күн ішінде өзі анықтаған мақсатына сәйкес пайдалануы қажет. Егер аталған мерзімде үлгермесе, қаражат қорға қайтарылады. Алайда тұрғындар қайтадан екінші мәрте өтініш беріп, жинағын мақсатына пайдалана алады.

– Қалай ойлайсыз, зейнетақы қаражатын пайдалануға асыққан жөн бе?

– Егер мен зейнетақы жинағымды пәтер алуға жұмсайтын болсам, онда араға біраз уақыт салып, асықпаған болар едім. Біз бұл жерде жыл басында болатын ықтимал дүрлікпе туралы айтып отырмыз және бұл мәселемен әдетте үйдің бағасы төмендейтін жаз мезгілінде айналысқан болар едім. Бірақ әрине, әркім шешімді өзі қабылдайды.

Суреттерді түсірген – Тілеубек Шаяхмет

 

Сұхбаттасқан – Дәурен Аллабергенұлы

 

Осы айдарда

Back to top button