Білім

Соңғы қоңырауға ата-аналар қатыса ма?

3-4 маусым күндері өтетін соңғы қоңырау мектептердің ашық алаңында өтеді. Бұл салтанатты шараға қатысушылар арасында 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтық және бетперде кию тәртібі сақталады.

Алғашқы бітіруші сынып, яғни 11 «А» сыныбының түлектері үшін сағат оннан бастап аттестаттар тапсырылып, «Алтын белгі» және ерекше үлгідегі аттестат иегерлеріне құрмет көрсетіледі. Арасындағы жиырма минуттық үзілісте алаң залалсыздандырылады. Ары қарай келесі сыныптың мектеп бітірушілеріне аттестат тапсыру жалғасады. «Шығыс» өңірлік орталығы басшысының орынбасары Аркадий Исаевтың айтуынша, коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында мектеп бітіру салтанатына қатысатын ата-аналар саны екіден аспауы керек. Яғни, бұл жолы бұрынғыдай ата-әжесі, басқа да туыстары қатыса алмайды.

Облыстық мамандандырылған IT мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлия Ғабдуллина айтып өткендей, бұл мектепті биыл 24 түлек бітіріп шығады. Оның бесеуі – «Алтын белгіге» үміткер. Түлектер соңғы қоңырауға тек мектеп формасымен қатысады. Шара барысында «Түлектер аллеясына» көшеттер отырғызылады. Ал 1-10 сынып оқушылары өздерінің құттықтаулары мен ән-шашуларын бейнеролик арқылы жолдайды.

Түлектердің мектеп бітіру кешін әдеттегідей мейрамханаларда атап өтуге, көлікпен серуендеуге қатаң тыйым салынды.

Айжанат Бақытқызы

 

Осы айдарда

Back to top button