Іскерлік байланыс ірі жобаларға жетелейді
Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағынан (ШҰАР) арнайы өкілдер келді Шығысқа. Бизнес саласының мамандарынан құралған шетелдік делегаттармен кеше облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев Өскемендегі «Алтай» технопаркінде дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Мақсат жалғыз – екі ел арасындағы сауда-саттықты өркендету, экономика-лық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту.
– Бүгінгі кездесуіміз Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасындағы бұрыннан қалыптасқан ынтымақтас-тық қарым-қатынасты одан әрі кү-шейте түседі деген сенімдемін. Біздің облыс – өндірістік әлеуеті зор, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, ғылым мен технологияға жете мән беріп отырған аймақ. Өңіріміз табиғи байлықтардан да кенде емес. Мәселен, өткен жылы облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5 млрд. долларға дейін өсті. Үдемелі индустриялды-инновациялық бағдарламалар қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Шағын және орта кәсіпкерлікке барынша қолдау көрсетіледі, – деген Владимир Кошелев аймақтың экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып, келешекте атқарылатын іс-жоспарлар турасында айтып өтті.
Туризм демекші, осы саланы өркендету үшін әуелі инфрақұрылым жүргізіп, қызмет көрсетуді жетілдіру керек, тозып тұрған демалыс орындары мен сауықтыру орталықтарын жаңғыртып, жаңадан туристік нысандар салынуы тиіс. Жолдардың сапасын жақсартып, көліктік-логистика жүйесін құру керек. Әсіресе, теміржолдарды салу арқылы Азия және ТМД елдерінің арасын жалғайтын үлкен дәліз орнатуға қол жеткіземіз. Соның ішінде келешекте Ресейдің Сібір аймақтары мен Орал, Архангельскіні тікелей байланыстыратын «Белкомур» магистраліне қосылатын «Зырян – Майқапшағай» теміржол құрылысын салу жос-парда бар. Теміржол тармақтарының ашылуы жаңа кен орындарын игеруге, мұнай мен газды тасымалдауға, ауыл шаруашылығын жетілдіре түсуге, қысқы-жазғы туризмді гүлдендіруге, сондай-ақ, Қазақстан, Ресей, Қытай мемлекеттері, Еуропа елдері арасында қосымша жүк тасымалын арттыруға ықпалын тигізбек.
Ал шетелдік меймандар болса өз тараптарынан бірқатар ұсыныс, пікірлерін айтты. Олар үшін бүгінгі күні аса қажетті шикізаттың бірі – көмір. Қытайдағы жылу-электр орталықтарының көбісі осы қатты отынмен қамтамасыз етіледі екен. Сол сияқты көршілеріміздің көңілі қалаған өнімдердің қатарында Жарма ауданында өндірілетін әктас бар, бұл цемент шығаруға таптырмайтын материал деседі мамандар. Одан бөлек қағаз өндірісіне қажетті кәдімгі қамысты да қытайлық кәсіпкерлер қазақ даласынан тасымалдасақ дейді. Есесіне Қазақстанда ауылшаруашы-лық техникаларын, оларға қажетті қосалқы жабдықтарды шығаратын зауыт салуға, Мақаншы ауылында үлкен сауда орталығын құруға және басқа да кәсіпорындар ашуға ниетті екендіктерін жеткізді.
– Біздің жақтан бірқатар бизнес өкілдері келуге тілек білдіріп еді, өкінішке қарай, виза мәселесінің шешілмеуіне байланысты делегация құрамына қосыла алмады. Дегенмен, мұндағы айтылған әңгімелерді, ұсыныстар мен жобаларды біз оларға міндетті түрде жеткіземіз, – деген ШҰАР Тарбағатай аймағы әкімінің орынбасары Маметжан Абыл сауда-экономикалық селбестікті нығайтуды мұрат тұтқан бірқатар жобаларды алға тартты.
Оның айтуынша, Шығыс Қазақстаннан басқа көршілес жатқан өзге де облыстарды қытай тауарларымен қамтамасыз ететін үлкен сауда орталығын Үржар ауданы Мақаншы ауылында ашу көзделіп отыр.
– Біз бұл орталықты өз қаражатымызға салмақшымыз. Сонымен қоса тауарлар сақтайтын қоймалар салу ойымызда бар. Осы нысандарға қажетті жер телімін бөлуге және құжаттарды әзірлеуге, басқа да жұмыстарды жүргізуге сіздердің тараптан көмек көрсетілсе. Қалғанының бәрін өзіміз жасаймыз, – дейді Маметжан Абыл.
Кездесу барысында Қытайдан келген қонақтар Аягөз – Шәуешек бағытында теміржол құрылысын салу, құс фабрикасын ашу тәрізді ұсыныстарын айта келе ендігі болатын іскерлік кездесуді ШҰАР-да өткізуге ниетті екендіктерін жеткізді.