Өскеменнің тауында көк байрағымыз желбіреп тұр
Осыдан үш жыл бұрын аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен Өскемендегі Красин кенті жақтағы Аблакет тауының ең ұшар басына тұғыр орнатылып, оған еліміздің көк байрағы тігілген-ді, баурайына үлкен әріптермен «Қазақстан» деп жазылған болатын.
Аспанмен тілдескен жалау мен жарқыраған жазу қаланың қай тұсынан болсын көзге оттай басылып, мен мұндалап, елдігімізді айғақтап, рухымызды асқақтатып тұр. Ұрпақ бойына ұлттық патриотизмді ешқандай насихатсыз-ақ, тек осындай символикалар арқылы сіңіруге болады екен.
Былтыр жазда Конституция күні қарсаңында «Қазақстан» жазуы және мемлекеттік Ту жаңартылды. Ол жерге электр желісі тартылды, енді жазу мен байрақ түнде де көрініп тұрады. Сондай-ақ, жалау саптың ұзындығы 40 метрге дейін көтеріліп, тудың көлемі ұлғайтылды. Енді өскемендік көк байрақ – еліміздегі ең үлкен тулардың бірі. Оның ені – 6, ұзындығы – 12 метр. Ал, «Қазақстан» деген тау баурайына жазылған үлкен жазу елімізде тек Өскеменде ғана бар.
Айта кетерлік жайт, еліміздегі ең үлкен Ту Астанада желбіреп тұр. Ені – 15, ұзындығы 30 метр болатын бұл байрақ «Атамекен» кешенінде тігілген.
Өткен жылдың қараша айында осы тауда жас мемлекеттік қызметкерлер салтанатты түрде ант қабылдады. Оған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов қатысты. Ту тігілген алаңдағы амфитеатрда қызметкерлер еліне адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді.