Саясат

Өскеменде – жаңа әкім

Өскеменде - жаңа әкім

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Өскемен қаласының актив жиынында жаңадан тағайындалған қала әкімі Ерлан Аймұқашевты таныстырды. Облыс орталығының бұрынғы басшысы Темірбек Қасымжанов жақын арада басқа қызметтің тізгінін ұстайтын болады.
Актив жиынына облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, кәсіпорын жетекшілері, кәсіпкерлер, ардагерлер мен саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Президенттің Жарлығына сәйкес облыс әкімінің өкімімен, қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Өскемен қаласының әкімі болып Ерлан Аймұқашев тағайындалды. Ерлан Қапарұлы осыған дейін бірқатар лауазымды, жауапты қызметтерді атқарған тәжірибесі мол маман. Кейінгі бір жарым жылда облыс әкімінің аппаратына басшылық етті, – деген аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ жаңа әкімге жүктеліп отырған бірқатар міндеттерді атап көрсетті.
Алда тұрған ең үлкен міндеттердің бірі – халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Бұл ретте бәрінен бұрын білім беру саласының деңгейін көтеріп, тиімділігін арттыру керек. Сол секілді денсаулық сақтау саласын бүгінгі заманға сай дамытып, мықты кадрлармен қамтамасыз ету де маңызды. Осы және басқа да мәселелерге жеке-жеке тоқталып, нақты тапсырма берген облыс әкімі қаладағы ортақ істі бірлесе тындыруға шақырды.
– Маған сенім білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау жолында барлық білімімді, тәжірибемді, күш-жігерімді сарп етуге дайынмын. Осындағы әріптестеріммен, депутаттық корпуспен тізе қосып, қаланың дамуы үшін белсенді жұмыс істейтін боламыз, – деді Өскемен қаласының жаңа әкімі Ерлан Аймұқашев.
Өз кезегінде қаланың бұрынғы әкімі Темірбек Қасымжанов облыс басшысымен бірге қызмет еткен бір жарым жылда көп нәрсені үйреніп, тәжірибе жинағанын айтты.
– Қолдау білдірген қала активіне, депутаттарға, қарапайым тұрғындарға алғыс айтамын. Президент пен облыс басшысының берген тапсырмаларын жүзеге асыру үшін ары қарай да жұмыс істей беремін, – деді Темірбек Қасымжанов.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button