Білім

Өскемендік оқушы ерекше шөпшай жасап шығарды

Еліміз әлемде шай ішу көрсеткіші бойынша оныншы орын алады. Жан басына шаққанда әрбір қазақстандық жылына бір жарым келі шай тұтынады екен. Бір қызығы, шай өсіретін Үндістан мен Қытай тұрғындары бұл тамаша сусынды бізден аз ішетін көрінеді. Еліміз жылына шамамен 100 миллион долларға 12 миллион тонна шайды сырттан, негізінен Үндістан мен Кениядан сатып алады.

Импортты отандық өніммен алмастыруға болады дейді сарапшылар. Десек те, қоңыржай климатты елімізде жылусүйгіш қара шай өспейді. Осы ретте биологтар классикалық шайдың орнына өзге шипалы шөптерден жасалған шайды тұтынған әрі арзан, әрі денсаулыққа пайдалы деп отыр.

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ биология кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты Гүлназ Садықанова елімізде, оның ішінде біздің Алтайда дәрілік қасиеті бар жабайы өсімдіктердің бай қоры барын айтады.

– Шөптермен емдеу, яғни фитотерапия – бағзы медициналық ғылым, оның тарихы жеті мың жылдан асып жығылады. Бүгінде заманауи медицина шөптерді қолдану сауықтыру мен денсаулықты сақтандырудың бірден-бір ең қауіпсіз және тиімді әдісі екенін мойындап отыр. Жыл сайын табиғи сауықтыру құралдарына сұраныс ұлғайып келеді. Бүкіл әлемде шөптермен емдеу қарқыны өсіп жатыр, – дейді осы саланы біраз жылдан бері зерттеп жүрген ғалым.

Тез және күшті әсер ететін, бірақ зияны да жоқ емес синтетикалық дәрі-дәрмектерден айырмашылығы сол, өсімдіктерді еш теріс салдарсыз ұзақ уақыт пайдалануға болады. Шөптер тамырымен жерден түрлі минералдарды өзіне сіңіріп, бізге береді.

– Шығыс Қазақстан – дәрілік өсімдіктердің орасан зор сарқылмас қоймасы. Фитошайларды әзірлеуге қажет өсімдіктердің бәрі дерлік бар. Осыны ескере отырып, біз шөптерден шайдың бірнеше түрлерін әзірлеуді ұйғардық. Яғни, ағзаны жасартатын, адамға ұзақ ғұмыр сыйлайтын фитошайдың бірегей рецептін жасауды мақсат еттік. Жұмыстар екі жыл бұрын басталған, – дейді ғалым.

Гүлназ Есімбекқызы өзінің зерек шәкірті, Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Гүліммен бірге осы іске бел шеше кіріскен. Нәтижесінде, пайдалы қасиеттері мол бірегей фитошай әзірленді.

Оған французша «The de beaute» деген әдемі атау қойыпты, ол «сұлулық» деген мағына береді.

– Бұл шайды жасау үшін біз дәрілік өсімдіктерді қазақ халқының және ғылыми медицинаның, сондай-ақ тибет медицинасының рецептурасы негізінде іріктеп алдық. Шай құрамы топинамбурдан, итмұрыннан және қарақат жапырақтарынан тұрады. Топинамбурды апамның бақшасынан қазып алдым, ал итмұрын мен қарақатты Катонқарағайға барғанымда теріп әкелдім. Ең қиыны осы заттардың ең оңтайлы пропорциясын табу болды, – дейді Гүлім Нұрғазина.

Топинамбурды халық «қытай картобы» деп те атайды, себебі бізге алғаш Аспан асты елінен жеткізілген екен. Бұл – арғы тегі Солтүстік Америка құрлығынан әкелінген биіктігі бір жарым метрлік шөптесін өсімдік. Тамыржемістерінің салмағы 20-30 грамм. Елімізде тек бақшада өсіріледі. Оның құрамында дәрумендер мен минералдардың алуан түрі бар. Әсіресе, инсулиннің табиғи аналогы – инулиннің болуы ерекше бағаланады. Сондықтан топинамбурды қант диабетіне шалдыққан науқастарға ұсынылады.

– Топинамбурдың осы қасиеттерін күшейту мақсатында фитошай құрамына өзімізде көп өсетін итмұрын жемістері мен қарақат жапырақтарын да қостық. Үш дәрілік өсімдіктің қосындысы нәтижесінде хош иісті, денсаулықты нығайтатын фитошай алынды, – дейді ғылыми жетекші.

Өнім авторларының айтуынша, фитошай қартаю процесін баяулатады, ағзаны жасартады, теріасты майын азайтады, буындардағы тұзды жояды, бұлшық еттің қоректенуін жақсартады, қант деңгейін реттейді, инфаркт пен инсульт қаупін азайтады, иммундық жүйені нығайтады.

Шайға жүргізілген зерттеулер, сонымен қатар, оның сергіткіш, әрі стреске қарсы әсері барын көрсітіп отыр. Ұсыныс бойынша бір стақан қайнаған суға бір ас қасық фитошай салып, 10 минут бұқтырасыз. Күніне екі рет қабылдаудың өзі жеткілікті. Әрине, біздің халқымыз қара шайға әбден үйренген. Оның да пайдасы бар. Алайда  шамадан тыс қою қара шай тіс пен асқазанды бұзатынын, көздің қысымын арттыратынын ұмытпаған абзал, сонымен қатар бізге сырт елдерден әкелінетін шайлардың құрамында ауыр металдар да табылып жатады. Ол шайдың қандай жағдайларда өсіріліп, терілгенін біз білмейміз.

– Келешекте өзімізде өсетін шөптерден өзге де шай түрлерін әзірлеуді көздеп отырмыз. Жеріміздің байлығын іске жаратуымыз қажет. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдар жасалып жатыр және бұл істі дарынды оқушылардың қолға алғаны қуантады, – дейді Гүлназ Есімбекқызы.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button