Саясат

Шығыста жаңашылдықтың жылы лебі еседі

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ республикамыздағы белгілі саясаттанушыларымен кездесіп, «Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық әлеуеттің мүмкіндіктері» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысты.

Шығыста жаңашылдықтың жылы лебі еседіКездесуге саяси партиялар мен жастар қозғалыстарының, үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ, бизнес құрылымдардың өкілдері қатысты. Шығысқа арнайы ат басын тіреген еліміздің айтулы саясаттанушылары депутаттар корпусымен, азаматтық қоғам секторы өкілдерімен кездесіп қана қоймай, облысымыздың алдағы уақыттардағы өсіп-дамуы мәселелері төңірегінде келелі ойларын ортаға салды. Аймақ басшысы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалына қысқаша тоқталып өтті.

Мақсат-міндеттердің талапқа сай уақытында орындалуы аймақ басшылығының басты жетістіктерінің бірі. Ол мақсаттардың реті экономиканың қарқындап өсуі, еңбекақы деңгейі, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының іске асырылуы, тірек ауылдар мен шағын қалалардың дамуы болып табылады. Облысымыздағы технопарк жағдайына тоқталған облыс Әкімі дәл қазір индустрияның бар екенін, алайда өндіріске енгізер ғылыми инновациялық жұмыстардың аз болып тұрғанын айтты.

– Біз сонымен қатар барлық партиялармен, ұйымдармен, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, барынша ашық болуға тырысудамыз. Дөңгелек үстелдер, кездесулер ұйымдастыра отырып, қордаланған мәселелердің жолдарын шешуді қарастырамыз. Егер біз әлеуметтік көрсеткіштердің даму қарқынын сақтасақ, бұл халықтың әл-ауқатының жақсаруына әсер етері сөзсіз, – деді облыс басшысы.

Ал саясаттанушы «Әлеуметтік серіктестік орталығы» корпоративтік қорының бас директоры Нұрлан Ерімбетов:

– Мені Шығыс өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар мен жүргізіліп жатқан саясат шынымен де таңғалдырды. Егер мысал келтіретін болсам, бұл жақта мекеме басшылары өз жұмыстары жайлы осымен үшінші жыл қатарынан есеп беріп келеді екен. Белсенді түрде жұмыс істеп тұрған сенім телефондары, арыз-талаптар үшін арнайы пошта жәшіктері, интернет-порталдар расында да ел игілігі үшін жасалған. Басқа аймақтар үшін бұл әлі жаңалық деп айтуға болады. Жас депутаттар ассоциациясы да жұмыс істеп тұр. Өзге облыстарда депутаттар көбінесе еңбек жолдарын аяқтауға шақ қалған қартаң адамдар болып келеді. Шығыста өзгеріс мол. Мұнда жаңашылдықтың жылы лебі есіп тұр екен. Мен өткенде республикалық басылымдардан облыс Әкімінің айтқан сөздерін оқыдым. Және Шығысқа келе салысымен ол сөздердің нақтылығына көзім жетті, – деді.

Саяси зерттеулер ассоциациясы, гуманитарлық-саяси конъюнктурасы қазақстандық орталығының президенті, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Есенжол Алияровтың айтуынша, дамыған елдерде адам капиталы алғашқы орындарға қойылып, ол мемлекет пен қоғамның негізі болып саналады. Және осы салаға барынша көңіл бөлінетін көрінеді. Бірақ ғалымның ойынша, біздің елдегі кәсіпорын басшылары бұл мәселеге мейлінше назар аудармай, жұмысшылардың еңбегіне әлі де немқұрайды қарайды. Сонымен қатар профессор еліміздегі әртүрлі топтағы азаматтардың арасындағы еңбекақы арақашықтығының алшақ екендігін атап өтті.

– Қазір елімізде адам капиталының өсуіне арналған алғышарттардың барлығы бар, – деді Есенжол Алияров. – ЮНЕСКО деректері бойынша, біздің елдегі білім және ғылым дамуының индексі 129 елдің арасындағы алғашқы төрттіктен түспей тұр. Ал сауаттылық деңгейі бойынша біз әлемде он төртінші орыннан көрінудеміз.

Дөңгелек үстел отырысында профессор Л.Столярова, Болжау және талдау институтының директоры Олег Чернышов және басқа да қатысушылар сөз сөйледі.

Дөңгелек үстелді қорытындылай келе облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ оған қатысушыларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

– Біз жастарға дұрыс бағыт беруіміз керек, егер мүмкіндікті қазір жіберіп алсақ, бұл ертеңгі күннің күрделі мәселесіне айналатыны анық. «Нұр Отан» партиясы мен ішкі саясат басқармасының алға қойған мақсаты да осы. Дәл бүгінгідей басқосуларға жастарды, сонымен қатар қоғам көріністеріне салиқалы баға бере алатын шетелдік сарапшыларды көптеп шақыруымыз керек, – деді аймақ басшысы.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button