Шығыста тағы бір тың бастама көтерілді
18-19 қазан күндері Өскемен қаласында Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Жастар саясаты жөнiндегi кеңестің XII көшпелі мәжілісі өтті.
Көшпелі мәжілістің модераторы кеңес төрағасы, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғабидолла Әбдірахымов болды. Алқалы жиынды облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ашты. Көшпелі отырысқа Мәжіліс депутаттары, облыстарда жаңадан құрылған жастар саясаты мәселелері басқармаларының басшылары, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, жоғары оқу орындарының, жастар ұйымдарының өкілдері жиналды.
Кеңеске қатысушыларды құттықтаған аймақ басшысы бұл басқосудың маңыздылығына тоқталып өтті. Облыс Әкімінің айтуынша, бүгінде шығысқазақстандық жастарға қоғамға пайда әкелер істермен еркін айналысып, өздерін таныту үшін барлық жағдай жасалған, аймақта 120 жастар ұйымы жұмыс істеп тұр. «Жастар бастамаларын дамыту» мемлекеттік мекемесі құрылған. Жас мамандарды еңбекпен қамтуды жүргізетін «Демеу» агенттігі айтарлықтай еңбек етуде.
– Біз жастар бастамаларын дамыту орталықтарының филиалдарын барлық аудандарда ашуды жоспарлап отырмыз. Ең алдымен жастарды жұмыспен қамтамасыз етіп, оларды мемлекеттік бағдарламаларға тартуымыз керек, – деді облыс Әкімі. Сондай-ақ аймақ басшысы елге үлгі боларлық игі істердің Шығыстан бастау алатынын атап көрсетіп, алдағы 2013 жылды – Жастар жылы деп жариялау туралы бастама көтерді. Аймақ басшысы өз сөзін қорытындылай келе, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковаға 50 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақыны салтанатты жағдайда тапсырды. Жуықта өткен «Қазақстан барысы – 2012» республикалық сайысының күміс және қола жүлдегерлері Шалқар Жоламанов пен Айбек Нұғымаров та сыйлықсыз қалған жоқ, оларға 300 мың теңгенің сертификаттары табысталды.
– Жастар көрсін, қызықсын деп, бойларында спортқа, жеңіске деген құлшыныс тусын деп, сыйлықты әдейі дәл осы жерде тапсырып жатырмын, – деді облыс басшысы.
Күн тәртібінде Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында айтқан жастар саясатын жетілдіру және жастар саясаты тұжырымдамасының жобасын талқылау мәселелері қарастырылды.
Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әлия Ғалимова баяндамасында Елбасының тапсырмасын орындау аясында Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі жөніндегі комитеті, барлық облыстарда жастар саясаты мәселелері бойынша басқармалар құрылып жатқанын айтты. Оның айтуынша, бүгінде жастар ортасындағы жағдайды зерттеу мақсатымен Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің жанында «Жастар» атты ғылыми-зерттеу орталығы құрылған.
Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес бірігіп, 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын құруды қолға алған. Осы тұжырымдама жобасы екі тармақтан тұрады: мемлекеттік жастар саясатының қалыптасқан жағдайының сараптамасы және жастардың жан-жақты дамуына арналған әлеуметтік-экономикалық шаралардың жүзеге асуы. Жобаны дайындаушылардың болжауынша, 2020 жылға қарай еліміздегі жастардың 98 пайызы жұмыспен қамтылып, 75 пайызы тұрақты түрде спортпен шұғылданатын болады. Тұжырымдаманың соңғы әрі нақты нұсқасы ағымдағы жылдың қараша айында айқындалады.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі Арын Орсариев аймақта мемлекеттік жастар саясаты әлеуметтік бағытта болуы және жастарды кепілдемемен қамтамасыз ету туралы мәселелерді қозғады.
Биыл Қазақстан жастар Конгресіне 10 жыл толады. Осы Конгрестің экс-басшысы, бұрын Ақмола облысының жастар саясаты бойынша басқармасының бастығы қызметін атқарған Шахмардан Баймановтың айтуынша, Қазақстан жастарының Конгресі – бұл мемлекетіміздің гүлденуі үшін жұмыс істеуге дайын, жас кәсіби кадрлардың шеберханасы. Осы шаңырақтың астынан шыңдалып шыққан жастар қазіргі таңда орталық мемлекеттік органдарда, бизнес-құрылымдарда жауапты қызметтер атқаруда.
«Жас ұлан» балалар мен жасөспiрiмдер ұйымының төрағасы Назира Бөлтiрiкованың айтуы бойынша, жасұландықтар қатарында 700 мыңнан астам ең үздік, талантты және белсенді оқушылар бар. Жасұландықтар толықтай жастар саясатын дамыту шараларын қолдайды, сондықтан тәрбиелік мәні зор кешендік жобаларға ұсыныстарын белсенді түрде енгізеді.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ербол Нұрғалиев аймақтағы мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуы турасында біршама мәліметтерді мысалға келтірді. Оның айтуынша, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша біздің өңірде 2010 жылдан бері 760 жас жұмысқа орналасқан, ағымдағы жылы тағы да 370 маманды еңбекпен қамту көзделіп отыр. «Жастар іс-тәжрибесі» бағдарламасы бойынша 700-ге жуық жас жұмыспен қамтылса, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына төрт мыңға жуық адам қатысқан.
– Жастарға барлық жағдай жасалған. Біздің облыста «Болашақ» бағдарламасының 31 түлегі әртүрлі жауапты қызметтерде еңбек етуде, осы бағдарлама бойынша барлығы 363 шығысқазақстандық білім алса, 58 жас дәл қазіргі уақытта білім алу үстінде, – деді Ербол Жолдасбекұлы.
Жастар саясатына биыл облыстық бюджеттен 98,7 миллион теңге бөлініп отыр. Жастарға арналған әлеуметтік жобаларға бөлінетін қаржы мөлшері екі есеге ұлғайып, 16 жоба іске асырылуда.
Баяндамашылардың сөзінен кейін кеңеске қатысушылар өзара пікір алмасып, көкейдегі ойлар мен ұсыныстарын ортаға салды. Пікір алаңында көтерілген дүниелердің бірі Қазақстандағы волонтерліктің ұлттық тұжырымдамасын дайындау мәселесі болды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Жастар саясаты жөнiндегi кеңестің http://www.Zhaskenes.kz жаңа сайтының тұсауы кесілді. Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов пен Мейрам Бегентаев облыс Әкімінің келер жылды – Жастар жылы деп жариялау туралы бастамасын қызу қолдады.
Кеңестің пленарлық отырысын қорытындылай келе Ғабидолла Әбдірахымов жастардың бастамашылдық пен әріптестік қорын құру туралы ой-пікірін ортаға салды.
– Кеңестің көшпелі отырысы тұңғыш рет бейнережимде өтіп отыр. Бүгінгі ортаға салынған ойлар мен пікірлерді Шығыс Қазақстанның барлық аудандары мен қалалары, мемлекеттік органдары, белсенді жастары тыңдап отырды. Бұл бір тың бастама екен. Шығыстан бастау алған бұл дәстүрді біз енді басқа аймақтарда да қолданатын боламыз, – деді кеңес төрағасы Ғабидолла Әбдірахымов.
Кеше облыс орталығындағы «Алтай» технопаркінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңес мүшелерінің облыстағы студент жастар өкілдерімен кездесуі болып өтті.
Басқосуды кеңес мүшесі, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арын Орсариев жүргізді. Жиынға Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әлия Ғалимова, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ербол Нұрғалиев, Қазақстан студенттер альянсының көшбасшысы Шыңғыс Бескемпіров, сондай-ақ, облыс орталығындағы бірқатар жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.
Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әлия Ғалимова жастар ісі жөніндегі саясатты іске асыру барысында ведомство тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.
– Атап айтсақ, министрлікте Жастар ісі жөніндегі комитет, ал облыстарда жастар ісі жөніндегі басқармалар құрылып, іске кірісе бастаған. Сондай-ақ, осы жылдың 1 қарашасына дейін мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы әзірленіп бітуі тиіс. Қазір бұл жоба талқылану үстінде. Осы орайда көпшіліктің, әсіресе жастардың ой-пікірлері ескеріліп отыр, Интернет желісіне орналастырылған бұл құжаттың жобасына қатысты 25 мыңнан астам азамат өз ұсынысын білдірді, – деді Әлия Қайратқызы.
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ магистрі Ренгина Кушерова осы білім ордасында «Қыран» полицияға көмек көрсету жасағы, студенттік құрылыс жасақтарының штабы құрылып, табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Оқу орны студенттерінің басым бөлігі спорттық үйірмелерге тартылған, олар – қысқы республикалық Универсиаданың төрт мәрте жеңімпаздары. ШҚМУ осылайша студент жастардың бос уақытын ұтымды ұйымдастырып келеді, мұндай оң тәжірибелер басқа жоғары оқу орындарына үлгі боларлық. Регина Кушерова ШҚМУ-да жұмыс істеп жатқан Жастар ісі жөніндегі комитеттер еліміздің барлық ЖОО-ларында болуы тиіс деген ұсынысын жеткізді, себебі, бұл құрылым өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр.
Семей геологиялық-барлау колледжінің 4-курс студенті Мұхамед Бағдатұлы елімізге қазіргі кезде техникалық саланың мамандары жетіспейтінін айтты. Осыған орай ол болашақ талапкерлерді еңбек нарығында барынша сұранысқа ие мамандықтарды таңдауға шақырды. Көптеген кәсіпорындар өздеріне қажет кәсіп иелерін дайындауға атсалысуы тиіс деп санайды Мұхамед Бағдатұлы. «Жұмыс беруші компаниялар келешек еңбеккерлеріне шәкіртақы төлейтін болса, техникалық мамандықтарды насихаттау жұмысы кеңінен жүргізілсе, жағдай біршама жақсарады» дейді болашақ инженер.
«Парасат» жастар лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Жүнісовтің айтуынша, бірлестік екі жылдың ішінде 10 жобаны әзірлеп, 100-ден астам түрлі іс-шараларды ұйымдастырған. Қазіргі кезде олар жас өрендерді кітап оқуға тарту бағытында да жұмыс атқарып жатқан жайлары бар. Бірлестік мүшелері аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ келесі 2013 жылды «Жастар жылы» деп жариялау туралы ұсынысын қолдап отыр. Олардың ойынша, бүгінгі таңда жастар жан-жақты қолдауға, яғни, инвестицияға зәру.
– Бүгін жастардың бастамаларына, білім алулары мен жұмыс табуларына көрсетілген қолдау мен құйылған қаржы ертеңгі күні еселене қайтары анық. Сонымен қатар, жастар арасында еңбек адамының оң имиджін қалыптастыруымыз керек. «Тек адал әрі ерен еңбек арқылы ғана толайым табыстарға жетесің» деген ұғымды ұрпақтың санасына сіңіруге тиіспіз, – дейді Серік Жүнісов.
Жастар бастамасын дамыту орталығының маманы Данияр Тоқтарбаев «Демеу» кадрлық агенттігінің жұмысы жайында мәлімет берді. Агенттік жастарды жұмыспен қамту ісімен айналысады. Олар жұмыссыз жастар түйіндемелерінің, сонымен бірге бос орындардың үлкен базасын жасаған. Ал мәліметтерді Kdemeu.kz сайтын ашып, соған орналастырыпты. Нәтижесінде олардың саны бір-біріне пара-пар болып шыққан. Яғни, жұмыс жоқ емес, бар, бірақ оны жастар білмейді.
– Ақпараттың аздығынан болып отырған мұндай кедергіні арнайы сайт жасау арқылы шешіп жатырмыз. Осы жобамызды Қазақстанның өзге өңірлерінде қолға алған жөн, – дейді ол.
Жиында жастар тарапынан өзге де тың әрі өзекті ұсыныстар айтылды, олардың бәрі Жастар ісі жөніндегі кеңесте қаралатын болады.
Кеңес мүшелерінің бір тобы үлкен мәслихат залында жұмысшы жастармен кездессе, кеңес мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов бастаған тағы бір топ қаладағы спортпен айналысатын жастармен жүздесіп, пікірлесті.
«Алтай» технопаркінің үлкен мәслихат залында Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Бегентаевтың төрағалығымен өткен кездесуге өңіріміздің ірі кәсіпорындарындағы жастар өкілдері, «Жұмыспен қамту – 2020», «Жастар тәжірибесі» сынды мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар, қаладағы орта мектептердің жас мұғалімдері мен денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласы қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Бегентаевтың айтуынша, бүгінгі күні жастар саясаты ел дамуындағы маңызы зор бағыттың бірі болып отыр. Жастар қатарына 14 пен 29 жас арасындағы жастар кіреді десек, қазіргі күні бұл топ халықтың 30 пайызын құрайды.
Кездесуде алғашқылардың бірі болып облыс Әкімі аппаратының инспекторы Алтынай Мұқанова сөз алды. Алтынай – мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алып келген жастарымыздың бірі.
– «Болашақ» бағдарламасының іске асырылғанына 15 жылдан астам уақыт өтті. Осы мерзім аралығында шетелдерде білім алған жеті мыңға жуық жас елге оралды. Ел-жұрт, ата-аналарымыз бен достарымыздың осынау бағдарлама арқылы шетелде білім алып келген жастардан көп үміт күтетіні белгілі. «Болашақ» бағдарламасы арқылы қол жеткізген білімім – менің баға жетпес байлығым. Бұл байлық маған басқа материалдық байлықтан да қымбат, – деді Алтынай.
Қазіргі күні біздің облыстың 58 түлегі осы бағдарлама бойынша шетелдерде білім алуда. Десе де «болашақтық» жастардың көпшілігі аймақтарға барғаннан гөрі ірі қалаларда жұмыс істегенді тәуір көретіні де рас. Кейбір «болашақтықтардың» арасында жергілікті жерде қызмет істеуді ұят санайтындары да бар. Қазіргі күні облыс әкімдігінде мемлекеттік қызметте 2 ғана «Болашақ» бағдарламасының түлегі жұмыс істейді.
Кездесуде ел экономикасының әртүрлі салаларында еңбек етіп жүрген жастарды толғандыратын мәселелер де кеңінен талқыланды. Жастарды баспанамен қамтамасыз ету жайы әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы арқылы жұмысшы жастарға, жас отбасыларына берілетін квота көлемін ұлғайту қажет. Жастардың бұл ұсынысын бұрынғы Парламент Мәжілісінің депутаты, кеңес мүшесі Бақыт Сыздықова да қолдады. Сонымен қатар жер-жерде жастарға арналған спорттық-мәдени орындардың да жетіспейтіні туралы да әңгіме болды.
Кездесуге қатысқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Ахметов жастардың біраз сауалдарына жан-жақты жауап бере келіп, жастар саясаты бойынша мәселелердің картасын жасау, кеңес жанындағы кадрлық жұмысты жалғастыру жөнінде өз ұсынысын білдірді. Вице-министрдің ұсынысы жастар тарапынан қызу қолдауға ие болды.
«Алтай» технопаркінің көк залында Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов өңіріміздің жас спортшыларымен кездесті. Оған Лондон Олимпиадасының алтын жүлдегері, биылғы «Бриллиант лигасының» жеңімпазы Ольга Рыпакова, «Қазақстан барысы» турнирінің күміс жүлдегері Шалқар Жоламанов, жеңіл атлетика бойынша республикалық жарыстардың жүлдегері Ербол Қаленов, дзюдодан ХV Азия ойындарының күміс жүлдегері Алмас Атаев және өңіріміздегі түрлі спорт мекемелерінің басшылары мен жаттықтырушылары, шәкірттері қатысты. Мұрат Әбенов еліміздегі қазіргі спорттың жағдайына кеңінен шолу жасап өтті.
– Спорт – үлкен бизнес, – дейді ол. – Өкінішке қарай, біздің елімізде спортты бизнес деп санайтындардың қатары аз. Спорт менеджерлері, спорттық жарнамалар жоқ десе де болады. Олимпиададан алтын жүлде алып, ел мерейін үстем еткен спортшыларымыздың әлеуметтік жағдайы әлі толығымен шешілген жоқ. Үйсіз-күйсіз жүрген спортшыларымыз қаншама.
Мұрат Әбенов үлкен спортты дамыту үшін ең алдымен бұқаралық спортқа көңіл бөлу керектігін де баса айтты. Осы арада ол шетелдік спортшылардың ұлттық құрамада ойнауына қарсы екенін де жасырған жоқ.
Сонымен қатар депутат Олимпиададан алтын, күміс алып келген спортшыларымыздың қазіргі күні шетелдік компанияларды жарнамалауға көшкенін де тілге тиек етті. Бұл кімнің кінәсі? Ұлттық намыс қайда? Отаншылдықты қайда ысырып қойдық?
– Шындап келгенде, бұған жол беріп отырған отандық бизнес. Біздің бизнес өкілдері спортшыларымызға қолдау білдірсе, олар мұндай қадамға бармас еді, – деп санайды Мұрат Әбенов.
Мұрат Әбенов жиналғандарға Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильиннің жетістігі туралы да қызықты әңгімелер айтып берді. Кездесуге жиналғандар Мұрат Әбеновтің келесі жылы қазақ футболының 100 жылдығын республика көлемінде атап өту жөніндегі ұсынысын бірауыздан қолдады.
Сондай-ақ қалалар мен аудандар әкімдері орынбасарларымен, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалардың басшыларымен, барлық деңгейдегі Жастар саясаты жөніндегі кеңестердің хатшыларымен мақсатты семинар-тренингтер өткізілді.
Ержан Әбіш,
Мейрамтай Иманғали