Саясат

Шығыста үлгі тұтар игі іс көп

Шығыста үлгі тұтар игі іс көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызға жұмыс сапарын Өскемендегі Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде өткен алқалы жиынмен қорытындылады. Бұл жиынға облысымыздағы іргелі кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен жастар қатысты.
– Қойнауы қазынаға толы Шығыс Қазақстан еліміздің інжу-маржаны болып саналады. Сондықтан алғашқы сапарларымның бірін сіздердің облыстарыңыздан бастауды жөн көрдім. Семейде, қасиетті Абай елінде болып, ұлыларымыздың рухына тәу еттім. Бұдан соң ат басын Өскеменге бұрып, еліміздегі түсті металлургия саласындағы маңдайалды кәсіпорындардың бірі саналатын «Казцинктің» жұмысымен таныстым. Шығыс Қазақстан Тәуелсіз еліміздің тұғырлы тірегі десем қателеспеспін. Бұған қоса облыстарыңыз бірден екі стратегиялық әріптесіміз – Ресей және Қытаймен шектеседі. Сол себепті сіздердің өңірлеріңізге деген ықыласымыз, көңіліміз қашан да зор болмақ. Әрине, алдымызда ауқымды шаруалар күтіп тұр. Ең алдымен, біз Елбасының сарабдал саясатын жүргізуді жалғастыруымыз қажет. Елімізде Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен әзірленген бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру жалғасатын болады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстандағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 9,3 пайызға өскен. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 2015-2018 жылдар аралығында 19 жоба жүзеге асырылып, 3,5 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Облыста экономика саласында ғана емес, әлеуметтік мәселелерде де көпке үлгі боларлық жұмыстар атқарылуда. Өңірдегі медциналық мекемелер заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Дәл сондай мақтауды жаңа лабораториялармен және робот техникасы сыныптарымен жабдықталған мектептерге қатысты да айтуға болады. «Менің мектебім» жобасы арқасында Шығыс Қазақстан республикадағы ІТ-сыныптарымен толықтай қамтылған алғашқы өңір атанды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақта археология саласында да игі істер атқарылуда. «Туған жер» жобасы шеңберінде меценаттар қаражатына көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Қысқасы, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Сөзсіз, бұған облыс әкімі Даниал Ахметовтің сіңірген еңбегі зор, – деген Мемлекет басшысы алдағы мақсат-міндеттерге де тоқталды.

Президенттің айтуынша, облыста енді халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, өмір сапасын жақсарту сияқты мәселелерге көбірек мән берілу керек. Сондай-ақ туризм, экология және жемқорлықпен күрес мәселелері де назардан тыс қалмауы тиіс. «Түптеп келгенде, осының бәрі біздің басты байлығымыз – елдегі тұрақтылықты сақтауға әсер етеді», – деген Президент еліміздің болашағы баянды болуы үшін қазақстандықтар ұйымшылдықпен еңбектенуі керектігін айтты.

Бұдан кейін кездесуге қатысқан бірнеше жерлесіміз сөз алып, Мемлекет басшысының бастамаларына қолдау білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Мәселен, «Казцинк» компаниясы кәсіподақ ұйымының төрағасы Сергей Солдатов жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру арқылы ғана елімізді алдыңғы қатарлы мемлекеттер санатына қосуға болатынын жеткізді.

– Біз – өз еліміздің патриотымыз. Сондықтан туған жеріміз Қазақстанның тек өсіп-өркендегенін, гүлденгенін ғана көргіміз келеді. Өз басым тәуелсіз еліміз болашақта әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарынан ойып тұрып орын алатынына шүбә келтірмеймін. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, есіңізде болса, сіз Премьер-Министр болып тұрған кезде Шығысқа келіп, Малеев кен орнын ашуға қатысқансыз. Қазір сол кен орны ел игілігіне қызмет етуде. Рұқсат болса, сізге сол кезде өзіңізбен бірге түскен естелік суретті тарту етейін. Сөзімнің соңында біз, «казцинктіктер», қашан да сіздің және Елбасының бастамаларын қолдайтынымызды жеткізгім келеді, – деді С.Солдатов.

Ал «Шығыс» өңірлік орталығының маманы Салтанат Заманбекова еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кезінде мемлекеттің білім саласына дара жол салғанын айтып, сол жолды енді Қасым-Жомарт Кемелұлы жалғастыратынына сенім білдірді.

– Бізді ең қуантқаны, Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап Елбасының үш тілде білім беру саясатын жалғастырып, мектепте шет тілін оқытудың маңыздылығын айттыңыз. Осы орайда, облысымызда 2016 жылдан бері іске асырылып келе жатқан тілдерді оқытудың бірегей тәжірибесімен бөлісуге рұқсат етіңіз. Ең алдымен, біздің алдымызда мұғалімдердің тілді меңгеру деңгейін көтеру міндеті тұрды. 3 400 мұғалім тілді оқытудың жаңа әдістемесі бойынша оқудан өтті. Екіншіден, тілді оқытудың заманауи әдістермелері енгізіліп, барлық оқулық халықаралық стандарттарға сай ауыстырылды. Соның арқасында, бүгінде білімі кәсіби деңгейге жеткен қазақ, орыс тілдері мұғалімдерінің үлесі 80 пайызға, ал ағылшын тілі мамандарынікі 63 пайызға жетті. Осы игіліктің бәріне біз Елбасының салиқалы саясаты арқасында ғана қол жеткіздік. Жастардың білім алуына жағдай жасап, ұстаздар қауымын қолдауда атқарған елеулі жұмысы үшін Тұңғыш Президентке айтар алғысымыз шексіз, – деді жас маман.

Елбасының ауыл шаруашылығы саласын да өркендетуге қосқан үлесі ұшан-теңіз. Мұны кездесу барысында баяндама жасаған «Шалабай» шаруа қожалығының басшысы Қуаныш Сүлейменов айтты.

– Біз, Шығыс Қазақстан аграрийлері, облысымыздың елімізде сүт өндіру жағынан бірінші, ал ет өндіруден екінші орында тұрғанын мақтан етеміз. Бүгінде өңірде мал, өсімдік және омарта шаруашылықтарына қатысты инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Бәрі де Елбасының, мемлекеттің қолдауының арқасы. Рас, қандай қиын-қыстау заман болмасын, қолдауға кенде болған жоқпыз. Түрлі бағдарламалар, субсидиялардың игілігін көрдік, әлі де көріп келеміз. Сондай қолдаудың арқасында 12 жыл ішінде қораларында 150 басқа жетер-жетпес малы бар фермамыз қазақтың ақбас сиырын өсірумен айналысатын елдегі іргелі қожалықтардың біріне айналды, – деді Қ.Сүлейменов.

Зайсандық «Ақбай» шаруа қожалығының жетекшісі Сәулеш Әбілғожина өзінің жеті баланы тәрбиелеп-өсіріп отырған көпбалалы ана екенін атап көрсетті. Жұбайы өмірден озған ол тағдырдың қиыңдығына еш мойымастан өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Қожалықта қазіргі кезде 25 адам еңбек етіп, отбасыларын асырап жүр.

Негізгі мамандығы ұстаз болғанымен, іскер әйел атакәсіпке бет бұрып, мал шаруашылығымен, оның ішінде қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырларын өсірумен айналысып келеді. Шаруашылық басшысы өзі тұратын Қаратал ауылындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, мұқтаж жандарға шама-шарқынша қол ұшын беріп, көмектесіп тұрады.

–Тұңғыш Президенттің «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде көпбалалы аналарды және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік тұрғыда қолдау жөнінде берген нақты тапсырмаларын естіп, ерекше риза болдым. Елбасының жүктеген міндеттерін облыс басшылығы бірден қолға алды. Аймақта көпбалалы отбасылардан шыққан үш жарым мың бүлдіршін балабақшада тегін тамақтанбақ, оларды мектеп формасымен қамтуға 500 миллион теңге бөлінді, сондай-ақ мұндай отбасылардың балаларына колледжде оқу үшін 3 миллиард теңгенің 4200 тегін гранты қарастырылған. Бұл – өңірімізде атқарылып жатқан игілікті істердің басы ғана. Осы қолдау шаралары үшін мен бүкіл облыстағы көпбалалы аналар атынан Елбасына алғыс айтқым келеді, – деді Сәулеш Әбілғожина.
Өскемендегі Ана мен бала орталығының бөлім басшысы Александр Патрин Тұңғыш Президенттің қамқорлығы мен жіті назарының арқасында еліміздегі медицина саласы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып отырғанын алға тартты. 2018 жылы Елбасының қатысуымен өңірде республикада баламасы жоқ роботты хирургия орталығы ашылды, сонымен қатар аймақта 5 бірдей инсульттік орталық құрылып, жұмыс істеуде.

– Соңғы жылдары ғана денсаулық сақтау мекемелерін жарақтауға 25 миллиард теңге қаржы бөлінді, 157 дәрігер шетелдің озық клиникаларында біліктіліктерін арттырып келді. Солардың бірі – менмін. Өзім Лондондағы емханалардың бірінде кәсіби шеберлігімді шыңдап қайттым. Салаға мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдауға ризашылығымды білдіремін, – деді А.Патрин.

Жиынды түйіндеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен басқосу барысында өзіне қарата айтылған жылы лебіздер мен ыстық пейілдер үшін ақжарма алғысын жеткізді. Президент Елбасының әлемдік дәрежедегі тарихи рөліне ерекше тоқталып, оның жаңа тұрпаттағы қазақ мемлекеттілігін құрудағы орасан зор еңбегін жоғары бағалады.

– Еліміз тәуелсіздігін енді жариялаған 90-шы жылдардың басында сол кездегі белді әлемдік саясаттанушылардың Қазақстанның келешегіне күмәнмен қарағаны жасырын емес. Десек, өмірдің өзі көрсетіп тұрғандай, Тұңғыш Президенттің сарабдал саясаты мен қажыр-қайраты, көрегендігі арқасында еліміз барлық өтпелі кезеңнің қиыңдықтарын еңсеріп, өркендеудің даңғыл жолына түсті. Бүгінде Қазақстан – табысты ел. Бір ғана бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша еліміз әлем бойынша 28-ші орынды иеленеді. Өзге де көрсеткіштер жөнінен Қазақстан басқалардан көш алда. Осы ретте Елбасының еңбегін ерекше болмайдыайту керек, – деген Мемлекет басшысы «Болашақ» бағдарламасы арқылы көптеген қазақ жастарының шетелде сапалы білім алғанын мақтанышпен атап өтті. Бұл да Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы болатын.

Бүгінде қазақстандық өрендер шетелдің көптеген алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуда. Қасым-Жомарт Тоқаев солтүстік көршімізде 70 мың Қазақстан жастары оқып жүргенін, оның ішінде 30 мыңы ресейлік гранттар арқылы білім алып жатқанын атап көрсетті. Ол Мәскеуге сапарында Ресей Президенті Владимир Путинге осы қамқорлығы үшін алғыс айтқанын да айтып өтті.

– Екі жыл бұрын Қытайдың Чжаньцзян қаласында студенттерге дәріс оқудың сәті бұйырды. Сол кезде аталмыш университетте 30 шақты қазақ студентінің бар екенін біліп, ерекше қуандым. Озық білім ордаларында біліммен қаруланған осы жастарымыз ертең елге оралып, Отанымыздың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосары сөзсіз. Осы ретте айрықша атап өткім келетіні, бүгінгі заманда ең басты байлық – білім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Президент сондай-ақ қазіргі қоғамдағы еңбектің және еңбек адамдарының рөліне де ерекше тоқталды.

– Кез келген еңбек құрметке лайық. Шынын айту керек, бізде халқымыз жалқау деген бір қате пікір қалыптасқан. Олай емес, қазақстандықтар еңбекқорлығы жағынан қытай мен кәрісті артта қалдырады, тек ол үшін еңбек етуге жағдай жасалып, сол еңбек әділ бағалануы тиіс, яғни оған лайықты жалақы төленуі қажет, – деп түсіндірді Президент.

Келелі басқосу соңында жиналған көпшілік ел Президентімен бірге естелік фотосуретке түсті.

Нұржан Кенжеұлы,
Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button