Шығысқазақстандықтар өз таңдауын жасады
Шығысқазақстандықтар да кезектен тыс Президент сайлауына ұйымшылдықпен қатысып, өз таңдауларын жасады. Өңір тұрғындарының сайлауға қатысу белсенділігі жоғары болғандығын атап өткен орынды.
Сайлау күні таңертеңгі сағат жетіден бастап дауыс берушілер үшін облыста барлығы 1040 сайлау учаскесі есігін ашты. Алғашқылардың қатарында облыс орталығының А.Күленов кентіндегі №42 мектепте орналасқан №9 сайлау учаскесіне барып дауыс берген облыс әкімі Даниал Ахметов барлық шығысқазақстандықтарды өз таңдауын жасауға шақырды.
Аталған учаскеде ел Президентін сайлауға тұрғындар үлкен белсенділікпен қатысты. Мәселен, мұнда дауыс беруге тиіс 2987 адамның екі жүзге жуығы алғашқы жарты сағаттың ішінде-ақ дауыс беріп кетті. Ең бірінші келіп дауыс бергендерге, тұңғыш рет таңдау жасағандарға, сайлау күні туғандарға және жасы ең үлкен сайлаушыларға арнайы сыйлықтар табысталды. Солардың бірі 18-ге толып сайлау құқығына ие болған жас сайлаушы Мөлдір Ермұханбетова.
– Бірінші рет дауыс бердім әрі сыйлық та алдым. Бәрінің назары менде болғандықтан, басында біраз толқыдым. Дегенмен қобалжуымды жеңіп, таңдауымды жасадым, – деді ол.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Бақыт Назарбаеваның айтуынша, учаскеде сонымен бірге мүгедек жандарға арналып, арнайы кабинка да жасақталған екен, ал мүмкіндігі шектеулі 14 жан үйде дауыс беруге өтініш білдіріпті.
Ерекше атап өтерлігі, бұл учаскеде орнатылған үлкен экраннан дауыс берушілер дәл осы күнге дөп келген жерлесіміз, кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің мұхиттың арғы жағында өткен жекпе-жегін де тікелей көруге мүмкіндік алды. Сайлау күні жеңіск жеткен даңқты боксшы қазақстандықтарға тамаша көңіл-күй сыйлады.
Ал мектеп ауласында жәрмеңке ұйымдастырылып, ауылшаруашылық өнімдері тұрғындарға қолжетімді бағада саудаланса, күні бойы учаскеде ән мен күй тынбастан шырқалып тұрды.
Дәл сайлау күні некесін қидырған өскемендік жас жұбайлар Эльдар Майданбеков пен Диляра Надырқанова да сайлау учаскесіне арнайы уақыт бөліп келді.
– Отбасын құрған сәтіміздің маңызды күнге дәл келгенін жақсы ырымға баладық, – деді Эльдар Майданбеков.
Өскеменнің тағы бір тұрғыны Степанида Брагинаға дауыс беру үшін өзінің ұлғайған жасы кедергі бола алмаған. Аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беруді 103 жастағы зейнеткердің үйінде ұйымдастырды. Ал екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Павел Ященко үшін сайлауға қатысу дәстүрге айналған. Ол 1962 жылдан бері ешбір саяси науқаннан қалып көрмеген. Бұл күні де Мәскеу майданының батыры өмірлік қосағымен бірге сайлау учаскесінен табылды.
Паралимпиадашы Диас Ескермесов те бірінші рет дауыс беріп отыр. Жас жігіттің спорттағы жетістіктері айтарлықтай. Ол ат спорты бойынша Лос-Анжелесте өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы, Қазақстан чемпионы және армрестлинг бойынша Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Қазіргі уақытта Диас 2020 жылы Токиода өтетін паралимпиадалық ойындарда ел намысын қорғау құқығына ие болу үшін дайындық жүргізуде.
Сайлау күні жауапты міндеттен көпбалалы аналар да қалыс қалған жоқ. Мәселен, күнделікті отбасылық қарбаластарға қарамастан, Аблакетка кентіне жақын маңдағы № 14 сайлау учаскесінде көпбалалы аналар Евгения Черкашина мен Екатерина Злобина келіп дауыс берді. Алдыңғысының 12 баласы болса, соңғысында тоғыз бала бар. Екатеринаның мектепте жұмыс істейтін үлкен қызы Софья да бұл күні бірінші рет дауыс беріп, естелік сыйлыққа ие болды.
-Біз бүгін балаларымыздың жарқын болашағы үшін, еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілік үшін дауыс бердік. Себебі, барлық ана балаларының ұйқысының тыныш болғанын қалайды, – деді Евгения Черкашина.
Даңқты жеңілатлет Ольга Рыпакова да бұл күні отбасымен бірге сайлау учаскесінен табылып, өз таңдауын жасады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы «Шығыс» аймақтық қолбасшылығының әскери бөлімдеріндегі жеті мыңнан аса әскери қызметкер алдыңғылардың қатарында өз таңдауларын жасағанын атаған жөн. Сондай-ақ бұл күні таңғы сағат 7-де С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да орналасқан №78 сайлау учаскесі дауыс берушілерге – университет студенттері мен оқытушыларына, сондай-ақ жақын маңдағы тұрғындарға толы болды. Алғаш рет дауыс берген 120 студентке естелік кәдесыйлар табыс етілді.
Ал сағат 9-ға таман белсенділік екі есе артып, университеттің №1 оқу ғимаратының жанындағы №3, 4, 5 Студенттер үйлерінде тұратын студенттер және Студентер қалашығында тұратын оқытушылар дауыс берді. Сонымен қатар «100 жаңа есім» қатарына қосылған, ШҚМУ-дың Ұжымдық пайдаланудағы ұлттық зертханасының ғалымы Әлмира Жилқашинова болды.
9 маусым күні сайлау процестерінің дұрыс ұйымдастырылуын ШЫҰ миссиясынан, ТМД миссиясынан келген халықаралық бақылаушылар да үздіксіз бақылады.
– Біздің делегация Қазақстан Республикасындағы Президент сайлауының ұйымдастырылу барысын тәуелсіз негізде бақылады. Облыстың әр аймағында 32 әріптесіміз жұмыс істеді. Біз сайлау учаскелерінің ашылуын, дауыс берудің ашықтығын, сайлау учаскелеріндегі тізіммен жұмысты, ақпараттық материалдардың қолжетімділігін бақылау мүмкіндігіне ие болдық. Әдістемелік оқу-құралдарының жоғары деңгейде лайықты әзірленгендігін атап өту керек. Әсіресе, барлық сайлау учаскелері мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қажетті лупа, трафарет, шамдал секілді заттармен жабдықталған. Дауыс берушілердің таңертеңгі уақытта аса белсенді болғанын байқадық. Барлық технологиялық жабдықтар талаптарға сай болып шықты. Атап өтерліктей кемшіліктер көзімізге шалынбады. Сайлауға сонымен бірге ұлттық бақылаушылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері де қатысып отыр, – деді тілшілерге сұхбат берген ТМД миссиясының жетекшісі Ирина Акимова.
– Бүгінгі таңда Өскемен қаласы бойынша 120 сайлау учаскесіне бекітілген 244 667 сайлаушы тіркелген. Сегіз мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат үйде дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Сайлау күні қалада елімізден 112 тәуелсіз бақылаушы, сонымен қатар ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ миссияларының және басқа да ұйымдардың халықаралық бақылаушылары жұмыс істеді, – деді Өскемен аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Фархад Құрманов.
Ал сағат 9-ға таман белсенділік екі есе артып, университеттің №1 оқу ғимаратының жанындағы №3, 4, 5 Студенттер үйлерінде тұратын студенттер және Студенттер қалашығында тұратын оқытушылар дауыс берді. Сонымен қатар «100 жаңа есім» қатарына қосылған, ШҚМУ-дың Ұжымдық пайдаланудағы ұлттық зертханасының ғалымы Әлмира Жилқашинова болды.
9 маусым күні сайлау процестерінің дұрыс ұйымдастырылуын ШЫҰ миссиясынан, ТМД миссиясынан келген халықаралық бақылаушылар да үздіксіз бақылады.
– Біздің делегация Қазақстан Республикасындағы Президент сайлауының ұйымдастырылу барысын тәуелсіз негізде бақылады. Облыстың әр аймағында 32 әріптесіміз жұмыс істеді. Біз сайлау учаскелерінің ашылуын, дауыс берудің ашықтығын, сайлау учаскелеріндегі тізіммен жұмысты, ақпараттық материалдардың қолжетімділігін бақылау мүмкіндігіне ие болдық. Әдістемелік оқу-құралдарының жоғары деңгейде лайықты әзірленгендігін атап өту керек. Әсіресе, барлық сайлау учаскелері мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қажетті лупа, трафарет, шамдал секілді заттармен жабдықталған. Дауыс берушілердің таңертеңгі уақытта аса белсенді болғанын байқадық. Барлық технологиялық жабдықтар талаптарға сай болып шықты. Атап өтерліктей кемшіліктер көзімізге шалынбады. Сайлауға сонымен бірге ұлттық бақылаушылар, саяси партиялармен қоғамдық ұйымдар өкілдері де қатысып отыр,– деді тілшілерге сұхбат берген ТМД миссиясының жетекшісі Ирина Акимова.
– Бүгінгі таңда Өскемен қаласы бойынша 120 сайлау учаскесіне бекітілген 244 667 сайлаушы тіркелген. Сегіз мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат үйде дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Сайлау күні қалада елімізден 112 тәуелсіз бақылаушы, сонымен қатар ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ миссияларының және басқа да ұйымдардың халықаралық бақылаушылары жұмыс істеді, – деді Өскемен аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Фархад Құрманов.
Семей. Семейде сайлау күні таңғы 6-дан түскі 12-ге дейін автобустар тегін жүрді. Таңғы сағат 7-де соғыс ардагерлері Ахметкәрім Ахмадиев пен Петр Коломин дауыс берді. №260 сайлау учаскесіне қала әкімі Ермак Сәлімов отбасымен келіп өз таңдауын жасады.
Семейдегі аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Зейнолла Тоқаевтың айтуынша, Семейде 149 сайлау учаскесі жұмыс істеді, түске дейін-ақ халықтың басым көпшілігі дауыс беріп үлгерген.
– Семейде халықаралық бақылаушылар да жұмыс істеді. Мәселен, АҚШ-тан Стивен Ян, Армениядан Ануш Айрапечян келді. 16 мамырдан жұмыс істеп жатқан халықаралық бақылаушылар да бар. Германиядан 4, Ресейден 8 адам келді, – деді ол.
Сондай-ақ Семейде барлық учаскілерде тұрғындар үшін «Insta-рамкамен суретке түс» байқауы өтті. Жеңімпаздар 11 маусымда анықталады. Шарт бойынша жеңімпаз өз фотосуретімен көрермендерінен ең көп лүпіл жинауы қажет.
Он бір мыңға жуық жас сайлаушы тұңғыш рет дауыс берді.
Курчатов. Курчатовтықтар сайлау науқанына асқан белсенділікпен қатысты. Бұған қала тұрғындарының басым бөлігі дауыс беруге түске дейін келіп қоюы дәлел бола алады.
Қаладағы үш сайлау учаскесінде маңызды шараның барысын кандидаттардың сенімді өкілдері мен азаматтық платформалардың мүшелері, журналистер бақылаушы ретінде қадағалап отырды. Жалпы, бұл күні тұрғындар шаһардағы Мәдениет үйі, сондай-ақ №2 және №3 мектептерге барып, дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Айта кетейік, биылғы сайлауға Курчатов қаласы тұрғындарының 93,2 пайызы қатысты.
Бұл күні жер-жерде сайлаушыларға арналған дастарқандар жайылып, ең бірінші болып дауыс бергендер мен сайлауға алғаш рет қатысқан азаматтарға естелік сыйлықтар табысталды. Сондай сайлаушылардың бірі дәл осы 9 маусым күні туған күнін атап өткен 16 жастағы Владимир Лобачев болды. Сайлау күні қала тұрғындары мен қонақтары назарына «Фантазия» би тобы мен «Надежда» хоры сияқты өнер ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынды.
Риддер. Риддер қалалық ішкі саясат бөлімі берген ақпаратқа сүйенсек, саяси науқанға шаһардағы 41 852 дауыс берушінің 38 115-і қатысты. Бұл – 91 пайызға тең.
Бұл күні қалада 30 сайлау учаскесі қызмет көрсетті. Оның 28-і ашық, ал екеуі жабық түрде жұмыс істеді. Дерек көзі таратқан ақпарат бойынша, саяси науқан заң аясында өтті, сайлау талаптарына қайшы әрекеттер тіркелген жоқ. Халық сайлау учаскелеріне таңғы сегізден бастап келіп, жоғары белсенділік танытты.
Қаладағы сайлаудың өту барысы әлеуметтік желілерде тікелей көрсетіліп жатты. Сайлауға соғыс және тыл ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар да атсалысты. Арасында майдангер Георгий Шуваев та болды.
Айта кетейік, бұл күні сайлауға қатысушыларға арналған концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Саяси науқанға бірінші болып келгендерге түрлі сыйлықтар үлестірілді.
Абай ауданы. Бұл күні аудандағы тоғыз ауылдық округте жиыны 13 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Онда 9196 сайлаушы тіркелген. Сайлаушылар белсенділік танытты.
Барлық сайлау учаскесінде концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, бірінші болып дауыс берген азаматтарға сыйлықтар үлестірілді.
Сайлау учаскелерінде «Nur Otan» партиясынан 12 бақылаушы жұмыс істеді. «Аманат» платформасы арқылы 11 бақылаушы, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысы бойынша үш бақылаушы, «Дом» қоғамдық бірлестігі арқылы үш бақылаушы, кәсіподақ қоғамдық ұйымынан бір бақылаушы және ЕҚЫҰ сайлауды байқау жөніндегі миссиясы бойынша екі бақылаушы сайлау учаскелерінде болды. Осылайша, аудан халқы өз таңдауларын жасады.
Алтай ауданы. Алтай ауданының халқы сайлауға белсене қатысып, азаматтық парызын өтеді. Бұл күні таң сәріден бастап сайлау учаскелеріне ағылған тұрғындардың қарасы көп болды. Сондай учаскенің бірі Алтай қаласындағы №11 мектепте орналасты.
Ғимараттың фойесінде тұрғындарға арналған нан-тоқаш өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
– Таңғы сағат жетіден бері учаскемізге 500-ден астам адам келіп, дауыс берді. Бұл – тамаша көрсеткіш. Дауыс беру кезінде заңбұзушылықтар тіркелген жоқ, – дейді №642 сайлау комиссиясының төрайымы Людмила Скрипник.
Маңызды саяси науқанға қатысуға ниет білдіргендердің ішінде зейнеткерлер мен жастар да көп болды. Бұл күні сайлау учаскесіне келгендердің үшеуі Президент сайлауына алғаш рет қатысты. Олардың әрқайсысына дәстүр бойынша естелік сыйлықтар табыс етілді.
Аягөз ауданы. Сайлауда халық белсенділігі жоғары болды. Аягөздегі №313 сайлау учаскесіне таңертең бірінші келіп дауыс берген Қуатбек Ибрагимовқа сый-сияпат берілді.
– Мен үшін бүгін маңызды күн болды. Ел болашағы үшін дауыс бердім. Жастарға деген қолдау бола береріне сенімдімін, – дейді биыл 18-ге толып, алғаш рет өз таңдауын жасаған Жаңыл Қуатқызы. Көпбалалы ана Күлия Мәнібекова да өз дауысын лайықты кандидатқа бергенін айтты.
Жалпы, Аягөз ауданында 54 сайлау учаскесі құрылған. Мұнда 46829 сайлаушы тіркелген.
– Сайлау учаскелерінің барлығында дауыс беруші азаматтарға жағдай жасалған. 200-ден астам бақылаушы саяси науқанның заң аясында өтуін бақылады, – деді Аягөз аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Аман Мұстафин. – Сондай-ақ партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, кандидаттардың сенімді тұлғалары да науқан барысын қадағалады. Сайлауға дауыс берушілердің 97,4 пайызы қатысты.
Бесқарағай ауданы. Бесқарағайлықтар да кезектен тыс Президент сайлауына белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады. Аудандық ішкі саясат бөлімінің ақпаратына сүйенсек, аудан халқының 95 пайызы саяси науқанға қатысқан.
Сондай-ақ учаскеге келе алмаған 431 сайлаушыға үйден дауыс беруге мүмкіндік жасалды. Өңірдегі 34 сайлау учаскесінің ешбірінде тәртіпбұзушылық фактілері тіркелген жоқ. Мұнда да алғашқы дауыс берушілерге сый-құрмет көрсетілді.
Бородулиха ауданы. Бородулиха аудандық сайлау комиссиясының берген ақпаратына сүйенсек, мұндағы 44 сайлау учаскесінде де саяси науқан заң аясында өтті. Сайлау талаптарына қайшы әрекеттер, өрескел заңбұзушылықтар орыналған жоқ. Халық сайлау учаскесі ашылған таңғы сегізден бастап келіп, басым бөлігі түске дейін дауыс беріп, белсенділік танытты.
Аудан бойынша 24262 сайлаушының 21316-сы келіп дауыс берген. Әр учаскеде сайлаудың қалай өтіп жатқандығы әлеуметтік желілердегі тікелей эфирде көрсетіліп, науқанның қалай өтіп жатқандығына ел куә болды. Сайлауға соғыс және тыл ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандардың да қатысуы үшін қажетті жағдайлар жасалған.
Глубокое ауданы. Степное ауылындағы №502-ші сайлау учаскесінде ерекше жаңалық болды. Бір күнде бірден екі таңдау жасаған Ақмаржан есімді бойжеткен бұл күнгі қыз ұзату тойын ерекше рәсіммен бастады. Болашақ жұбайы Ерболмен сайлау учаскесіне келген ол көңілі қалаған кандидатқа дауыс берді.
– Бүгін – өз бақытыма және елімнің жаңа болашағына маңызды қадам жасаған күнім.
Ұзатылу тойымның ел Президентін сайлау күнімен дөп келуін ерекше ырымға балаймын. Осылайша, мен отбасым мен елімнің болашағы үшін таңдау жасадым, – деді Ақмаржан Қабдырашидова.
Сөйтіп, жас жұбайлар елдің аман, іргенің тыныш болғанын тіледі.
– Сайлау учаскем бөлек болса да, болашақ жарыммен оның туған ауылына келіп, ел болашағына таңдау жасау мен үшін үлкен бақыт. Бүгін екеуіміз де өз таңдауымызды жасадық, – деді Ербол Тоқтасынов.
Жарма ауданы. Президент сайлауына жармалықтар да бір кісідей атсалысты. Аудандағы 52 сайлау учаскесінде 26 мыңнан астам адам дауыс берген. Бұл аудандағы жалпы сайлаушылар санының 95 пайызын құрап отыр.
Қалбатау ауылындағы №528 сайлау учаскесінің жұмысы ресми түрде еліміздің Әнұранымен салтанатты түрде ашылды. Оған аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин қатысып, өз таңдауын жасады.
Бұл күні учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері алғаш болып дауыс беруге келген азаматтарға арнайы сыйлықтарды тарту етті.
Айта кетейік, биыл кәмелеттік жасқа толған 126 жармалық жас бірінші рет Президент сайлауына қатысты. Солардың бірі – Сымбат Мұхамадиев. Ол Қалбатау ауылындағы №529 сайлау учаскесінде дауыс берді.
– Болашағымыз үшін дауыс беріп, азаматтық борышымызды өтедік. Еліміздің болашағы жарқын боларына сенемін, – дейді Сымбат Мұхамадиев.
Зайсан ауданы. Зайсандықтар да сайлауға белсенділікпен қатысты. Таңғы сағат 7-ден бастап сайлау учаскелеріне легімен ағылған жұрттың қарасы көп болды.
Осы күні әрбір сайлау учаскесі алдын-да жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда ауыл шаруашылығы өнімдері төмен бағамен саудаланды. Сайлауға өз үнін қосуға келген сайлаушылар қолжетімді бағада саудаланған өнімдерге қол жеткізіп, аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концертін тамашалады.
Сайлаушылар қатарында кәмелеттік жасқа толған жас сайлаушылар мен жуықта ғана шаңырақ көтерген жас жұбайлар көп болды.
– Президенттік сайлауға отбасымызбен қатысып, ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін, Тәуелсіз еліміздің гүлденіп, көркеюі үшін таңдау жасадық, – деді Зайсан аудандық ерікті мүгедектер қоғамының төрағасы Сәбиолда Мәкей.
Катонқарағай ауданы. Аудандағы №870 Белқарағай сайлау учаскесінде барлығы 349 сайлаушы болса, дауыс беру түске дейін аяқталып қойған. Алғаш рет тапсырушыларға естелік сыйлықтар да қарастырылған. Олардың қатарында Жандос Абдрахманов, Ерасыл Қайырбеков сынды биыл мектеп бітірген түлектер де бар. Ал Евгения Гладкова болса, Өскемендегі педагогикалық колледжде екінші курста оқиды.
Ал аудан бойынша 17 438 дауыс беру құқығына ие адам болса, соның 16 925-і сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасаған. Бұл барлық сайлаушының 94,6 пайызын құрайды.
Барлық ауылдық округтерде жауапты науқан кезінде аудандық өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарламалар, сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Көкпекті ауданы. Аудан халқының 97 пайызы сайлауға қатысып, дауыс берді. Бұл күні аудан көлемінде 52 сайлау учаскесі жұмыс істеді.
Науқан барысында ешқандай заңбұзушылықтар тіркелген жоқ.
Таңертең ерте келіп дауыс берген азаматтар мен тұңғыш рет дауыс берушілерге сыйлықтар үлестірілді.
Жалпы, сайлауға отбасымен келген көкпектіліктер аз болған жоқ.
Ресми дерек көздеріне сүйенсек, биыл Көкпекті ауданында 18 жасқа толған 606 жас алғаш рет дауыс берді. Олардың қатарында Тілек Мағауиянов, Әйгерім Абикенова сынды белсенді жастар бар.
Күршім ауданы. Ауыл тұрғындары жауапты науқанға барынша ынталылық танытты.
Мәселен, Күршім гимназиясында орналасқан №720 сайлау учаскесінде сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Шәкерова бүгінгі маңызды шараның мән-мағынасын түсіндірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есманбек Ақтекенов көпшілікті мерекелі де жауапты науқанмен құттықтады. Сайлауға тұңғыш рет қатысқан аталған гимназияның 11 сынып оқушысы Мөлдір Төкенова алған әсерін көппен бөлісті. Оған сайлау комиссиясы атынан естелік сыйлық тарту етілді.
– Халықтың көңіл-күйі жақсы, – дейді Гүлнәр Сабырқызы, – күршімдіктер сайлауға белсене атсалысты.
Бұл күнгі сайлау науқанына бес бақылаушы қатысып, сайлау барысын қадағалады.
– Мен «Аманат» азаматтық платформасынан тәуелсіз бақылаушымын, – деді Ербол Қабақов.
– Сайлау көңілдегідей өтті, ешқандай тәртіп бұзу, заңға қайшылық орын алған жоқ.
Бұдан соң біз әдейілеп аралаған аудандағы №719, №721, №722, №723 сайлау учаскелеріндегі жағдай да тиянақты болып шықты. Комиссиялар төрағалары ауыл тұрғындарының белсенділігіне барынша риза.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ш.Тойбаевтың айтуынша, ашық сайлау учаскелерінің саны 49 болса, оған қосымша жеті жабық учаске жұмыс істеген. Осыларға аудандағы 18 262 сайлаушының 17 335-і (94,9 пайыз) өз дауыстарын берген.
Тарбағатай ауданы. Президент сайлауына тарбағатайлықтар ұйымшылдықпен қатысты.
Таң сәріден аудан орталығы Ақсуаттағы сайлау учаскесіне кезекте тұрған сайлаушылардың қарасы көп болды.
Саяси науқанды аудан әкімі С.Садуақасов ашса, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Шерубаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сахариев сайлаушыларды өз таңдауларын жасап, ұйымшылдықпен дауыс беруге шақырды.
Алғашқы болып өз таңдауын 83 жастағы ардақты ана Қатыш Мағауова жасады. Биылғы саяси науқанға аудан бойыша 1563 жас сайлаушы қатысса, солардың бірі – Перизат Каримова алғаш рет өз таңдауын жасап, естелік сыйлық алды.
Барлық 55 сайлау учаскесінде науқан аса ұйымшылдықпен өтіп, 55 тәуелсіз бақылаушы барлық учаскелерде заңбұзушылық тіркелмегендігін айтты. Сонымен қатар барлық ауылдық округтерде мерекелік концерттер, спорттық шаралар ұйымдастырылды.
Аудандағы 119 мүмкіндігі шектеулі жанның сайлау күні жүріп-тұруы үшін арнайы көліктер ұйымдастырылды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғанимұрат Закарияновтың айтуынша, түс мезгілінде аудандағы 28 019 электораттың 74 пайызы дауыс беріп үлгерген.
Ұлан ауданы. Ұланда да тұрғындар сайлауға белсенді қатысты. Өңірдегі сайлау учаскелері, ондағы комиссиялар жан-жақты дайындалған. Дауыс берушілердің еш кедергісіз, емін-еркін таңдау жасауы үшін барлық жағдай жасалды. Сайлау учаскелеріне адамдар таңертеңнен көптеп келе бастады.
– Отбасыммен бірге келіп, дауыс бердім. Біз таңдаған азамат үмітімізді ақтайды деп сенемін, – деді көпбалалы отбасының отағасы Ділмұрат Жұмаш. Ол – «Парасат» шаруа қожалығының жетекшісі, биылғы «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жүлдегері.
– Әрбір патриот өз елінің болашағына жауапты. Сайлауда алғаш рет дауыс бердім, бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік, осы күн есімде мәңгі қалады, – деп атап өтті Қасым Әубәкіров.
Аудандағы барлық 46 сайлау учаскесінде дауыс беру қарқынды өтті. Бозанбай, Таврия, Тарғын, Айыртау ауылдарында концерттер мен жәрмеңкелер ұйымдастырылды.
Үржар ауданы. Сайлауға тұрғындар көтеріңкі көңіл-күймен келді. Оны сайлау учаскелерін аралағанда байқадық.
Мәселен, №1033 сайлау учаскесінде таңертеңнен келіп жатқан тұрғындар қатарының сиремегенін көрдік. Осы сайлау учаскесінің төрағасы Еркін Қадыров дауыс берушілердің белсенді келіп жатқанын айтты. Сайлау учаскесінің 1554 сайлаушысы болса, олардың 1518-і түске дейін дауыс беріп үлгеріпті. Жасының ұлғайғаны мен денсаулығына байланысты 46 адам үйінде дауыс берген. Учаскеде 73 жастағы Шамаш Ералиеваны кездестірдік. Зейнеткердің балдақпен жүрсе де, өзі келіп дауыс беріп жатқанына қайран қалдық. «Еліміз тыныш болып, өсіп-өркендей берсін, сол үшін келіп тұрмын», – деді қария.
– Өңірімізде 50167 сайлаушы бар. Олардың сайлауға белсенді қатысуына барлық мүмкіндік жасалды, – деді Үржар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабдысадық Байсинов.
Шемонайха ауданы. Шемонайха ауданында сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, еркін атмосферада өтті. Тұрғындарының басым бөлігі дауыс беруге таң сәріден келді.
Сайлаушылардың 74 пайызы күндізгі сағат 15.00-ге дейін дауыс берген. Аудандағы 35 сайлау учаскесінің барлығына кандидаттардың сенімді өкілдері мен азаматтық платформалардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бақылаушы ретінде қатысты. Өңірдегі 33946 сайлаушының 31134-і сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасады. Бұл күні аудан орталығы мен ауылдық округтерде сайлаушыларға арналған дастарқан жайылып, ең бірінші болып дауыс бергендер мен кәмелет жасқа жетіп, сайлауға алғаш рет қатысып отырған азаматтарға естелік сыйлықтар табысталды. Аудандық сайлау комиссиясының ақпаратына сүйенсек, науқан барысында заңбұзушылық фактілер тіркелген жоқ.
«Didar» газетінің тілшілер тобы.