Саясат

Шығыс Қазақстанға жаңа әкім тағайындалды

Шығыс Қазақстанға жаңа әкім тағайындалды

Шығыс Қазақстан облысын алты жыл басқарған Бердібек САПАРБАЕВ 11-қарашада басқа қызметке ауысты. Мемлекет басшысының Жарлығымен ол ел Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХІІІ сессиясында еліміздің Үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ облыс әкімі қызметіне жаңа кандидатураны – Даниал Ахметовті ұсынды. Жиналған депутаттар үміткерге бірауыздан жақтап дауыс берді. Сессия жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқына арнаған өз Жолдауында Шығыс Қазақстан облысының жеткен жетістіктерін жоғары бағалады, мұндай толағай табыстар көп жағдайда аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ осы жылдар ішіндегі күнделікті атқарған ерен еңбегінің арқасында мүмкін болды.
– Біздің алдымызда қазіргі кезде үлкен міндеттер тұр, – деді Премьер-Министр Кәрім Мәсімов. – Мемлекет басшысы өз Жолдауында көліктік-инфрақұрылымдық жаңғырту мәселесіне жіті көңіл бөлді. Бердібек САПАРБАЕВ облыс әкімі қызметінде қыруар шаруа тындырды. Енді ол Премьер-Министрдің орынбасары болып, әлеуметтік мәселелермен айналыспақ. Бердібек Мәшбекұлы үшін бұл тың сала емес, біз Шығыста әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстардың атқарылғанын көріп отырмыз. Сол себепті, Бердібек САПАРБАЕВ өзіне жүктеліп отырған маңызды міндеттерді табысты орындайтынына кәміл сенемін.
Алдағы кезектегі міндеттердің бірі – жолдар мен электрификация проблемаларын шешу. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жария еткен «Нұрлы жол» атты жаңа бағдарлама әлемдегі экономикалық және саяси жағдайлардан туындап отырған қауіп-қатерлердің алдын алуды көздейді. Кәрім МӘСІМОВ атап өткендей, мәселенің өзі емес, оны шешудің амал-тәсілдерін, тұрақты жағдайды сақтаудың және экономиканың өсу қарқынын жоғалтпаудың жолдарын іздестіру маңызды. Ел басшылығы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қарым-қабілеті, біліктілігі Президент тапсырмаларын орындауға жететініне сенімді.
Шығыс Қазақстан облысының жаңа әкімі бұл қызметке кездейсоқ таңдалып алынған жоқ. Даниал АХМЕТОВ Павлодар облысын екі мәрте басқарды, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болды, Үкімет басшысы және Қорғаныс министрі лауазымдарында қызмет атқарды. Соңғы жылдары ол Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа мүшесі болды. Оған энергетикалық саясат, табиғи монополиялар, көлік және тасымалдау саясаты мәселелерімен, оның ішінде темір жол көлігі қызметтеріне қолжетімділікті реттеумен, айрықша тарифтерді қолдануды келісумен, тарифтерді өзгерту бойынша ұйғарымдарды тоқтату немесе жою туралы шешімдер қабылдаумен шұғылдану тапсырылған-ды.
– Келер жылдың 1-қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысына кіріседі. Даниал АХМЕТОВТІҢ мол тәжірибесін және Шығыс Қазақстан облысының шекаралық орналасуын ескере отырып, барлық практикалық мәселелер шешіледі деп ойлаймын. Шығыс Қазақстанның жаңа басшысы Бердібек Мәшбекұлы секілді Елбасының барлық мндеттерін бұлжытпай орындауға тырысатын болады, – деп атап өтті Кәрім МӘСІМОВ.
Премьер-Министр аймақтың жаңа басшысын тағайындалуымен құттықтап, оның алдағы қызметіне табыс тіледі.
Бердібек САПАРБАЕВ өз кезегінде сенім білдіргендері үшін ел басшылығына ризашылығын білдірді. Шығыс Қазақстанның бұрынғы әкімі осымен алтыншы рет Елбасы Жарлығымен жоғары лауазымды қызметке тағайындалып отыр.
– Мен өзімнің әріптестеріме бес жыл тоғыз айдың ішінде бірлесе атқарған жұмыстары үшін алғысымды айтқым келеді. Егер өзара түсіністік пен қолдау болмаса, біз мұндай жетістіктерге жетпес едік. Жаңа лауазымда мен Мемлекет басшысының сенімін ақтауға және өзіме тапсырылған барлық міндеттерді орындауға бар күшімді саламын. Даниал АХМЕТОВ – облыс әкімі қызметін бірнеше рет атқарған тәжірибелі адам, оған жаңа жұмыста сәттілік тілеймін. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары білікті басшыларға әркез қолдау білдіреді, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бас инспекторы Василий Ахаев пен облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Омаров Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ атына алғыстарын жеткізді. Олар Бердібек Мәшбекұлының басты мақсатқа жетуге – барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді көтеруге деген талпынысын ерекше атап өтті. Ол бұл көздегеніне жетті де, өйткені, облыс елімізде көшбасшылық орындарды иелене бастады.
Даниал АХМЕТОВ депутаттар мен басқарма басшыларының назарын Елбасы Жолдауында ел экономикасына және әлемдегі жағдайға жаңа көзқарас көрініс тапқанына аудартты.
– Осы Жолдаудан әрбір қазақстандық өз өмірін дағдарыс уақытына қарамастан ары қарай қалай қалыптастыруды біліп, түсіне алады. Қазір маған үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Мен алға қойылған мақсаттарға жету үшін барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Бердібек САПАРБАЕВ – ең дарынды басқарушылардың бірі. Ол қиың кезеңдерде зор табыстарға қол жеткізе білді. Әр әкімнің міндеті – жетістікке тоқмейілсіп, тұралап қалмау. Мен де өз алдымда тұрған барлық мақсат-міндеттерді орындауға тырысамын, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Жиын соңында Кәрім МӘСІМОВ барлық деңгейдегі басшылардың негізгі мақсаты ешбір қиындыққа қарамай азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындау екенін тағы бәрі мәрте ескертті. Бердібек САПАРБАЕВ та, Даниал АХМЕТОВ те жаңа қызметтерінде тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін қолдан келер шаралардың бәрін атқаратындарын айтты.

Премьер-Министрдің орынбасары – Бердібек САПАРБАЕВ

Шығыс Қазақстанға жаңа әкім тағайындалды

САПАРБАЕВ Бердiбек Мәшбекұлы 1953 жылдың 9-ақпанында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылында дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтының жоспарлау экономикалық факультетін бітірген.
Ғылыми атақтары, дәрежелері, қызметі:
Экономика ғылымдарының докторы (диссертациясының тақырыбы: «Өндірістік-шаруашылық жүйедегі инвестициялық үдерістерді басқару (Қызылорда облысының материалдарында)» 1999).
Еңбек өтілі:
Еңбек жолын 1969 жылы «Задария» кеңшарында жұмысшыдан бастады.
1971 жылдан 1973 жылға дейін әскери борышын өтеді.
1977 жылдан 1988 жылға дейін Қазақ КСР Қаржы министрлігінде еңбек етті. Алғашында экономист, одан соң аға экономист, жетекші, бас экономист, бөлім бастығының орынбасары болды.
1988 жылдан 1994 жылға дейін – Халыққа білім беру министрлігі жоспарлау-қаржы басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы білім министрінің орынбасары.
Бір жылдай Президент және Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті Аппаратының бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.
1994 жылдан 1995 жылға дейін Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің Істер басқармасы қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, кейін бөлім меңгерушісі.
1995 жылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейін – Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті Аппаратының жетекшісі.
1995 жылдың қыркүйек айында Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалады.
1999 жылдың шілдесінен 2002 жылдың тамызына дейін – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі.
2002 жылдан – Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы болып ауысады, кейін Қаржы вице-министрі – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы.
2006 жылдан 2007 жылға дейін Премьер-министр кеңсесі жетекшісінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі Үкіметтің өкілі.
2007 жылдың ақпанынан тамызына дейін – Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі.
2007 жылдың тамызынан бастап Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалады.
2009 жылдың 4-наурызынан 2014 жылдың 11-қарашасына дейін – Шығыс Қазақстан облысының әкімі.
2014 жылдың қарашасынан Премьер-Министрдің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Басқа лауазымдары:
ҚР АШҒА құрметті мүшесі (1996).
ҚР гандбол федерациясының құрметті президенті.
Мемлекеттік және халықаралық наградалары, сыйлықтары, құрметті атақтары:
«Парасат» ордені (2007)
«Құрмет» ордені (1999)
«Астана» медалі (1998)
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл» медалі (2001)
«Қазақстан Конституциясына – 10 жыл» медалі (2005)
«Астанаға – 10 жыл» медалі (2008)
1-ші дәрежелі «Барыс» ордені (2012)
Төмендегі кітаптардың авторы:
«Аймақтың өтпелі кезеңдегі экономикасы» (1995);
«Арнаулы экономикалық аймақтар. Құру тәжірибесі» (1996);
«Региономика» (2013).

Шығыс Қазақстан облысының әкімі – Даниал АХМЕТОВ

Шығыс Қазақстанға жаңа әкім тағайындалды

АХМЕТОВ Даниал Кенжетайұлы 1954 жылдың 15-маусымында Павлодарда дүниеге келген, Павлодар индустриалды институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген (1976).
Ғылыми атақтары, дәрежелері, қызметі:
Экономика ғылымдарының докторы, диссертациясының тақырыбы: «Қазақстандағы тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің аймақтық ерекшеліктері» (2003).
Қазақстан Республикасы Минералды ресурстар академиясының академигі (1997 жылдан).
Еңбек өтілі:
«Павлодар тұрғын үй құрылыс» тресі үй құрылыс комбинатының шебері (1976-1981).
Екібастұз қалалық партия комитетінің нұсқаушысы (1981-1983).
«Екібастұз шахта құрылыс» комбинаты партия комитетінің хатшысы, бас инженерінің орынбасары (1983-1987.
Екібастұз қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары (1987-1991).
«Екібастұз энерго тұрғын үй өндіріс құрылысы» тресінің басқарушысы (1991-1992).
Екібастұз қалалық әкімшілігінің басшысы (1992-1993).
Павлодар облыстық әкімшілігінің басшысы, әкімі (1993-1997).
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі (12.1997-10.1999).
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары (10.1999-12.2000).
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары (21.12.2000-21.11.2001).
Павлодар облысының әкімі (21.11.2001-13.06.2003).
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі (13.06.2003-08.01.2007);
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi (10.01.2007-17.06.2009).
Экологиялық энергетика саласындағы компанияның басшысы (12.2010 жылдан).
Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым бойынша министрі (2012 жылдан).
Басқа лауазымдар:
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі.
Қазақстан Республикасы велоспорт федерациясының президенті (1999-11.2009).
Мемлекеттік және халықаралық наградалары, сыйлықтары, құрметті атақтары:
ордендері: 2-ші дәрежелі «Барыс» (2004), 3-ші дәрежелі «Барыс» (1999), «Құрмет белгісі» (1986); «Қазақстан Рспубликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» (2012).
Медальдары:
«Астанаға – 10 жыл» мерейтойлық медалі (01.07.2008).
Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына арналған естелік құрмет белгісі (20.02.2008).
Қазақстан Республикасы велоспорт федерациясының құрметті президенті (11.2009).

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button