Саясат

Шығыс Қазақстан дамудың даңғыл жолын айқындап отыр

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік АХМЕТОВ бастаған үкіметтік делегация Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келіп, Семейде, Зырян, Глубокое аудандарында, Өскеменде болып, кәсіпорындарды аралады, облыс орталығында келелі кеңес өткізді.

Шығыс Қазақстан дамудың даңғыл жолын айқындап отыр

Семейді жылумен қамту – басты назарда

Семей қаласында шағын және орта бизнестің, кәсіпкерліктің кең қанат жаюына толық мүмкіндік бар. Қалада алып кәсіпорындар болмаса да күні ертең Семей өзін-өзі экономикалық жағынан қамтамасыз ете алатын бизнесі дамыған ірі шаһарға айналуы тиіс. Осындай ой айтқан Премьер-Министр Серік АХМЕТОВ Семейге келген жұмыс сапарында кәсіпкерлермен жиын өткізіп, онда көптеген мәселелерді талқылады.

Үкімет басшысы өз жұмыс сапарын ең алдымен қаланың сол жағалауын толықтай жылумен қамтамасыз етіп отырған ЖЭО-1-ден бастады. 2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмасымен Семейдің жылу мәселесін толық шешу үшін аймақтық бағдарлама қабылданған еді, бұған 38 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінде осы қаражаттың 28 миллиарды игеріліпті. Бұл қаражатқа ЖЭО-1-де бумен жылынатын қазандық, химиялық су тазарту қондырғысы, көмір жеткізетін кешен салынған. Биыл құрылысшылар 3,475 миллиард теңгені алда тұрған 3 жоба үшін пайдаланбақ. Осы шаралардың сол жағалау проблемаларының түбегейлі шешілуіне септігі тиді.

Дегенмен, әлі де болса шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Мәселен, қаланың оң жағалауы жылу проблемасын реттей алмауда. Бұл үшін бұрыннан бері айтылып келе жатқан ЖЭО-3 салынуы қажет. Бұл өте қымбат тұратын жоба, десек те мәселенің анық-қанығына көз жеткізген Премьер-Министр Серік АХМЕТОВ облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВҚА техникалық-экономикалық негіздемені жасап бітіруді тапсырды. Құжат дайын болысымен жоба республикалық бюджетке қосылады.

Құрылыс қарқын алмақ

Семейге келген сапарында Үкімет басшысы Серік АХМЕТОВКЕ екі индустриялық жоба ұсынылды. Біріншісі – «Фирма АЗИЯ» ЖШС-нің құрылыс материалдарын шығаруға бағытталған жаңа өндіріс ошағы.

Екіншісі – осы зауыттың негізінде тұрғызылатын Семейдегі тұрғын үй құрылысы комбинаты. Ең алдымен зауытқа тоқталсақ, өндіріс тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысына ұзындығы 6 метр, ені 1,2 метр темір-бетон бұйымдарын әзірлеуде. Зауыттың қуаттылығы бір күнде 3-9 текше метрге жететін 75 плитка өндіреді. Бұл серіктестікті құруға 552,3 млн. теңге қаржы жұмсалған. Әзірге мұнда 15 жұмысшы еңбек етеді. Жұмысшылардың саны аз болғанмен заманауи технологиялардың арқасында зауыт сапалы өнімді молынан өндіруге мүмкіндігі бар. Компания басшылығы Үкімет басшысын темір-бетон бұйымдары өндірісінің технологиялық аспектілерімен және кәсіпорынды дамытудың жоспарларымен таныстырды. Кәсіпорынның болашағы зор деуге болады. Темір-бетон бұйымдарының өндірісін кеңейту және тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру аясында Семей қаласында үй құрылысы комбинатын салу жоспарлануда, яғни, екінші кезекте Премьер-Министрге осы комбинаттың жобасы да таныстырылды.

Бұл игі істің бастамашысы «Сәт Транс» ЖШС директоры Нұрлан Байбековтың айтуынша, зауыт «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша қолға алынған. Жылына дайын каркастардан тұратын 50 мың шаршы метр өнім өндірмек. Бұл тұста Үкімет басшысы Серік АХМЕТОВ «Зауытты қолға алыпсыздар, бұл жөн екен, бірақ 2013 жылдан 2016 жылға дейін алған тапсырыстарыңыз бар ма, өнімді өндіресіздер, ал оны іске қосып, пайдаға жаратпасаңыздар мемлекет тарапынан бөлінген қаржы далаға ұшпай ма?» деді.

Облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ тапсырыс мәселесіне орай жұмыстар ұйымдастырылғанын айтып, Өскеменде, Семейде салынып жатқан осындай нысандардың өнімдері далада қалмайтындығына сендірді. Себебі Семейде тұрғын үй кезегінде тұрғандардың қатары жылма-жыл артып келеді және оның үстіне бұрын салынған тұрғын үйлердің 60 пайызының тозығы жетіп тұр. Нұрлан Байбековтың мәлімдеуінше, кәсіпорын көппәтерлі тұрғын үйлерді 96 пайызға дейін құрылыс материалдарымен қамтамасыз етеді. Технологиясының ерекшелігі, каркастардан қаланатындықтан, дайын бөліктер геометриялық дәлдікпен құрастырылған кезде плиталар мен блоктарды жинап, реттеу үшін дәнекерлеу жұмыстары керек болмай қалады. Тұрғын үй комбинаты жылына 50 мың шаршы метрге негізделгендіктен, әр жыл сайын 8-9 көппәтерлі тұрғын үйді қолма-қол салып шығаруға болады. Бүгінгі күні комбинатта ғимарат және технология мәселесі толық шешілген.

Осы тұста облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аймақтағы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасымен де таныстырды.

– Апатты жағдайда тұрған тозығы жеткен үйлерге орай өздеріңіздің облыстық бағдарламаларыңыз болсын, – деді Серік АХМЕТОВ, – республикалық бюджеттен қосымша қаржы қарастырып, шағын қалаларды дамыту бағытында жұмыс атқаратын боламыз. Тек республикалық бюджетке ғана сеніп отыруға болмайды. Құлағалы тұрған ескі үйлер проблемасын шешуге орай жобаның қанатқақты бастамасы Астанада қолға алынатын болмақ, себебі тозығы жеткен үйлер еліміздің әр жерінде бар.

Келесі кезекте Үкімет басшысы «СемАЗ» ЖШС-нің автобустары мен тракторларының жаңа үлгілерін тамашалады. Әрқайсысына жеке кіріп көріп, отандық өнімдерге көңілі толатындығын айтты.

Кәсіпкерлерге қолдау да, көмек те көрсетіледі

Бұдан соң Серік АХМЕТОВ кәсіпкерлермен кездесіп, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелерін талқыға салды. Жиынға орталық және жергілікті атқарушы органдардың, бизнес-қауымдастықтардың басшылары қатысты. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өңірдегі экономикалық жағдайға тоқталып өтті. Семей қаласы соңғы он жыл ішінде үлкен табыстарға жетіп отыр. Жылу, ыстық су, жарық мәселелері шешіліп, шағын және орта кәсіпкерлік дамып келеді.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ айтуынша, Шығыс өңірінде бүгінде 220 мың кәсіпкер еңбек етеді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша, шағын және орта бизнестен түскен салық 60 миллиард теңге көлемінде болған. Оның 20 миллиарды – семейліктердің үлесінде. Шығысқазақстандықтар барлық дамытушы институттармен бірлесіп жұмыс атқарады. Егер «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 2012 жылы 2,4 миллиард теңге қарастырылса, оның 700 миллион теңгеден астамы Семей кәсіпкерлеріне берілген. Атқарушы билік бизнестің кез келген түрінің дамуына көмек беруде.

– Дегенмен Үкімет тарапынан да кейбір мәселелерге қолдау болса, мәселен, бизнес-жобаларды қарастыру кезінде екінші дәрежелі банктер қаржыландыру мәселесін сөзбұйдаға салып, созып жібереді. Сондай-ақ, семейлік кәсіпкерлер өздерінің қол астындағы жұмысшыларына экологиялық төлемақы төлеу үшін біраз шығынға батып отырғаны тағы бар. Бұны әлеуметтік сақтандыруға кіргізсек деген ұсыныстар назарға алынбай отыр, – деді облыс Әкімі.

Кәсіпкерлікті Семейде дамыту үшін кедендік қызмет керек. Сертификатты өнімнің бір түріне ғана емес, өндіріс орнына берген жөн.

– Электронды сатып алу жүйесі әлі күнге дейін толық жүзеге аспауы дұрыс болмады, – деді Бердібек САПАРБАЕВ, – мердігерлер технологиясы, техникасы жоқ кәсіпорын немесе жауапсыз ұйым болып шығады. Тіпті кейбіреулері белгіленген нысаннан әлдеқайда жүздеген, мыңдаған шақырымда орналасқан. Мұндай кезде қандай жұмыс сапасы туралы айтуға болады.

Үкімет басшысы Серік АХМЕТОВ Елбасы Жолдауы кәсіпкер қауымы үшін келешекке бастар кемел жол екендігіне тоқталды.

«Атамекен» одағы» Ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов өз сөзінде Семейде «Атамекен» одағы» палатасының филиалы ашылатынын хабарлады. Мұнда семейлік кәсіпкерлерге кеңестік ақпарат, құқықтық қолдау білдіру үшін сегіз бағыт бойынша жұмыс атқарылады. Оның ішіне мемлекеттік бағдарламалар, әкімшілік кедергілерді реттеу, мемлекеттік бағдарламаның қажеттілігі, Кедендік одақ сияқты мәселелер қарастырылады, барлығы да Семейдегі бизнестің жандануына ықпал етеді. Сондай-ақ, Абылай Мырзахметов Қазақстан бойынша Елбасы тапсырмасымен құрамына барлық кәсіпкерлер кіретін Ұлттық палата құрылатындығын айтты. Палата кәсіпкерлерді қолдап қана қоймай, ауыл шаруашылығының да дамуына ықпал етеді. Және екінші дәрежелі банктерге кәсіпкерлер үшін кепіл бола алады. Өйткені банктер алдында әсіресе, кепілге беретін дүниесі болмай, ауыл кәсіпкерлері көп қиналып жатады. Серік АХМЕТОВ бұған Үкімет тарапынан да толық қолдау көрсетілетіндігін айтты.

– Өздеріңіз білесіздер, 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясында Елбасы Қазақстанды әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосу туралы міндет қойды. Қуатты және бәсекеге қабілетті бизнеске қолдау көрсеткен жағдайда ғана, ондай жетістікке қол жеткізе аламыз. Бизнес көшбасшы елдер экономикасының негізгі тірегі болып табылады, – деген Премьер-Министр жиынға келген кәсіпкерлердің де ой-пікірлерін тыңдады.

Бұл басқосуда семейлік кәсіпкерлер проблемаларын да ортаға салды. Оның бірі – өнімді сертификаттау. ««Игеру» КХ» ЖШС-нің басшысы Ғаббас Ибраевтың сөзіне қарағанда, 2010 жылы екі жоба іске қосылған. Алғашқысы – құны 1 миллиард 200 миллион теңге болатын теміржол вагондарының тежегіш қалыбы. Кәсіпорын барлық мәселені қалпына келтіргенмен, өнімді шығару үшін бөгеттер шықты. 2012 жылдың тамыз айында кәсіпорын Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен меморандум жасап, соның нәтижесінде министрлік сертификаттауға мүмкіндік беріп, кәсіпорын мемлекет есебіне әр жасалған келісімнің 1 пайызын аударып отырмақ боп шешілді.

Десек те, автомобиль шиналарын, дөңгелектерін дайындайтын цех іске қосылу үшін өндіріске 8 миллион доллар жетпейді. Екінші дәрежелі банктер несие беру үшін керемет талаптар қоюда. «Семей тері-былғары комбинаты» ЖШС-нің төрағасы Жұмағазы Рахымғалиев өз проблемасын алға тартты.

– Біздің кәсіпорында жаңғырту, инновациялық технологиялар, жаңадан жұмыс орындарын ашу, экспортқа бағыттау, тіпті ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеп, халық игілігіне пайдалану – осының бәрі де бар. Өкінішке қарай, жұмысты нақты бастауымызға қаржы қолбайлау болып тұр, – деді Ж.Рахымғалиев.

2002 жылдан бастап кәсіпорын толық іске қосыла алмауда. Келісім бойынша 2,5 жыл ішінде қаржыландырамыз деген «Қазақстан Даму Банкі» төрт жылға созып, соның салдарынан комбинат тоқырап қалған.

– Бұл күндері шетелдерде тері өңдеу технологиясы өте жоғары дамыған, – деді Серік АХМЕТОВ. – Базарлар мен дүкендердегі Түркия тондары сұранысқа ие. Мәселе сонда, шетелдік кәсіпкерлер біздің шикізатты арзан бағаға әкетіп отыр. Тері мен жүнді жерге тастай алмаған халық қолдағы бар шикізаттарын арзан бағаға өткізе салуға мәжбүр. Сиыр терісінің келісі 500 теңгеден өтті делік. Одан көрші елдің кәсіпкерлері 5-6 аяқкиім жасап, әрқайсысын өзімізге 8-10 есе қымбатқа сатады. Осы орайда «Семей тері-былғары» комбинатының алға қойып отырған жоспарлары ауқымды әрі болашағы зор екендігін ескерген жөн. Бұндай кәсіпорынның тұрып қалуына жол бере алмаймыз.

Семей машина жасау зауытының директоры Нұрлан Омаровтың айтуынша, кәсіпорын «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ-ның көмегімен жақсы жұмыс деңгейінен көрініп келеді. Жұмыс істеушілердің саны екі есеге өсіп, жалақы да жылма-жыл көтерілуде. Жалақы мәселесіне келгенде Серік АХМЕТОВ аса абай болуды ескертті. Егер кәсіпорынның табысы ұлғайса, онда міндетті түрде жалақыны да белгілі мөлшерде көтеріп отыру қажет деді.

Семейлік кәсіпкерлер бұдан басқа да маңызды проблемаларды ортаға салды. Мәселен, қалада бірнеше құс фабрикасы бар болғанмен, сапасы әлдеқайда төмен әрі бағасы қымбат жұмыртқалар Ресейден әкелініп, саудалануда. Сондықтан да осы мәселені дұрыс жолға қою үшін субсидия жағынан көмектер берілсе, деді кәсіпкерлер. «Семейде автобустар, тракторлар құрастырылуда, сапасы жоғары, көрші елдерге толық саудаға шығаруға болады. Десек те қазақстандық сертификаттар Ресейде жарамайды. Осындай жұмыстар өз елімізде де қолға алынса» деді «СемАЗ» автомобиль құрастыру зауытының басшысы Әсемқан Досқұжанов.

Бір қызығы Астана Семейдің автобустарын сертификаты жоқ болғандықтан қалалық тасымалға пайдаланудан бас тартса, Қазақстанның өзге қалалары Қытай автобустарын «Еуро-3» деп қолданысқа енгізуде, оның шын маркісін анықтайтын бізде сертификаттау орны жоқ. Ал біздің «Еуро-3» автобустарымызды алатын ешкім болмай қалған. Үкімет басшысы тиісті сала басшыларына нақты тапсырма берді.

– Міне, осындай проблемалардың барлығын «Атамекенмен» бірлесіп, кәсіпкерлерді қолдау орталығы мен инвесторларға қызмет көрсету мекемелері шешу керек, – деді Серік АХМЕТОВ, – ол үшін облыс Әкімі жанынан үйлестіру кеңесін құру керек. Ол кәсіпкерлердің түйінді мәселелері талқыланатын және шешілетін, сондай-ақ перспективалық бастамалар қаралатын ортақ алаң болуы керек.

Осылай дей келе Үкімет басшысы ағымдағы жылдың маусымына дейін Семей қаласында кәсіпкерлерді қолдау орталығы мен инвесторларға қызмет көрсету орталығын құру туралы нақты тапсырма берді. Қорыта келгенде, Семей өңіріндегі бизнес құрылымдарды жаңа сапалық деңгейге көтеретін нақты міндеттер айқындалды.

Шағын шаһарлардың шаруалары оңалып келеді

Зырян қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік АХМЕТОВ, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Зырян тау-кен байыту кешенінің байыту фабрикасында болды. Мұнда «Қазцинк» ЖШС-нің басқарма төрағасы Никола Попович Үкіметтің жұмыс тобын осы жылға белгіленген жоспарлардың жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Зырян, Серебрянка, Риддер, Курчатов қалаларының әкімдері аталмыш шағын шаһарларды дамыту бойынша кешенді бағдарламаның орындалуы қалай жүріп жатқанын баяндады.

Ірі кәсіпорын мен жергілікті атқарушы биліктің шағын қалаларда жаңа өндіріс орындарын ашу, әлеуметтік нысандарды салу жөніндегі ортақ істері көбейіп келеді екен. Оларды барынша сәтті іске асыру үшін «Қазцинк» ЖШС «Бірге Қазақстанда жасалған» атты бөлек бір жобаны да қолға алыпты. Осындай екі бизнес құрылым бүгінде байыту фабрикасының аумағында табысты жұмыс істеп жатыр.

Бұл жайт жұмыс сапарына қатысушылардың асқан қызығушылығын туғызды. Серік АХМЕТОВ, Бердібек САПАРБАЕВ фабрика аумағында тоқыма өнімдерін шығаратын «Қазақстан Тексти Лайн» өндірістік-коммерциялық фирмасының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын тек «Қазцинкке» ғана қызмет көрсетпейді, ол сондай-ақ өнімдерін Ресей мен Украинаға экспорттайды. Атап өтерлігі, өндірісті жаңғыртуға қажет қаржыны серіктесіне пайызсыз несие түрінде «Қазцинк» беріпті. Тігінші Елена Бедарева осында бес жылдай еңбек етіп келетінін айтады, жылдан-жылға жұмыс жағдайы жақсарып, жалақы көлемі артып келеді екен. Ал Наталья Андросова бір жыл бұрын Талғар қаласынан көшіп келіп, бірден өз мамандығы бойынша «Тексти Лайннан» жұмыс тапқан. Жалпы, бұл ұйым Шығыс Қазақстанда өзге де қызметтерді көрсетіп, шамамен 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Біз «Қазцинкпен» келісімшарт жасасқанымызға қалай қуандық десеңізші, – деді Премьер-Министрге фирма жетекшісі Сергей Аленко. – Бұл қуатты, тұрақты, сенімді, бірақ талапшыл серіктес. Мұндай алпауыт компаниямен бірлесе жұмыс істеу үнемі алға жылжып отыруға серпін береді. Кәсіпорынды құру туралы шешім дұрыс болды.

Ал келесі кәсіпорын – «Коллизея» ЖШС технологиялық және тау-шахталық құрал-жабдықтарды өндірумен және құрастырумен айналысады. Кәсіпорын директоры Михаил Пасхиннің айтуынша, жұмыс көлемінің 95 пайызы – «Қазцинктің» тапсырысы. Десек те, олар туған қалаларын да ұмыт қалдырмайды. Зырян карьерін су басқан кезде нақ осы «Коллизея» ЖШС әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған су тартқы станциясын салған болатын. Қазірде фирмада екі жүзден астам адам еңбек етуде.

Монтажшылар Александр Ренкин, Виктор Семыкиннің айтуынша, ұжымдағы көңіл күй көтеріңкі, бәрінің де жұмыс істеуге құлшынысы жоғары. Осы жылы олар бір миллиардтан астам теңгенің жұмысын орындап шығуды көздеп отыр.

Шағын қалаларда жаңа өндірістер ашып, дамытудың мұндай тәжірибесін Серік АХМЕТОВ оң бағалады. Жалпы алғанда компания жыл сайын отандық кәсіпорындармен 14 мыңдай келісімшарт жасасады, мұндағы қазақстандық үлестің көлемі – 60 пайыз мөлшерінде. Яғни, «Қазцинкпен» бірге елімізде ондаған кәсіпорындар өсіп, өркендеп келеді.

Жұмыс жағдайы туралы баяндаған компанияның басқарма төрағасы Никола Попович үкіметтік жұмыс тобы мүшелерінің назарын «Геология – біздің болашағымыз» бағдарламасының іске асырылу барысына аударды. Биыл геологиялық барлау жұмыстары нақ осы Зырян тау жыныстарында белсенді жүргізілмек. Алғаш рет іздестіру жұмыстары да атқарылады. Бірақ қазба байлықтарын пайдалану туралы қазіргі қолданыстағы заңнамалық база жетілдіруді қажет етеді. Еліміздің Премьер-Министрі Серік АХМЕТОВ «Қазцинк» өкілдерін қазба байлықтарын пайдалану туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмысына қатысуға шақырды.

Серік АХМЕТОВ Шығыс Қазақстандағы шағын қалалардың бюджеттері бүгінде қандай көздерден құрылып отырғанын, оларды ары қарай дамыту үшін 2013 жылға қанша қаржы қарастырылғанын жан-жақты сұрап білді. Ол шағын Зырян жылу-энергия орталығына электр қуатын өндіретін алғашқы қазақстандық турбогенераторды орнату жобасымен танысып, аталмыш тәжірибені тарату керектігін ұсынды. Серебрянка бейорганикалық бұйымдар зауытының мәселесі қарастырылып, оны жаңғыртудың бірқатар жолдары белгіленді.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік АХМЕТОВ, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «Қазцинк» ЖШС Зырян тау-кен байыту кешенінің өндірістік учаскелерін аралап көрді. Еліміздегі байырғы байыту фабрикасының ультраұнтақтау, мыс қалдығы мен қорғасын шаңын қайта өңдеу, өндірісті басқарудың заманауи орталығын іске қосу және өзге де айтулы жетістіктері үкіметтік жұмыс тобының жоғары бағасына ие болды.

Ауыл шаруашылығында тиімді технологиялар игеріледі

Үкімет басшысы Серік АХМЕТОВ облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН таяуда ғана Глубокое ауданында іске қосылған сүт-тауарлы ферманы аралап, Қазақстанда теңдессіз саналатын роботтандырылған сауын технологиясының жұмысымен танысты. Осы арада өңірдің агроөнеркәсіп саласының болашағы мен келешекке құрған жоспарлар да таныстырылды.

Бесқарағайда жемшөп қорын нығайту мақсатында салынатын «Жаңбыр» агроөнеркәсіп алаңы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша қаржыландырылмақ. 2013-2015 жылдарға жобаланған кешенге 1 млрд. 805 миллионнан астам қаржы құйылмақ.

Қазақтың ақбас сиырын ет нарығына шығаруды көздейтін «Арбиев» шаруа қожалығы 2014 жылға дейін мал басын екі мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Өңірде «Жайлау» бағдарламасының іске асу барысын баяндаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Күршім, Тарбағатай, Жарма, Аягөз аудандары ұсақ мал шаруашылығын дамытуға қолайлы болғандықтан 80 адамға жүз тұяқтан мал үлестірілгенін, ал оны 2014 жылы қайтара бастайтынын жеткізді. Семей қаласының аумағындағы тауарлық жұмыртқа шығаратын құс фабрикасын қайта жарақтау жобасы мен өткен жылы салынып біткен көкөніс қоймасы да Серік АХМЕТОВТІҢ назарына ұсынылды. Облыстың суармалы өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы мәселелері қалай шешіліп жатқаны да баяндалды.

Роботтандырылған сүт-тауарлы ферманы аралау барысында Үкімет басшысы сауын үрдісінің неліктен «ерікті» аталғанына, мұндай тәсілдің артықшылығы неде екеніне назар аударды. Құнарлы қоспасы бар жемге асыққан сиырлардың сауын станогына кезекте тұратынын көріп, таңданысын жасырмаған Премьер-Министрге адам факторы болған жерде сиырлардың толықтай иімейтінін, иіген күннің өзінде сүттің белгілі бөлігін бойына тартып алатынын түсіндірді серіктестік басшысы Талғат Қырықпаев. Ал «ерікті сауын» үрдісі кезінде сиыр бойдағы сүттің бәрін беретін көрінеді. Ал құнарлы жемшөп, жайлы күтім өнімділікті еселей түсуде. 2017 жылы толық қуатына енетін ферма жылына 2200 тонна сүт өнімдерін шығаратын болады.

– Алғаш сиырларды Чехиядан әкелген кезде әр бастан 4 литр мөлшерінде сүт алып жүрдік. Кейін осы өлкені жерсіне келе, швейцариялық технологияны қолданғаннан кейін сүттілері күніне 19 литрге дейін сүт беріп жүр. Орташа көрсеткіш 12 литр болып тұр. Болашақта әр бастан күніне 21 литр сүт алатын боламыз, – деді Талғат Қырықпаев. Оның айтуынша «DеLaval» фирмасының алты сауын станогын игеруде қиындықтар туындай қалса, компанияның Ресейдегі бөлімшесіне хабарласып, ақыл-кеңес алу тәжірибесі жолға қойылған.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ сәтті жобаның 20 пайызы мемлекет бюджетінен қаржыландырылғанын, бұл 100 млн. теңге қаражат «Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау» және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламаларының аясында игерілгенін айтты.

Бұл қадам аталған бағыттағы үлкен жоспардың басы ғана екенін еске салған аймақ басшысы өңірде мұндай тиімді технологияны игеруге әлеуетті шаруашылықтар баршылық екенін тілге тиек етті.

Қазақстандық үлесті жүз пайызға жеткізген

Премьер-Министр Серік АХМЕТОВ облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге Өскемендегі «Востокмашзавод» акционерлік қоғамында болып, өткен жылдардағы дағдарыстардан кейін еңсесін қайта тіктеген машина жасау зауытының қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты.

Зауыттың №10 цехының базасында ұйымдастырылған көрмеде Үкімет басшысы Серік АХМЕТОВКЕ өңірдегі іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар және облыстың жетекші кәсіпорындарының жасап шығарған бұйымдары таныстырылды. Шығысқазақстандық өндірістік кәсіпорындар үшін қазақстандық үлестің көлемін арттыра түсу – стратегиялық басты мақсат екені белгілі. Көрмеге тауарларын әкелген кәсіпорындардың бәрі де тауарларды жеткізуде, жұмыстар мен қызметтерді көрсетуде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-на қарасты ұлттық компаниялар үшін жоғары маңызға ие екендігі байқалды. Мәселен, тек былтырдың өзінде ғана шығысқазақстандық тауар өндірушілер еліміздегі ұлттық компаниялармен 41 млрд. теңгенің тауарларын, жұмыстарын және қызметтерін сатып алуды жүргізген. Бұл ретте соңғы үш жылдың көрсеткіштерін бағамдар болсақ, тұрақты өсім деңгейі қалыптасып отырған жайы бар.

Соларға жеке тоқталар болсақ, өңірдің кәсіпорындарымен «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арасындағы өзара әріптестік байланыс күн өткен сайын қанатын кеңге жайып келеді. Қазіргі уақытта Шығыстың 27 кәсіпорны ұлттық компанияның жеткізушілері болып табылады. Ұсынылатын тауарлар мен бұйымдар түрі де сан алуан. Мәселен, олардың ішінде арнаулы техникалар мен олардың қосымша бөлшектері, металл өнімдері, құрылыс материалдары, арнаулы киімдер, кабель өнімдері, тағы да басқа көптеген өндіріске аса қажетті заттар бар. 2012 жылы ұлттық компания өңірден 6,8 млрд. теңгенің тауарларын тұтынған.

Бұлардың арасындағы кейбіреулеріне тоқтала кетер болсақ, Курчатов қаласындағы «Демпург-РNТ» ЖШС – теміржол қозғалмалы құрамдарының тежеуіш құралдарын шығаратын республикадағы бірден-бір кәсіпорын. Зыряндағы «Фаворит» ЖШС – еліміздегі жұқа тақтайлар (фанер) шығаратын жалғыз кәсіпорын. Ал Өскемендегі «ҮМЗ» АҚ-на қарасты «Машзавод» ЖШС болса, локомотивтердің дизельді двигателінің қосалқы бөлшектерін дайындап шығарады. «Қазақтың мамандандырылған жөндеу-қалыпқа келтіру кәсіпорны» АҚ крандарды, лифтілерді, шахталық-көтергіш машиналарды, сорғыларды, желдеткіштерді жөндеуден өткізеді, құрастырады. Былтырғы жылдың соңынан бері ұлттық компанияның тағы бір сенімді серіктесі Аягөз ауданында жұмысын бастады. Республикалық «Қамқор локомотив» ЖШС-нің мұндағы «Аягөз локомотив жөндеу депосы» деп аталатын филиалы заманауи талаптарға сай локомотивтерге сервистік қызметтің барлық түрлерін жүзеге асырады.

Облыстың дағдарысқа қарсы қолға алынған бағдарламасының жүзеге асырылуының жарқын бір мысалы бола білген, сонымен қатар еліміздегі вагон жасау саласында жүз пайыз қазақстандық үлеске қол жеткізіп отырған өңірдегі ірі кәсіпорынның бірі – «Востокмашзавод» акционерлік қоғамы. Осыған дейінгі жылдарда кәсіпорын өндірісін дағдарыстың толқыны оңдырмай соққан болатын. Нәтижесінде зауыт құрдымға кетудің аз-ақ алдында қалған. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның дер шағында қаржылай қолдауының арқасында қалыптасқан жағдай оң бағытқа түбегейлі өзгеріп, зауыттың тамырына қайтадан қан жүгірді. Зауыт ішкі нарыққа жұмыс істеуге қайта бағдарланды. Нәтижесінде өткен жылы шойын құю цехы құрылысының жобасы іске асырылып, республикалық үдемелі индустриялдық-инновациялық бағдарламасының шеңберінде ірі болат вагон құймалары өндірісі жұмысын бастады.

Үкімет басшысы Серік АХМЕТОВ өткен жылдың соңында пайдалануға берілген зауыттың жаңа өндірісі – шойын құймаларын құятын №10 цехтың жұмысымен танысты. Мұнда «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның вице-президенті Ерік Сұлтанов Серік АХМЕТОВКЕ «Востокмашзаводтың» алдағы даму жоспарлары жайында әңгімелей келе, цехтың өнімділігі 2015 жылға қарай 26 млн. теңгеге жететіндігін атап өтті. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың өзінде-ақ, теміржол құймаларының екі мың вагон комплектісін шығару көзделуде. Ал жобаның толық қуаты – жылына 4 мың вагон комплектісін шығаруға жоспарланған. Бұл бүкіл республикадағы жылжымалы құрамдарды жөндеуден өткізуге қажетті сұранысты толығымен жаппақ. Оның құны – 11,9 миллиард теңге. Мұнымен бірге 456 жаңа жұмыс орындары да ашылмақ.

Сондай-ақ, Премьер-Министр Серік АХМЕТОВ республикада алғаш рет қолға алынып отырған болат вагон құю өндірісінің технологиялық үрдісімен танысты.

Аймақтың проблемалары қорытынды жиында талқыланды

Үкімет басшысы Серік АХМЕТОВТІҢ біздің өңірге жасаған жұмыс сапары Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың әкімшілік ғимаратында болып өткен Шығыс Қазақстанның даму проблемалары атты қорытынды жиынмен аяқталды.

Жиын басталмай тұрып Астанадан келген мәртебелі меймандарға облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аталған жоғары оқу орнындағы көрмені көрсетті. Көрмеде біздің аймақта жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар, ауқымды іс-жоспарлар жайында мол мағлұматтар ұсынылған. Атап айтсақ, өңір тұрғындары үшін аса маңызды тақырыптың бірі – экологиялық мәселелер, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, өңдеуші және өндіруші өнеркәсіп орындарының дамуы, жаңа технологияларды енгізу және басқалары.

Сонымен облыстың көкейкесті мәселелеріне арналған жиын да басталды. Оған облыс активі мен өңірлік құрылымдардың басшыларынан бөлек, Астанадан арнайы келген министрліктердің өкілдері, Шығыстан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысты.

Залға жиналған көпшілік алдында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өткен жылда қол жеткізген өңірдің жетістіктері мен даму қорытындылары, сондай-ақ алдағы уақытқа межеленген жоба-жоспарлар жайында баяндама жасады.

– Ең әуелі біз экономиканың өсім қарқынын сақтау туралы берілген Президент пен Үкіметтің барлық тапсырмаларын орындап жатырмыз. Бұған дәлел ретінде өткен жылғы оң нәтижелерді айтуға болады. Айталық, өңірдің ішкі жалпы өнімі былтыр 1 триллион 700 миллиард теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім 7 пайызды көрсетті, – деп нақтылаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ көңілге қонымды көптеген деректерді тілге тиек етті.

Облыс Әкімінің айтуынша, инфляцияны тұрақтандыруға жете мән беріліп отыр. Әсіресе, халыққа қажетті азық-түліктердің бағасын қымбаттатпай ұстап тұру мақсатында жолға қойылған ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі, облыстық тұрақтандыру қорының өнімдерін әлеуметтік дүкендерде саудалау сияқты жұмыстар өз жемісін беруде. Соның арқасында өңірдегі инфляция деңгейі 6,1 пайыздан асқан жоқ. Өнеркәсіп орындары мен ауыл шаруашылығы саласына арқа сүйейтін біздің облыстың экономикалық әлеуетін ескере отырып дағдарысқа төтеп беретін жоспар құрылып, тиімді іске асырылған.

Үдемелі индустриялдық-инновациялық бағдарламалар аясында жүзеге асатын жобалар кестеге сай жүргізілуде. Өңір басшысы өз сөзінде бұл орайда Семейде аздаған мәселелер туындағанмен, жалпы алғанда бекітілген жобалардың ешбірі жолда қалмайтынын еске салды. Ал шағын қалалар мен өңірлерді дамыту бойынша бөлінген бюджет қаражатына келсек, бір тиыны қалмай түгел игеріліпті. Жалпақ жұртқа етене таныс «Ақбұлақ», «Балапан» бағдарламалары да ел игілігіне айналған. Мәселен, тұрғындарды таза ауызсумен қамтуда 82 пайыздық көрсеткішке шықсақ, мектепке дейінгі балаларды қамту мәселесінде де озып тұрмыз. Бұл туралы облыс Әкімі:

– Республикада біздің өңір балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамтуда ең жоғары нәтижеге ие. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың арқасында біз көрсеткішті 95,7 пайызға жеткіздік. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, осы бағыттағы шаруалар келешекте де жалғаса беретін болады, – деп түсіндірді.

Айта кету керек, осы және басқа да бағдарламалардың орындалуында мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің алар орны ерек. Сол сияқты сырттан инвестиция тарту көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Нақты деректермен сөйлесек, былтыр жалпы көлемі 13 миллиард теңге бюджеттік емес қаражат игерілген. Ең бастысы, аталған қаржының бәрі әлеуметтік маңызды жобаларға ұқсатылған.

Сонымен қатар аймақ басшысы баяндамасында қол жеткізген толайым табыстармен қатар осы жиынның негізгі өзегі болған күрмеуі қиын күрделі проблемаларды ортаға жайып салды. Әкімнің айтуынша, бүгінгі күні түйіні тарқатылмай тұрған негізгі мәселелер ішінде Зырян – Майқапшағай теміржол торабын салу, туризмді дамыту, денсаулық сақтау саласының жұмысын жоғары деңгейге жеткізу және халықты тұрғын үймен қамту, яғни, баспаналар салу. Бұның бәрі мемлекеттің қолдауынсыз жүзеге асуы қиын әрине. Айталық, Зырян – Майқапшағай бағытындағы 480 шақырымдық теміржол тармағын салу үшін шамамен 180 миллиард теңге ақша қажет. Дегенмен өңір басшысы мемлекет қазынасына артық салмақ салмай, мәселені кен орнын игеруге ниетті инвесторлардың есебінен шешудің жолын қарастырып жатқанын жеткізді.

– Бұл жөнінде Президенттің берген тапсырмасы бар. Біздің қолымызда теміржол құрылысын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында немесе концессия шарттары бойынша жүргізуге берілген Көлік және коммуникация министрлігінің, Экономика және сауда министрлігінің оң шешімі бар. Енді Сіз процесті тездетуге тапсырма берсеңіз болды, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Туризмді өркендету үшін Шығыста барлық мүмкіндік бар. Тек инфрақұрылымды талаптарға сай жүргізіп, автокөлік жолдарын жақсартса, жетіп жатыр. Мәселен, Өскемен – Рахман қайнарлары бағытындағы күре жолды жөндеу қолға алынғанымен, әңгіме Осинов асуына келгенде абдырап қалатынымыз анық. Көпшілікке таныс бұл асуды асып өтудің қиыншылығын біздің аймақтың жұрты бұрыннан біледі. Десек те, жолдарды қалыпқа келтіруде мемлекеттің қолдауы ауадай қажет болып тұр біз үшін.

Екінің бірін елеңдеткен тақырыптың тағы біреуі – баспанамен қамту. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында бөлінген қазына қаржысы мақсатты игеріліп жатқанымен, құрылыс жұмыстарының қарқыны шабан. Оған қоса тұрғындар тарапынан сұраныстың күшейіп тұрғанын ескерсек, алдағы уақытта үй салуға есептелген бюджет қаржысының көлемі де жеткіліксіздеу сияқты.

Баяндамасының соңында облыс басшысы денсаулық сақтау мекемелерін салу, Курчатов қаласындағы ғылыми қалашықты дамыту мәселелеріне тоқталып, оларды Үкіметтің қолдау-көмегінсіз іске асыру мүмкін емес екенін айтты. Бұдан кейін басқа да проблемалар талқыланды. Жиынды түйіндеген Үкімет басшысы Серік АХМЕТОВ өкілетті органдардың басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, Шығыс Қазақстанда жүзеге асып жатқан игілікті істерге өзінің оң бағасын берді.

Раушан Нұғманбекова,
Ержан Әбіш,
Есімжан Нақтыбайұлы,
Дәурен Аллабергенұлы,
Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button