Балық шаруашылығы

Шығыста балық шаруашылығын басты кәсіп еткендер көбейді

Шығыста балық және балық өнімдерін сататын 114 сауда нысаны ашылып, өңір тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру мақсатында жәрмеңкелерде балық өнімдерін сату жолға қойылған.

Облыс аумағында балық шаруашылығы халықтың басты табысы болып келетін өңірлеріміз аз емес. Соңғы жылдары аталмыш салаға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар да жеткілікті. Осындай қолдаулардың бірі – 2030 жылға дейін Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы. Аталмыш құжат бірқатар сатылардан өтіп, ел Үкіметімен қолданған соң мамандар іске кіріскен болатын.

 

Он мың тоннаға жетеді

Жалпы, аталған бағдарлама бойынша өсірілетін балық көлемі сегіз жыл ішінде он мың тоннаға жеткізілуі керек. Ал әзірге бұл көрсеткіш Зайсан-Ертіс облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының бақылауындағы Шығыс Қазақстан облысының су айдындарында 480 тоннаны құраса, Павлодар облысының аумағында 50 тоннаны көрсетуде.

– Былтырғы жылға барлық индикаторлар орындалды, – дейді Зайсан-Ертіс облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы Балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Фархат Байбазаров. – Атап айтсақ, жергілікті суқоймаларда 36, жабық суқоймалардан 7,5, ал шарбақ торларда балық өсіретін шаруашылықтар 436 тонна тауарлы балық өсірді. Аквамәдениет субъектілерін субсидиялау бағдарламасы бойынша жоспарланған 126 млн. теңгенің тек жергілікті бюджет есебінен 10,2 млн. теңгесі ғана «ГрандФиш» және «ШыгысУниверсал» ұйымдарына бөлінді.

Жалпы, балық өсірумен айналысатын кәсіпорындарға жыл сайын аулауға, балық мишығын, уылдырығын өндіруге және уылдырық шашатын балықты өсіруге сәйкес квоталар бөлініп отырады. Инспекция өкілінің хабарлауынша, облыс аумағындағы балық шабақтарын өсірумен айналысатын кәсіпорындар аймақтағы су айдындарын балықтандыруға елеулі үлес қосып отырған көрінеді. Мысалы, Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы соңғы екі жыл көлемінде жеті миллионға жуық тұқы балығының шабағын өсірсе, Балық ресурстарын өндіру орталығы тұқының 1,7 млн. шабағын Кемеркөл мен Бұрмакөлде өсірген. Сонымен қатар, сиг тұқымды рипус, пелядь балықтарын өсіретін «Шығыс Универсал» кәсіпорны өзінің инкубациялық цехында 15 млн. балық шабағын өсірді. Оған қоса, аталмыш кәсіпорын уылдырық пен шабақ өсіруге айтарлықтай инвестиция құюды көздеп отыр. Ол үшін, алабалықтың алты мың аналығын өсіру арқылы сегіз мың тоннаға жуық балық өсірілмек.

– Ермаковка ауылында «ГрандФиш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инкубациялық цехты іске қосып, 400 мың форель шабағын алды, 300 мың тонна ұрықтандырылған уылдырық отырғызды, – дейді Фархат Байбазаров. – Бүгінгі күні субсидия бойынша келесі жылға қажеттілік бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бөлім басшысының хабарлауынша, бүгінгі күні облыста балық пен балық өнімдерін сататын 114 сауда нысаны халық қажеттілігін қамтамасыз етіп тұрған көрінеді. Бұдан бөлек, жер-жерлерде өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінен балық шаруашылықтары да қалыс қалмай, өз өнімдерін ұсынып отырады.

 

Азықтық база әзірге аз

Тауарлы балық өсіру шаруашылығының ажырамас бөлігінің бірі – азықтық база екені рас. Мамандардың есептеуінше, 2030 жылға қарай балық шаруашылықтарының азыққа деген қажеттілігі жылына 15 мың тоннаны құрамақ көрінеді. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы балық өсірушілер албырт және бекіре тұқымдас балықтардың азығын Алматыдан жеткізіп жатса, тұқы балықтарының жемін жергілікті жердегі кәсіпкерлер өндіріп отыр.

Соңғы жылдары саны айтарлықтай көбейе бастаған балық өсірушілердің жемге деген қажеттілігі еселеп өсе бастағаны белгілі. Кейбір балықшылар балықтың майшабағына беретін азықты сонау Еуропа елдерінен жеткізіп отырғаны да жасырын емес. Өйткені, уылдырықтан жаңа шыққан балық личинкаларына ерекше жем керек. Мұндай жем жемеген личинка тез салмақ қосып, шабаққа айнала алмай қалуы әбден мүмкін. Еліміздегі балық өсірушілерді мұндай жеммен қазіргі күні негізінен польшалық кәсіпкерлер қамтамасыз етіп отырған көрінеді. Ал, соңғы уақытта Шығыс Еуропада орын алған әскери және санкциялық жағдайларға байланысты біздің елдегі балықшылардың арасында «балығымыз аш қалмай ма?» деген күдік те көбейе бастағаны белгілі.

Бұл өз кезегінде осындай балық жемін өзімізде өндіру қажеттілігін арттырады. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар балық азығын өзімізде әзірлейтін жем зауытын салуды жоспарлауда. Инвесторларды облыстан тыс аумақтардан іздестіру еш нәтиже бермеді. Ал, жергілікті кәсіпорындар балық жемін әзірлеуге дайын болғанымен, мұндай бағытта білімі бар технолог мамандар жоқ. Осы себепті, кәсіпкерлеріміз бұл бағытта ойдағыдай жетістікке әлі де болса жете алмай отыр.

 

Қос бағытты қатар дамыту қажет

– Облыс әкімінің гранты бойынша жыл сайын 15 адам аквамәдениет мамандығына оқытылып отыратын болады, – дейді Фархат Байбазаров.

Осылайша, өндіріс пен ғылым байланыстырылғанда ғана балық шаруашылығы жақсы нәтиже береді. Бүгінде біздің облыста форель мен бекіре тұқымдас балықтарды өсіріп отырған кіші-гірім шаруашылықтардың тасының өрге домалауы міне осы екі саланың бір-бірімен етене жақын жүргізілуінен болып отырған нәтиже. Мамандар әр балықтың физиологиялық тұрғысына қарап, оның өмір сүру жағдайларын анықтау қиын шаруа емес екенін айтады. Яғни, бірі жылқы, енді бірі түйе бағу сияқты. Өсіру әдістері әртүрлі болғанымен, негізі бір.

Қазіргі уақытта елімізде балық өсіру саласында бұрындары ихтиолог, бүгінде аквамдәдениетші мамандарды даярлайтын үш жоғары оқу орны бар. Атап айтсақ, мұндай мамандар Сәкен Сейфулин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Алматыдағы аграрлық университет пен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде дайындалып жатыр.

Дей тұрғанмен, жыл сайын жоғары оқу орнын бітіріп шығатын түлектердің өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқандығын дәлелдейтін фактілер тым аз. Мұның басты себебі – жұмысқа келетін жас мамандардың алатын жалақысының аздығы. Аяғына жаңа тұрған шаруашылықтың маманға ұсынатын жалақысы мардымсыз, ал баспана беруге мүлдем қауқары жоқ. Осы ретте бұған да мемлекеттің қолдауы ауадай қажет.

 

Екі өңірдің өзенкөлі бақылауда

Зайсан-Ертіс облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясына Шығыс Қазақстан өңіріндегі суқоймалардан бөлек, Павлодар облысының аумағындағы су айдындары да қарасты. Бүгінде субсидиялау мәселесінен аталмыш өңір де қалыс қалып жатқан жоқ. Павлодар облысы әкімдігінің хабарлауынша, биылдан бастап балық өсіру шаруашылықтары субсидиялана бастамақ. Былтыр субсидияға қажетті қаражат бөлуге мүмкіндік болмай, жыл соңына қарай ғана бюджеттік тапсырыс жасалды.

– Биыл жыл соңына дейін Шығыс Қазақстан облысы бойынша 1297 тонна, ал Павлодар облысы бойынша жүз тонна тауарлы балық өсіру міндеті қойылған, – дейді Фархат Байбазаров.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысында жергілікті маңыздылығы бар 11 су айдынын бекіту бойынша конкурстық жұмыстар жүргізіліп, олар балық өсірушілерге бекітіліп берілген. Сонымен қатар, халықаралық маңызы бар су айдындарында да осындай жұмыстар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, Бұқтырма суқоймасындағы жеті учаскенің үшеуі бойынша конкурс өткізіліп, тор шарбақтарда балық өсіретін шаруашылықтарға 20 жылға жалға беру шешімін қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданған.

– Бұқтырма суқоймасындағы жеті резервтік учаске жергілікті аймақты ескере отырып жеті тор шарбақты және жеті кәсіптік учаске болып бөлінген. Ал Павлодар облысында жергілікті маңызы бар балық шаруашылығын жүргізуге арналған 167 учаске резервтік болып саналады, –  дейді Фархат Байбазаров.

 

Соңғысөз орнына

Сонымен, балықты көп аулау үшін оның өзен-көлдегі молаюын қамтамасыз ету басты мәселе. Ал ел Үкіметі тарапынан қабылданған Мемлекеттік бағдарлама балық аулаумен қатар балық өсіру ісін де жандандырмақ. Бүгінде бұл бағытта жақсы жетістікке жеткен Қытай мен Норвегия ел тұрғындарын балық етімен қалыпты деңгейде қамтамасыз етіп отыр.

Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес, бір адам жылына 14 келі балық етін тұтынуы қажет екен. Ал Қазақстанда, бұл мөлшер бүгінде төрт келіден аспай отыр. Сол себепті, балық өсіретін шаруашылықтар санын арттыру өте маңызды. Әр тұрғынның 14 келі балық тұтынуына қол жеткізу үшін республика көлемінде жылына 600 мың тонна балық өсіруіміз керек екен. Қазірде ел аумағында бар-жоғы тоғыз мың тонна ғана балық өсіріледі. Он жылдық жаңа бағдарлама бойынша 2030 жылға қарай балық өсіру лимитін 270 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Осылайша, әр қазақстандықтың межелі тұтыну мөлшерінің тең жартысын қамтамасыз ететін боламыз.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, біздің облыс республикалық бағдарлама негізінде әзірлеген аумақтық бағдарлама арқылы өңірде бұл көрсеткішті он мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл жоспар экономикалық және ғылыми жағынан негізделген. Демек, алдағы уақытта бұл көрсеткішке қол жеткізілетініне сенім мол. Оның үстіне соңғы жылдары басшылық балық аулаудан гөрі, өсіруге көбірек көңіл бөліп, аквамәдениетті дамытуға субсидия шараларын көптеп қарастыра бастады. Сондай-ақ, балық өсіретін шаруашылықтарға жалға берілетін су айдындарының мейілінше ұзақ мерзімге ресімдей бастады. Өйткені, аз мерзімде шаруашылықтың құрылғылар сатып алуға және түрлі құрылыстар жүргізуге кеткен шығындары ақталып үлгермейді. Яғни, оларға понтон, саралайтын, инкубациялық, шабақ өсіретін цехтар салу керек. Мұның барлығы үлкен шығыстарды талап етеді. Бұл 5-10 жылдың ішінде өзін-өзі ақтап үлгермейді.

Осы айдарда

Back to top button