Журналистік зерттеу

Шопанның қадірі неге қашты?

Шопанның қадірі неге қашты?

Бүгінде мал бағатын адам жоқ дегенге сенесіз бе? Бірақ шыны керек, жағдай осылай. Қыстың аязы, жаздың ыстығында мал соңында жүру – еріккеннің ермегі емес. Жастар мал бағуға бармайды.

Заңсыз еңбектің залалы көп

Себебін сұрай қалсаңыз, жалақының мардымсыздығын, оның өзі уақтылы берілмейтінін алға тартады. Сондықтан да шопандық жасы 50-ден асқан жандардың ғана кәсібіне айналып барады. Ал сабақтастық болмаған жерде маман тапшылығы ешқашан жойылмақ емес. Ол туралы «Тұнық» шаруа қожалығының төрағасы Әсет Мәкенов былай дейді:
– Мал өсірумен 2005 жылдан бері айналысып келемін. Әуелде 300 бас қой-ешкім бар еді, енді, міне, олардың саны 1900-ге жетті. Қой бағу қиын болып барады. Шопанның тапшылығы – шаруа қожалық иелеріне ортақ проблема. Кейде тіпті, көрші облыстардан, аудандардан іздеп келеміз. Бірақ бұл – шығар жол емес. Уақытша істеп, кетіп қалады. Малшы ауыса бергеннен кейін малдың күйісі де кетеді. Себебі, мал бір адамға үйренгенді қалайды. Сонымен, жасы 50-дегі адамды мал бағуға салуға тура келеді. Бірақ мұндай жаста кім күні бойы белі қайысып аттың үстінде отырады? Әрі-бері шапқылаған жұмыс, ұры-қары, түз тағысы дегендерің тағы бар. Сондықтан да шопанға қолдан келгенше жағдай жасайсың. Жалақысын уақтылы төлейсің. Соғымын тегін бересің. Жарық пен отын-суының ақысын төлеуді өз мойныңа аласың. Тіпті, қалаға барып, керек-жарақ сатып аламын десе, өз көлігіммен тегін тасимын.
Бір қызығы, қанша жерден дала жұмысы десек те, шопанды бүгінде қаладан іздеу әдетке айналған. Газеттер мен телеарналар арқылы жарнама бере қалсаңыз, ол жарнамаңызға бастарында баспанасы жоқ, бөгде адамдар жауап қатады. Олардың өзі ауылға барып, тұрақты жұмыс істеуге құлықсыз.
– Малды молынан өсірер едік, бірақ тұрақты малшы табу қиын, – дейді «Мұрын» қожалығының иесі Айдар Кәукетаев. -Мен шопаныма 50 мың теңге жалақы төлеймін. Отбасы үшін ет-сүті тегін. Тек мал бағып келсе болды, түнде қораға кіргізіп, малға бас-көз болу өз мойнымда. «Неге өзіңіз бақпайсыз» дейсіз ғой. Мен малға жем-суын дайындап, қораны тазалап, одан қалса қосымша отырғызған көкөніс, картопты қарап, күні бойы қожалықтың жұмысынан қолым тимейді. Ауыл жайын мүлдем білмейтін жоғарғы шенді шенеуніктер біз сияқты сырттағы алыс ауылдарға келмейді, келе қалған күннің өзінде орталыққа келеді, ірі шаруа қожалықтары басшыларымен әңгімелесіп кетеді.

Малшыға ресми мәртебе беру қажет

Шопанның қадірі неге қашты?

Шопанды жоғары оқу орнының қабырғасында дайындауға келмес. Бірақ ет экспортын ұлғайтуды көздеп отырған елімізге малшы атаулының мәртебесін биіктету қажет секілді. Жасыратын несі бар, кеңестік кезеңде шопандар Жоғарғы Кеңеске депутат болып, өңірі орден-медальдарға толып жүретін. Солардың бірі – Абай ауданындағы Арқат ауылының шопаны Болат Бағдатов ағамыз. Ол кісінің төл алудағы, қыстан жайлы шығып, мал басын көбейтудегі ерен еңбегі тарихта қалды. Бірақ қазір депутат-қойшыны көрдіңіз бе? Малшының еңбегін ескеру, материалдық көтермелеу, марапаттау естен шығып барады. Ең мықтағанда, шаруа қожалығының басшысын, былайша айтқанда, меншік иесін ғана білеміз. Мал баққан адам елеусіз қала береді. Қазір құрметті орын мен атақтар шенеуніктер мен кәсіпкерлерден артылар емес. Қарапайым шопан, малшы назардан тыс қалған. Осыдан кейін кімнің малшы атанғысы келеді дейсіз?
– Кезінде ауылдар тарап, тарамаса да, бір адамның қолына өтіп, әбден берекесі кетті, – дейді зейнеткер Мұқтар Маданов. – Мал арзан бағаға жаппай сатылып, көптеген малшылардың әулеті жан-жаққа бытырап кетті. Қалаға көшкені саудаға, не басқа тірлікке айналып, қайтадан ата кәсіпке бұрыла алмады. Ал мал бағып жүргендерінің күйі де мәз емес, жалақысы мардымсыз. 30-40 мың теңге төңірегінде еңбекақы алады. Жоғары жалақы беретіндер бар, бірақ аз. Оны реттейтін мемлекеттік орган жоқ. Бүкіл жағдайы меншік иесіне тәуелді. Ауылшаруашылық басқармалары «малшы жағдайымен айналыспаймыз, олар жекеменшік» деген жауапты береді. Біреулер шопан тапшы болғаны жақсы, оларға берілетін жалақы да өсе түседі, қожалық басшысымен келісімшарт жасап, содан қомақты жалақыға қызығушылық артады дегенді айтады. Әлеуметтік жағдайы заңмен қорғалмайтынын білген соң, малшы өз жұмысын қайдан тұрақтап істесін.

Шопанның қадірі неге қашты?

Ол рас, малшының әлеуметтік қамсыздығы заңнамалық негізде қорғалмайынша, адамды заңсыз еңбекке тарту да тыйыла қоймас. Ал қазір малшы жағдайы меншік иесімен арадағы келісімге байланысты. Бірақ келісімдер көбіне ауызша жасалатындықтан, орындалмай да жатады. Ең қиыны, зейнетақы қорына ақша аудармайтындары көп. Осыдан келіп шопан қартайғанда, зейнетақысыз қалады. Былайша қарағанда, кез келген еңбек адамы тәрізді оның мүддесін тиісті органдар қорғауы тиіс. Бірақ, қыс қыстауда, жаз жайлауда жүріп, мал бағудан қолы тимейтін малшы назардан тыс қалған. Оның үстіне, қазақ жалқау халық, қолынан мал бағу ғана келеді деген ұғым әлі бар. Мал бағудан басқа кәсіп жақсы да, шопан болу тек жалқау халықтікі деу – надандық. Малшылық — атакәсіп, қазақтың кең даласы тұрғанда, жесең азық, кисең киім болатын мал баққанның несі айып? Қалай десек те, малшылықты ресми түрде мамандық деп мойындап, заңның қамқорлығына алмай, сайын даланың төсін қайтадан малға толтырамыз деу – бос қиял.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button