Облыс әкімі: іссапар

ШҚО әкімі Риддер ЖЭО-дағы жұмыстардың барысымен танысты

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Риддер жылу электр орталығына барып, жөндеу жұмысын бақылап көрді.

Мердігерлер мен жергілікті атқарушы органдардың алдында тұрған негізгі міндет – ЖЭО-ны жылу маусымының басында іске қосу. Бұл үшін жөндеу процесін жіті қадағалау қажет, деп хабарлайды Didar ақпарат. 

«Риддер ЖЭО» АҚ-ның жөнделуін кенді қаланың тұрғындары емес, түгел Шығыс жұртшылығы назарда ұстап отыр деуге болады.

– Белгілі бір қиындықтарға қарамастан жөндеу кестеге сәйкес жүріп жатыр. Қарқынды бәсеңдетпеу керек, сол үшін жұмысшылар жан-жақтан кіріскен. Бүгінде барлық тораптар мен агрегаттардағы жұмыстардың орындалуы 40 пайыздан асады, алда негізгі жөндеу тұр, – деді облыс әкімі.

Жылу көзіндегі алты қазандықтың төртеуі 20 қыркүйекке дейін іске қосылады деп жоспарланған. Мұның үшеуі орташа қысымды, біреуі жоғары қысымды қазандық. Күн суытқанша алты қондырғы бірдей жұмыс істеп кетуі тиіс.

– Алты қазандық та, басқа жабдықтар да, отын беру трактісі мен галерея да жөнделіп жатыр. Жауық арада жабдықты орнатудың ең маңызды және жауапты процесі басталады, – деді «Риддер ЖЭО» АҚ Бас директоры Игорь Михайленко.

Алайда тұрғын үйлерге үздіксіз жылу беру тек қазандықтың қызуына байланысты емес. Жылу инженерлік құрылымдар арқылы жеткізіледі. Сондықтан Риддер қаласының жылу жүйесін қалпына келтіру мәселесі де кешенді түрде қолға алынды.

– ҚР Үкіметі мен еліміздің Энергетика министрлігі жөндеу жұмыстарын бақылап отыр. Қазір жылу көзінде үш ауысымда 400 адам жұмыс істейді, келесі аптада жұмысшылар саны 500-ге дейін артады. Егер қосымша жұмыс күші қажет болса, Үкімет бұл мәселеде де қолдау көрсетуге дайын, – деді аймақ басшысы Ермек Көшербаев.

Жылу желілерін қайта құру да басты назарда екенін айтуымыз керек. Құбырларды жөндеудің сметалық құны шамамен 1,1 миллиард теңге болады.

Жаңа құбыр тартып жатқан мердігер ұйым – «Восток Котлы» ЖШС қаланың төрт учаскесінде жұмыс істеп жатыр. Мердігер өз жұмысын 29 мамырда бастаған, осы айда аяқтауы тиіс. Мамандар дәл қазір 1934 метр жылу желісін күрделі жөндеуден өткізді.

– Жылу желілерін жөндеуге 30 адамға жұмылдырылды. Қарқын жоғары, тамыз айының соңына дейін барлық жұмыс аяқталады, – деді «Восток Котлы» ЖШС өкілі Оралбек Тұрашев.

Дәл осы жұмысты тағы бір мердігер – «Востоквзрывпром» ЖШС қолға алған. Кәсіпорынның бас инженері Сергей Богдановтың айтуынша, ұзындығы 320 метр екі учаскеге күрделі жөндеу жүргізілді. Жұмыс ай соңында мәреге жетеді.

«Риддер ЖЭО» АҚ жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 160 шақырым.

Осы айдарда

Back to top button