Саясат

Шет елдердің аңсары Алтайға ауып отыр

Шет елдердің аңсары Алтайға ауып отыр
Кеше аймақ басшысы Даниал Ахметов Франция елшісі Филипп Мартинэні, Корея елшісі Дэсик Кимді және Мажарстан елшісі Барани Андрашты қабылдап, өзара іскерлік әңгіме өрбітті.
Облыс әкімі француз елшісіне алдымен Шығыс Қазақстан туралы мәліметтер беріп өтті. Мартинэ мырза осы сапарында облыстағы ауыл шаруашылық кәсіпорындарының жұмысымен таныспақ ниетте екенін жеткізді. Аймақ басшысының айтуынша, өңірдегі аграрлық саланың келешегі кемел. Айталық, Глубокое ауданында орналасқан «Майлы дақылдар тәжірибе шаруашылығы» ЖШС – өте табысты жұмыс істеп келе жатқан құрылымдардың бірі. Олар тек шаруашылықпен ғана емес, сондай-ақ ғылыммен де шұғылданады, дәнді дақылдардың, оның ішінде күнбағыс пен бидайдың жаңа сұрыптарын шығарумен айналысады.
– Қазақстанның, өкінішке қарай, мұхитқа шығатын жолы жоқ. Десек те, бізге сол мұхиттың керегі де шамалы секілді. Шығысымызда Қытай сынды алып көршіміз бар. Өнімдеріміздің бір бөлігін сол елге экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов. Облыс әкімінің пікірінше, Қытайдың азық-түлік өнімдеріне қатысты стандарттары өте жоғары. Сол себепті облыста осы стандарттарға сәйкестікті растайтын арнайы зертхана іске қосылмақ.
Кездесу барысында француз тілінің өңір мектептерінде оқытыла бастайтыны туралы жағымды жаңалық айтылды. Атап айтсақ, өңірдегі бес мектепте және екі колледжде француз тілі оқытылатын болады. Сондай-ақ, олардың саны жыл санап арта бермек.
– Біз қазір үштілділік бойынша бағдарламаны сәтті жүзеге асырып жатырмыз. Ағылшын тілі бізде Кембридж университеті әзірлеген бірегей әдістеме бойынша оқытылуда. Нәтиже де жоқ емес. Ағылшын тілі мұғалімдерінің біліктілігін көтеру бағытында да көп шаруа тындырылды. Енді француз тілін үйрететін оңтайлы әдістеме қажет. Менің ойымша, балаларды алдымен ауызекі сөйлеуге, диалогқа баулу жөн болар. Сондай-ақ, француз тілі факультатив түрінде емес, толыққанды пән ретінде оқытылуы тиіс, – деп өз ойын білдірді аймақ басшысы.
Облыста биыл Гематология орталығының құрылысы басталады. Осы ретте облыс әкімі Франция тарапынан көмек қажет екенін жеткізді. Бүкіл еліміз бойынша ғана емес, сондай-ақ ТМД бойынша да бірегей бұл орталықта француздың білікті мамандары жұмыс істеп, қазақ әріптестеріне тәжірибелерін үйретуі керек. Елші мырза бастаманы мақұлдап, жан-жақты қолдау білдіруге уәде етті.
Кездесу барысында Даниал Ахметов облыс алдағы уақытта «Еурокоптер» бірлескен француз-қазақ компаниясынан «Е-125» маркалы төрт тікұшақ сатып алуды көздеп отырғанын да айтты.
– Мен осымен Шығыс өңіріне үшінші рет келіп тұрмын. Облыс біз үшін өте маңызды болып табылады. Өткенде Өскеменде француз тіліндегі әндердің алғашқы фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылған болатын. Әр ретте Шығыс өңірінен ерекше әсер алып, риза көңілмен қайтамын. Енді наурызда Өскеменде «Француз дәмі» аспаздық іс-шарасын өткізу жоспарлануда. Ал, менің ана тіліме көрсетіп отырған қолдауларыңыз үшін айырықша алғыс айтамын. Жалпы, бұл – әлемдегі кең таралған тілдердің бірі. Өскемендегі валеологиялық мектепте 10 жылдан бері француз тілі үйретіліп келеді. Бір аңғарғаным, қазақ балалары французшаны тез меңгереді екен, әрі еш акцентсіз сөйлейді. Енді мектептерде кеңінен оқытыла бастаса, құба-құп, – деді ризалықпен елші мырза.
Сондай-ақ, қабылдау кезінде қос тарап ауыл шаруашылығы, археология, цифрландыру, білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша ынтымақтастық орнату мәселелерін егжей-тегжейлі сөз етті.
***
Облыс әкімі Корея Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дэсик Кимді қабылдады. Даниал Ахметов өзінің кіріспе сөзінде Қазақстан мен Корея арасында тығыз сауда-экономикалық қарым-қатынастар орнағанын, қос тарап та байланыстарды тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді.
– Сізбен әр кездескен сайын екі ел арасындағы серіктестік жаңа қарқын алады, – деп атап көрсетті аймақ басшысы.
Облысымыздағы брендті салалардың бірі – марал шаруашылығы. Дэсик Ким өңірімізде шығарылатын панты өнімдерімен кәрістердің жақсы таныс екенін және оның сапасын жоғары бағалайтынын атап айтты. Осы сала бойынша тиімді ынтымақтастық орнатуға болады деп санайды елші мырза.
Мұнымен қоса, Шығыс Қазақстан аумағында сан алуан емдік шөптер өседі. Соларды жинап, өңдеу жағына да Корея елі қызығушылық танытып отыр.
– Бұл бағытта жұмыс істеуге әзірміз, мамандарыңызды жіберіңіздер. Аталмыш сала бойынша өте тиімді серіктестік орнатуға болатыны анық, – деп қостады осы ойды Даниал Ахметов.
Өз кезегінде Дэсик Ким өңірімізге «Смарт фактори» деп аталатын кәріс компаниялары әзірлеген цифрландырудың тың технологиясын ұсынды. Аталған технология әсіресе өндірістік кәсіпорындарда өзінің тиімділігін тұсынан көрсеткен екен.
Кездесу кезінде қос тарап бірлескен жобалар іске асыруға болатын салалардың көп екенін, байланыстарды қарқынды дамытуға күш салу қажеттігін атап көрсетті.
***
Келесі кезекте облыс әкімі Даниал Ахметов Қазақстандағы Мажарстанның төтенше және өкілетті елшісі Барани Андраш мырзаны қабылдап, екеуара іскерлік әңгіме өрбітті.
– Бізде металлургия саласы қарқынды дамыған. Әлемдегі өндірілетін танталдың 30 пайызы біздің өңірге тиесілі. Облыста үш ірі су электр стансасы бар, елдегі барлық ГЭС-тер шығаратын электр қуатының 70 пайызын солар өндіреді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласы да айырықша әлеуетті, – деді облыс әкімі.
Мажарстан мен Шығыс Қазақстан сүт өндіру бойынша тәжірибе алмасуға уағдаласып отыр. Біздің облыс жылына 1 миллион тонна сүт өндіреді, ал Мажарстан – Еуропадағы ең ірі сүт өндіруші ел.
– Әкім мырза, арнайы шақыруыңызға көп рахмет! Мен елшілік қызметте үш жыл еңбек етіп жүрмін. Облыс аумағында бұрындары болғам, атап айтсам Семей қаласы мен Абай ауданында. Ал облыс орталығы – Өскемен шаһарына алғаш рет аяқ басып отырмын. Қала өте ұнады. Жалпы, територия жөнінен ғана алып қарағанның өзінде, Шығыс Қазақстан аумағына үш Мажарстан сыйып кетеді екен. Сондықтан, сіздердің мүмкіндіктеріңіз өте зор, – деді Барани Андраш.
Елшінің айтуынша, Мажарстанда 10 миллион адам тұрады. Ал олар өндіретін ауыл шаруашылығы тауарлары 20 миллион адамды тамақтандыруға жетеді. Яғни, аграрлық саласы керемет дамыған ел. Венгрия Қазақстанның ауыл шаруашылығына 40 миллион доллар көлемінде инвестиция құйып отыр екен. 2016 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 128 миллион доллар болса, былтыр бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жеткен. Биыл одан да аспақшы.
– Екі ел арасындағы осындай жағымды қарым-қатынас мені қуантады. Тағы бір айта кетерлік жайт, Астана мен Будапешт арасында аптасына екі рет ұшақ қатынайды. Билет құны арзандатылған. Сол себепті, венгр туристері Қазақстанға көптеп келуде, олардың біразы Алтай өңірін таңдайды. Будапештке барғанда көшеден қазақтарды жиі кезіктіремін. Осы қарқынды бәсеңдетпеу – ортақ міндет, – деп түйіндеді сөзін елші мырза.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button