Саясат

Шешімін күткен мәселелер әлі де бар

Шешімін күткен мәселелер әлі де бар

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде бірқатар мәселе қаралды, олардың ішінде соңғы бес жыл ішіндегі өңір аумақтарын дамыту бағдарламасының іске асырылу қорытындысы, ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар бойынша жағдай, өткен жылыту маусымының қорытындылары, лицейлер мен гимназиялар дәрежелерінің өзгеруі және басқалар бар.

Бірқатар көрсеткіш бойынша жоспар орындалмаған

2011-2015 жылдарға арналған облыс аумақтарын дамыту бағдарламасын іске асырудың қорытындылары туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Ұлақова айтып берді. Ол бес жыл ішінде қабылданған міндеттемелер бойынша белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. Облыстағы тұрғындардың тұрмысын қамтудың жайлы жағдайлары жасалды. Аймағымыздың жалпы өңірлік өнімі 2011 жылғы 1,6 триллион теңгеден 2015 жылғы 2,2 триллион теңгеге дейін өсті. Республикалық жалпы ішкі өнім көлеміндегі үлес салмағы алты пайызды құрайды. Жалпы өңірлік өнімнің жан басына шаққандағы көлемі 2015 жылы 1,6 миллион теңгені құрады.
– Мемлекеттік және салалық бағдарламаларды (индустриялық-инновациялық даму, агроөндірістік кешен, шағын және орта бизнесті қолдау, жұмыспен қамту) жүзеге асыру басқа іс-шаралармен бірге өнеркәсіптік өнімді 1,2 есеге арттырып, ауыл шаруашылығының жалпы өнімін – 44 пайызға, негізгі капиталға құйылған инвестицияларды – 69 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендеді, – деді Сәуле Ұлақова.
Оның айтуы бойынша, бес жыл ішінде Индустрияландыру картасына енетін 76 жобаның құны 225,9 миллиард теңге болатын 48 жобасы іске асырылып, жеті мың жаңа жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесте еңбек ететіндердің саны артты, шығарылған өнім көлемі өсті. Білім беруді және денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламалары аясында 60 мектеп, оның ішінде 47-сі апаттылардың орнына, 17 балалар бақшасы, тоғыз аурухана және 28 ауылдық дәрігерлік амбулатория салынды. Үштен алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту 86 пайыздан 99,1 пайызға дейін ұлғайды.
Ең бір маңыздысы, медициналық қызмет көрсету сапасының жақсаруы туберкулезбен ауруды 1,8 есеге, туберкулезден өлімді – 3,4 есеге, бала және ана өлімін – 1,7 есе төмендетуге мүмкіндік берді. Адамдардың өмір ұзақтығы үш жылға өсіп, 70 жасты құрады.
Соңғы бес жыл ішінде он үш мәдениет нысаны салынып, қалпына келтірілді, 344 спорт ғимараты пайдалануға берілді. 120 шақырым жол күрделі жөнделді, 430 шақырымға орта жөндеу жүргізілді, жеті көпір салынып, қалпына келтірілді.
«Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында сумен қамту және су тарту нысандарының құрылысына және қайта жарақтандыруға миллиардтаған теңге бөлінді. Бұл қаржыға 95 нысанда тиісті жұмыстар жүргізілді, олардың 88-і пайдалануға берілді, жетеуіндегі жұмыстар биыл аяқталатын болады. Орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне енді 320 ауылдық елді мекен ие, бұл облыс ауылдары жалпы санының жартысына жуығы. Белгіленген бес жылда 1,4 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды, бұлардың ішінде жеке көппәтерлі үйлер де, жатақханалар да бар.
Жалпы көрсеткіштер бойынша тұрғындарды спортпен қамтуда оң жағдай байқалады, қылмыс саны мен жолдардағы апаттардан қаза тапқандар саны кеміді.
Дегенмен, Сәуле Ұлақова жекелеген көрсеткіштер бойынша өңір аумақтарын дамыту бағдарламасында жоспарланған межелерге қол жеткізілмегенін атап айтты. Айталық, өнеркәсіп саласында нақты көлем индексі бойынша бес көрсеткіш орындалмаған: машина жасауда, өзге металл емес минералды өнім өндіруде, химия өнеркәсібінде, негізгі фармацевтикалық өнім өндіруде, жеңіл өнеркәсіпте. Әлеуметтік салада апатты мектептерді жаңаларына ауыстыру соңына дейін жеткізілмеген, мүмкіндігі шетеулі балалар инклюзивті біліммен толықтай қамтылмаған. Денсаулық сақтау саласында оң қарқынға қарамастан әлеуметтік маңызы зор аурулардан болған жоғары өлім деңгейі әлі де сол қалпында сақталуда.
Ауыл шаруашылығында тоғыз көрсеткіш бойынша ойдағыдай нәтижелерге қол жеткізілген. Есесіне, 23 көрсеткіш бойынша жоспарланған меже бағындырылмаған. Шағын және орта бизнес саласында алдын ала бағалау барлық төрт индикатордың да орындалмағанын көрсетеді. Шағын бизнестегі белсенді кәсіпорындар саны облыстың 16 өңірінде төмендеген. Тұтас алғанда, өнеркәсіп өнімі өндірісінің қысқаруы, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім өсімі, шағын және орта бизнес субъектілерінің өнім шығаруы, бөлшек тауар айналымы қарқынының азаюы жалпы өңірлік өнім мөлшерінің өзгеруіне әсер етті. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2014 жылғы деңгейде болады және 2,2 триллион теңгені құрайды деп күтілуде. Сондай-ақ, жалпы өңірлік өнімнің 101,2 пайызға өсуі индикаторына қол жеткізілмегенін айта кеткен жөн.
Облыс әкімі өзінің бірінші орынбасарына және тиісті басқармаларға алға қойылған міндеттер неліктен орындалмағанын анықтауды және оларды іске асыру бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Тауарлы-сүт фермалары әлі де толық қуатына енбей тұр

Сүтті мал шаруашылығын дамыту және тұрғындардан сүт сатып алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков есеп берді. Сүт қабылдау бекеттерін құру және сүт өндіруді ұлғайту мақсатына тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтарын тарту жоспарланған. Бұл ретте «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары, мемлекеттік субсидиялау, жеңілдетілген несиелендіру және басқа дүниелер жақсы қолдау көрсетуде. Ауыл шаруашылығы басқармасы сүтті мал шаруашылығын дамыту бойынша қанатқақты жоба әзірледі, асыл тұқымды сүтті малды сатып алу мәселелері пысықталды, тауарлы-сүт фермаларын құрудың бағдаржолы жасалды.
– 12,2 мың бас сиырға арналған 37 тауарлы сүт фермасын салу және қайта құру жоспарланған, оның ішінде 3 050 басқа арналған тоғыз тауарлы сүт фермасының құрылысын бастау және 9 200 басқа арналған 28 қолданыстағы тауарлы сүт фермасын қайта құру, сонымен қатар, тұрғындардан сүт сатып алу үшін 36 сүт қабылдау бекетін құру бар, – деді Қонысбай Төлеубеков. – Салынуы көзделген алты тауарлы-сүт фермасының тек екеуі ғана салынған. Қайта құрылады деп жоспарланған 15 тауарлы-сүт фермасының тек 11-інде ғана жұмыстар аяқталған. 2015 жылға деп қарастырылған 36 сүт қабылдау бекетінің тек 24-і ғана құрылды. Сонымен қатар, пайдалануға олардың тек сегізі ғана беріліп отыр. Қалған 16 сүт қабылдау бекетіндегі жұмыс нысан тиісті құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылмауы, сумен және электрмен қамту жүйесінің жоқтығы себебінен тоқтап тұрды. Осыған орай, ағымдағы жылы 2,8 мың басқа арналған жеті тауарлы-сүт фермасын салып, 5,5 мың басқа арналған 17 ферманы қайта құру керек, 12 жаңа сүт қабылдау бекетін құрып, 16 бекетті іске қосу жұмыстарын жалғастырған жөн.
Қалыптасқан жағдайда инфрақұрылымды салуға арналған бюджеттік миллиондардың да толық көлемде игерілмегені анық. Басқарма басшысы оған себеп қалалар мен аудандар әкімдерінің қателіктері, олардың жобаларға деген бейжайлығы, жобалық-сметалық құжаттамалардың жоқтығы, конкурстардың кеш өткізілуі және шаруашылықтардың өз қаражаттарын құюдан бас тартулары деп санайды.
– Ішкі нарықты және өндірілген сүт өнімін облыстағы сүт өңдеу кәсіпорындарының тұтынуы көлемін одан әрі кеңейту үшін білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының сатып алулары мәселесі шешілді. Олармен тиісті шарттарға қол қойылған, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, – деді Қонысбай Төлеубеков.
Аймақ басшысы жасалған шарттар мен тұрғындардан сүт сатып алу жүйесі арасында байланыстың бар-жоғын сұрап білді. «Негізінен бұлар біздің қайта өңдеушілер, олар сүт қабылдау бекеттері арқылы сүт сатып алады», – деп жауап берді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.
Бұл мәселе бойынша облыс әкімі өз орынбасарларына және құзыретті басқармаларға бюджеттерді тексеруді, ал әрбір әкімге тұрғындардан сүт сатып алу бойынша мемлекеттік тапсырысқа сай нақты әрі жүйелі іс-әрекеттер жоспарын ұсынуды тапсырды.
– Егер сүт өңдеуші кәсіпорын тұрғындардан сүт сатып алмаса, сатып алу мал дәрігерлік қызметтердің бақылауы арқылы шаруа қожалықтарына берілуі тиіс, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Сонымен қатар, аймақ басшысы 100, 200, 400, 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермалары және де «айналы фермалар» құрылысының жобаларын ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған италияндық сарапшымен келісуге назар аударды.
– Біздің жоба бүкіләлемдік талаптарға қаншалықты сәйкес келетінін білуіміз керек. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін жобаларды италияндық маманмен келісіңдер, сонда біздің жобалар мақсат-міндеттері жоғары жалпы дүниежүзілік деңгейде болмақ, – деп тапсырды облыс әкімі.

Үмітті ақтамаған мектептер мәртебеден айырылды

Жиын барысында қалалар мен аудандар жергілікті атқарушы билік органдарының, облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ағымдағы жылдың алғашқы тоқсаны ішіндегі бюджет қаржысын игеруі туралы есептері тыңдалды. Қаржы басқармасының басшысы Ләзиза Кенжетаеваның айтуынша, бекітілген бюджеттік бағдарламалар бойынша қабылданған міндеттемелер жалпылай алғанда орындалған. Жоспар 61,9 миллиард теңге болған кезде шығындар бойынша орындаушылық 60,2 миллиард теңгені құрады (97,2 пайыз). Мұнымен қоса, жекелеген өңірлер мен облыстық әкімшілер бюджет қаржысын тиімсіз қолданған, бұл бюджет қаржысын игеру көрсеткіштеріне әсер еткен. 1,7 миллиард теңге игерілмеген, оның ішінде республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер – 518,7 миллион теңге. Басқарма басшысы: «Мұндай жағдайға жол бермеу үшін уақытында мониторинг жасап, нақты жағдайды біліп отыру керек» деп атап көрсетті.
Шығыс Қазақстанда жылыту маусымы аяқталды деп санауға болады. Оның қорытындылары туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алма Қайрақанова айтты. Оның айтуынша, өңір бойынша жылыту маусымы тұтас алғанда ешбір қиындықсыз өтті. Бұны нысандардағы апаттар санының 2014-2015 жылғы кезеңмен салыстырғанда 76 пайызға кемігені растайды. Мұнымен қоса, жалпы жағдайға Семей қаласындағы жылумен қамту нысандарының әзірлігі оң ықпал еткен. Қаладағы қазандықтар мен желілерді жөндеу жұмыстарына бірнеше көзден қаржы бөлінді: яғни, «Жылукоммунэнерго» МКК кәсіпорын тарапынан да, облыстық бюджеттен де. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Семейде сомасы үш миллиард 130 миллион теңге болатын он жоба іске асырылған.
Дей тұрғанмен, аймақ басшысы Данимал АХМЕТОВ Семей қаласы әкімінің жұмысын қанағаттанарлықсыз деп бағалады. Ол сондай-ақ, міндетін орындамаған өзінің орынбасары Димитрий Гариковтың іс-әрекетін қатаң сынға алды.
Даниал АХМЕТОВ өзінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа Семейдің жылумен қамту нысандарының жұмысына, сонымен қатар, коммуналдық қызметтер тұтынушыларының дебиторлық қарыздарын өтеуге қатысты мәселелерді шешуді тапсырды.
Облыс әкімі қысқа дайындық бойынша штабтар құруды міндеттеді. Облыстық штабты оның орынбасары Димитрий Гариков басқарады, штаб жұмысын облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов бақылайтын болады.
Шығыс Қазақстан аудандары мен қалаларындағы тоғыз мектеп лицей, гимназия дәрежесіне лайық емес деп танылды және жергілікті атқарушы органдар шешімімен жалпы білім беретін мектеп санатына дейін төмендетілді. Бұл туралы мәжіліс барысында облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова хабарлады.
Мәртебеден, онымен бірге, белгілі бір жеңілдіктерден, еңбекке қосымша ақы төлеуден Курчатов, Риддер, Өскемен қалаларының, Бородулиха және Шемонайха аудандарының мектептері айырылып отыр.
Осы тізімде өз деңгейін сақтап қалған тек облыс орталығындағы №10 мектеп-гимназия ғана болды.
– Оқу жылының қорытындысы бойынша мектептің жағдайын, қызмет көрсеткіштерін қайтадан тексеру керек. Өскемен қаласы әкімінің қорғауы қаншалықты болғанын көрейік. Бұл мәселе бойынша тамыздың соңында Өскемен қаласы әкімінің есебін күтемін, – деді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.
Облыс әкімінің пікірі бойынша, білім сапасы бәрінен де жоғары қойылуы тиіс. Мұғалімдерге мүсіркеушілік бұл ретте қисынсыз.
Осы жылдың 1-қыркүйегінен бастап Өскемендегі №16 мектеп, Семейдегі №22 мектеп, Зайсан ауданындағы Х.Мұстафина атындағы мектеп және Көкпекті ауданындағы Ж.Болғанбаев атындағы мектеп өз жұмыстарын жаңа деңгейде бастайды. Жоғары нәтиже көрсеткен бұл оқу орындары лицей және гиназия дәрежелеріне ие болды.
Жиын барысында мүлікті және ақшаны заңдастыру мәселесі бойынша тұрғындармен және бизнес субъектілерімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспары қарастырылды. Аймақ басшысы бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.
Жиын соңында Даниал АХМЕТОВ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын өңірлік деңгейде орындаудың маңыздылығына тоқталды.
– Президент бағдарламасының әр бағытына жеке әкімдік мәжілісі арналатын болады, оларда менің орынбасарларым атқарылған жұмыс жөнінде толыққанды ақпарат береді. Бұл маусым айының соңына белгіленіп отыр, – деді аймақ басшысы.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button