Шемонаиханың шаруасы шалқып тұр
Мейрамтай ИМАНҒАЛИ
Өскемендегі өңірлік коммуникациялар орталығында Шемонайха ауданының әкімі Григорий Акуловтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Аудан әкімі журналистерге Шемонайха ауданының 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2023 жылға арналған міндеттер туралы әңгімелеп берді.
Григорий Акуловтың айтуынша, ауданның өткен жылғы экономикалық көрсеткіштері көңіл көншітеді. Алға жылжу бар. Өнеркәсіп орындары 116,7 млрд теңгенің өнімін өндірген. Тек тау-кен өндіру саласында Артемьев өнеркәсіп кешенінің өзі 77,5 млрд теңгенің өнімін өндіріпті. Биыл Артемьев өнеркәсіп кешені құрылысының екінші кезеңі аяқталмақ. Жоба құны 16 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ өсімдік майы, ет және сүт өнімдерін, ұн, нан және кондитерлік өнімдер, тоқыма бұйымдары, жиһаз, мал азығын өндірудің де көлемі ұлғайған.
60,3 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі шығарылған. Мал шаруашылығы өнімінің көлемі – 15,3 млрд теңге.
Бүгінгі таңда барлық санаттағы шаруашылықта 25 035 ірі қара мал, 13 392 қой мен ешкі, 11 325 шошқа, 3 286 жылқы мен 76 328 құс бар. 49,3 мың тонна сүт, 5 мың тонна ет, 9 477 мың дана жұмыртқа өндірілген.
Жалпы, сүт өндірісімен барлығы 12 тауарлы-сүт фермасы айналысады, бес сүт қабылдау пункті бар. Ет өндіру бағытындағы шаруашылықты дамыту үшін 77 ақ бас ірі қара мал сатылып алыныпты. Өсімдік шаруашылығының көлемі 44,9 млрд теңгені құраған. Аудан бойынша 226,8 мың га ауыл шаруашылығына жарамды жер бар. Ұлттық жобалар аясында биыл алты шаруашылық «Агробизнес» және «Кең дала» бағдарламалары бойынша 1 млрд 45 миллионның жеңілдетілген несиесін алыпты. 2022 жылы ауданның ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер құны 6 млрд болатын 212 дана ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарына қол жеткізген көрінеді.
Ауданда 2298 кәсіпкерлік нысаны бар. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұлттық жобаның аясында 2022 жылы жалпы құны 118,2 млн теңге болатын екі жоба қаржыландырылыпты. Ал жекелеген тауар айналымының көлемі 15,3 млрд теңгеге жеткен.
Аудан әкімі баспасөз мәслихатында өңірдің әлеуметтік саласындағы жетістіктерге де тоқталып өтті. Өткен жылы Шемонайха ауданының ауруханасы жаңа диагностикалық құрал-жабдықтармен, атап айтқанда, кеуде қуысы, сүт безі, қалқанша безі мен лимфалық түйіндерді анықтауға арналған ультрадыбысты аппаратпен, заманауи компьютерлік маммографпен, флюорографиялық аппаратпен, көпфункционалды рентгендиагностикалық кешенмен, заманауи стоматологиялық құрылғылармен, есту функциясының бұзылуын анықтайтын аппараттармен толыққан. Аудан бюджеті есебінен төрт медицина қызметкеріне пәтер сатып алыныпты.
Жалпы, ауданда 23 мемлекеттік және бір жекеменшік мектеп бар. Онда барлығы 5 190 оқушы оқиды. Екі қосымша білім беру мекемесі, 12 балабақша мен 12 шағын орталық бар. Аудан әкімі 3-6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі мекемемен толық қамтылғанын айтты. Ал 2-9 жас аралығындағылардың бақшамен қамтылу деңгейі – 96,2 пайыз. Қазіргі кезде балабақша кезегінде 325 бүлдіршін тұр.
Өткен жылы жұмыспен қамту органына 1200 адам өтініш қалдырған. Оның 926-сы жұмыспен қамтылыпты. 67 адам қысқа мерзімді кәсіби білім алыпты. 161 адам «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйренген, ал жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған грантқа 46 адам қол жеткізіпті.
Жалпы, аудан бойынша жұмыссыздық деңгейі – 4,6 пайыз.
Биыл 4,2 млрд теңгенің 60 жобасын іске асыру көзделіп отырған көрінеді. Оның ішінде Шемонайха қаласы бойынша 2,1 млрд теңгенің сегіз жобасы жүзеге аспақ. Аудандық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілмек. Теміржол ықшам ауданында 300 орындық мектеп құрылысы басталмақ. 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымы аяқталмақ. Осы аудандағы су құбырларын реконструкциялау, көшелерді жарықтандырып, жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, жүргінші жолдарын тәртіпке келтіру қарастырылған.
Сондай-ақ Первомайский кентінде 56,2 млн теңгенің сегіз жобасы, Усть-Таловкада 233,9 миллионның екі жобасы, Зевакино ауылдық округінде 479,1 миллион теңгенің жеті жобасы, Выдриха ауылдық округінде 445,6 миллион теңгенің жеті жобасы, Волчанка ауылдық округінде 62,5 миллионның бес жобасы, Октябрь ауылдық округінде 43 миллионның үш жобасы, Разин ауылдық округінде 78,4 миллионның бес жобасы, Верх-Уба ауылдық округінде 134,2 млн теңгенің үш жобасы, Каменовский ауылдық округінде 74 млн теңгенің алты жобасы, Вавилон ауылдық округінде 32 млн теңгенің екі жобасы іске асырылады деп күтілуде.
-
Шемонайханың экономикалық және рухани әлеуеті болашаққа сеніммен қадам басуымызға ықпал етеді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуы тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына әсер етеді, – дейді аудан әкімі.